Бейбіт Исабаев текеліліктерге шешуші инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы туралы айтып берді

Текелі қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету, апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің көп жылдан бері қордаланған мәселелері осы күзде түпкілікті шешімін табады. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Текеліге барған жұмыс сапарында қала тұрғындарына айтып берді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Құрметті текеліліктер, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, сіздерге үш жақсы жаңалықты жеткізгім келеді. Біріншіден, биыл қаланы газдандыру жобасын толық аяқтаймыз. Газ 1 қарашада беріледі. Көпқабатты үйлерді де, жеке секторды да қамтитын боламыз. Екіншісі — 15-20 жылдан бері шешілмеген апатты үйлер мәселесі. Текеліде соңғы 10 жылда апатты үйлердің саны 200-ге жуықтаған. Соңғы 2 жылда, яғни 2023-2024 жылдары біз бұл мәселені толығымен шештік. Соңғы 16 пәтерді сатып алуға қатысты процедуралар өтті, пәтерлер қазан айына дейін беріледі. Үшінші мәселе – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Өткен жылы 3 ұңғыма бұрғыланып, 16 шақырымнан астам су құбыры желісі тартылды. Биыл сүзгі станциясын жаңғыртуға 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Енді сағатына 600 текше метр су жеткізіледі, бұл тұрғындардың тәуліктік тұтыну қажетін өтеуге жеткілікті. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң су тазарады. Бұл нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Осылайша, қазан-қараша айларында қалаға газ келеді, ауыз су мәселесі және апатты тұрғын үйлердің мәселелері шешіледі, — деді Б.Исабаев.

Атап өтсек, Текелі қаласын газдандыру жобасының аясында ұзындығы 195 шақырымды құрайтын ішкі газ тарату желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда соның 147,5 шақырымы немесе 76 пайызы салынды. Қолданыстағы 190 көпқабатты тұрғын үйдің 175-і газ желісіне байланыстырылды.

Сумен қамту мәселесіне келсек, ауыз судың сапасын арттыру мақсатында 16,5 шақырым су құбыры желісі, 2 резервуар, 3 ұңғыма салынды, сол сияқты 392 ысырма ауыстырылады. Байқау қорытындысы шыққан соң келесі аптада «Қора» сүзгі станциясының ағымдағы жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде сүзгі станциясы арқылы сағатына 600 текше метр су өтіп, таза ауыз сумен қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар сумен жабдықтаудың магистралдық желілерін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту, «Металлург», «Достық», «Алатау» шағын аудандарында су құбыры желілерін жаңғырту мен салу жоспарлануда. Жобада 130 шақырымға жуық су құбыры желілерін реконструкциялау қарастырылған.

Еске салсақ, бұған дейін текеліліктерге ауыз су Шажа мен Қора өзендерінен, яғни ашық су көздерінен ескі сүзгі стансасынан өткізу арқылы беріліп келген. Сол себепті де тұрғындар әсіресе жаңбыр жиі жауып, қар еритін көктемгі-жазғы кезеңде судың лайланатынына жиі шағым айтатын.

Апатты тұрғын үй мәселесіне байланысты. Текелі қаласында жалпы 200 пәтерлі 20 көп қабатты апатты үй болған. 2022 жылдан бастап 184 пәтер сатып алынды, соның 27-сі биылғы жылдың басынан сатып алынды. Төле би көшесіндегі апатты жағдайдағы көп қабатты үйлерден тұрғындарды көшіру үшін тағы 16 пәтер сатып алуға конкурс жарияланды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәліметпен бөлісу: