Қазақстан – шапқан тұлпардың тұяғы мұқалып, ұшқан құстың қанаты қайырылатын ұлан-ғайыр атырап. Айбынды таулар, айдынды көлдер, көбікті өзендер, көрікті жазықтар, шүйгінді белдер мен қиырсыз шөлдер қатар үйлесім тапқан апайтөс дала. Кәрі құрлықтың қақ ортасындағы осы қара шаңырақ қазақтарға бұйырған. Шетсіз, шексіз аумақта салтанат құрған текті жұрттың көңілі де сондай кең ғой, шіркін! Мыңдаған жылдар мұғдарында түзілген тарихымыздың тарғыл беттерін парақтайтын болсақ халқымыздың маңдайына біткен марғасқа тұлғалар жетерлік. Бірі озық ой, озан қабілетімен ерекшеленсе, екіншілері мүбарак мінез, дархан көңілімен ел жадында сақталып қалған. Салқар дала мен шалқар көлдерді қойнына сыйдырған Алакөлде де мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын түгендеген жомарт жандар жетерлік. Солардың бірі пайым – парасаты бөлек, танымы оқшау жан, «ZHERSU» корпорациясының төрағасы, есімі күллі Қазақстанға мәшһүр – Бауыржан Оспанов. Осы азаматтың демеушілік етуімен жыл сайын Ойжайлау төрінде ат тұяғымен өрнектелген шара өтеді. Биыл да дәстүрінен жаңылмаған дүбірлі думан өңіріміздің даңқы мен парқын еселеп, мерей-мәртебесін өсіре түсті.
Ұлттық ойындармен ұлықталған той ғибратқа толы ғұмырында жүзге жуық жекпе-жек өткізіп, жеңіліп көрмеген Қабанбай батырдың 325 жылдығына арналды. Шараның шымылдығы республикамызға белгілі сөз сайысының сүлейлері, тілдеріне тікен тайған адуынды сегіз ақынның айтысымен ашылды. Қабанбай ауылының мәдениет үйінде жүлде емес жұрттың ықыласы үшін өткен шайырлар тартысын облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған азулы ақын Жұматай Әміреев ашып, жүргізді. Сөз бәйгесіне түскен сегіз сәйгүлік талғамы терең тыңдармандарға ұмытылмас думан сыйлай білді. Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Айтақын Бұлғақов, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан, Талғат Мықи сынды айтыскерлерді алкөлдіктер шапағатымен аялай, шапалағын аямай қолдап отырды.
Ұмытуға болмайтын ұлы тұлғаның құрметіне ұйымдастырылған шара келесі күні ұлттық ат спорты ойындары мен түйе балуандар белдесуіне ұласты. Ойжайлауда дүбірлеткен думанға көршілес жатқан облыстар мен аудандардан 200-ге жуық шабандоздар мен сәй-гүліктер жиналды. Торқалы тойға аталмыш сегіз ақындардан бөлек Мәскеу олимпадасының чемпионы, әйгілі балуанымыз Жақсылық Үшкемпіров, әлем аренасында азуын айға білеген небір былғары қолғап шеберлерінің мысын басқан, қазақ халқының мақтанышы Қанат Ислам, Бейжің олимпиадасының грек-рим күресінің күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев арнайы келді.
Шараның салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен өңір басшысы Әлібек Жақанбаев мырза айтулы мерекеге жиналған 2000-ға жуық қонақтарды Қабанбай батырдың 325 жылдығымен құттықтап, белдескелі келген балуандар мен шапқалы тұрған шабандоздарға сәттілік пен жеңіс тілесе, Алматы облысының Құрметті азаматы, еңбек ері Мұқтар Жолжанов шара-паты мол батасын берді.
Б.Римова атындағы драма театрының актерлары «Қабанбай батыр» спектаклінен көрініс көрсетіп, дүйім жұрттың ықыласына бөленді. З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылып, Ойжайлау төсі ән құшағына бөленді.
Уағдалы уақытында көптен күткен ұлттық ат спорты ойындары да басталды. Тай, құнан, топ, аламан бәйге, жорға, құнан жорға, көкпар сынды нағыз еркектер сыналатын сайыстар жиналғандардың көңілін көтере білді. Бітімінде сын жоқ, кілең асыл тұқымды тұлпарлар айналаны тұяқтарымен дүбірлетіп, топты көрсе тыпыршып тыныш отыра алмайтын ат сүйер қауымның делебесін қоздырып, ерекше қи-қуға бастырды.
Сөре сызығынан ұмтыла шыққан сәйгүліктер де, оларды тақымдаған шабандоздар да бар күштерін сарп етіп, әр айналымда жылдамдықтарын арттырып, мәреге жақындаған сайын өршелене түсті.
Доданың алғашқы дүбірі тай жарысқа үкілеп қосқан тұлпарлардың шабысынан басталды. Жан-жақтан жиналған 111 кіл жүйріктер өмілдірігін үзердей алқынып, ауыздықтарымен алысып, жүгенді босатсаң жүйітки жөнелгенге дайын тұр. Ат екеш аттар да бір-бірінің алдын орап, мәре сызығын алғашқы болып кесіп өткісі келетіндері байқалады. Ырс-ырс еткен жылқылардың дем алысы мен тұлпарларды тізгіндегендердің жүрек қағыстары қатар естілуде. Толқу, қобалжу, қорқу, үрей, үміт сынды сезімдер барлығының бойын билеп алған. Алакөлдің атынан бір сәйгүлік шықса өзіміз де тақымымызды қысып, алғы шептен көрінсе екен деп тілеп отырдық.
5 сағатқа созылған доданың қорытындысы бойынша тай жабойы озық келіп, иелеріне жеңіс сыйлады. Ал бүкіл халық тағатсыздана күткен аламан бәйгеге қатысқан 32 аттың ішінен Кеңесбек Оспанов ақсақалдың «Боран» атты сәйгүлігі алғашқы айналымда-ақ суырылып алға шығып, сол беталысынан танбай мәре сызығын бірінші болып кесті. Ерттеулі атты мығым тақымдап, бұла күшпен қатар ептілікті де қажет ететін көкпар ойнында Кербұлақ ауданының құрамасы бас жүлдені еншелесе, тұлпарларын тебісімен теңселтіп топқа кірген Бақалы ауылының құрамасы екінші орынға жайғасты. Қола жүлде жыланды-лықтарға бұйырды.
Тұлғасының өзі дұшпанын тұқыртатын, еңсегей бойлы, қапсағай денелі Қабанбай батырдың ұрпақтары боз кілем үстіндегі белдесуге де кірісіп кетті. Сайдың тасындай іріктелген сом білекті балуандар бас жүлдеге тігілген автокөліктен барлықтары да дәмелі екендіктерін көрсетті. Олар үшін әр секунд, әр қадам, әр қимыл маңызды болды. Себебі, жүлдеге көлік қана емес намыстары да қойылған. Алакөлдік балуандар жылдағыдай осы жолы да өзгелерден ай-лаларын асыра білді. 20-ға жуық үміткердің арасынан лепсілік Т.Каркатеров үшінші, алматылық А.Жұмахметов екінші орынды қанжығаларына байлады. Белдескеннің белін үзер, тірескеннің тізесін бүгер үшаралдық Ж.Сәкенұлының тегеурініне шыдас берер ешкім табылмай, жерлесіміз «Лада» автокөлігін иемденді. «Бөрік кигеннің намысы бір» демекші, барша алакөлдіктер жүлдені өздері ұтқандай қуанып, айқайлап, шулап, ысқырып, орындарынан тұрып қол соғып, балуанды құттықтады.
Жалпы жарысқа барлығы 4 көлік тігілген болатын. Біреуін қазақ күресінің жеңімпазы тізгіндесе, қалғандары жорға, топ және аламан бәйгесінің бірінші орын иегерлеріне табысталды. Өзге жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар тарту етілді.
Ат сүйер қауымның құрметіне 18 ақшаңқан киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылды. Қазан-қазан ет асылып, қымыз, шұбат сынды емдік сусындар судай төгілді. Ешкім де ескерусіз қалмай үлкені де, кішісі де асқа шақырылды. Осылайша, екі күнге созылған Қабанбай батырдың 325 жылдығын алакөлдіктер асып та, тасып та тойлады. Өңіріміздің мәрте-бесін еселеп, мерейін өсірер мұндай дүбірлі думандар көбейе берсін. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген ұлы дала елінің ұлағатты ұрпақтары жасасын! Тойымыз тойға ұлассын, ағайын!
А.ЕСЕНБЕКОВ.