Біз қаралау оңай, бағалау қиын заманда ғұмыр кешіп жатқанымыз да рас. Адамның жақсылығын көрсек те күйбең тірліктің салдарынан алғыс айтып, арда тілегімізді арнауды ұмытып та жатамыз.
Көбісі, қызметі сол ғой деуі мүмкін, алайда, мен ақ халатындай ары да, жаны да таза дәрігерлерге, соның ішінде Алакөл аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары, мамандығының майталманы болып отырған Бақытгүл Әлібекқызына рахмет айтқым келеді.
Бірер күн бұрын 4 айлық сәбиім ауыр халде аурухана төсегіне таңылды. Дильназ қызымның қос өкпесі қатар қабынып, екі жақты пневмания диагнозы қойылды. Бала дегенде ата-ананың жаны қалсын ба? Әлі кетіп, тұсы суыған перзентімді құшақтап, жанымды қоярға жер таппай дал болдық та қалдық. Бар үмітіміз шипалы қолымен шуақ сыйлар дәрігерлер еді. Ақ желеңді арда тұлғалардың қадірін осындайда түсінеді екенсің. Ауыр жағдайдағы қызыма тиісті емін беріп, күнігі 24 сағат бойы жүгірген Бақытгүл Әлібекқызының арқасында беті бері қарады. Жұмысты ұйымдастыра білу де – өнер. Барлық медицина қызметкерлеріне тиісті тапсырмаларын беріп, өз сәбиі ауырғандай көмек қолын созған дәрігер ханымға мың алғыс.
Адамды бір бірінен екшеп тұратыны – адал еңбек. Бұл ретте Бақытгүл Әлібекқызының біліктілігі, тәжірибесі мен өзгелерге деген жанашырлығының дәрежесі тым биік десем де болады. Халықтың алғысын алып, мамандығыңыздың майталманы бола беруіңізге тілектеспін.
Қайсар АЗАТБЕК,
Ақтүбек ауылының тұрғыны.