Білім мен біліктілік

Еліміз ілгері дамуы үшін әркез білімді шыңдап, жан-жақты ізденіс үстінде. Мемлекеттің берік болуы мен жаңа саяси көзқарастар қалыптасуы тікелей оқу-білімнің дұрыс игерілуіне байланысты. Біз саналы түрде өсіп-өңген сайын жаңашылдыққа ұмтыламыз.

Білім – қара жерге егілген тұқым тәріздес. Біз барлық зейінді оқу-білімге, ізденіске жұмсаған сайын жемісі де тәттірек болмақ. Ұлы ғұламаларымыздың өзі білімге бөлінген уақытты ең тиімді және еш зая кетпеген сәт деп білген. Қай заманда болмасын оқыған адам бір саты жоғары, бір қадам ілгері жүрген. Адам баласының санасына құйылған білімі өмір бойы сусындататыны анық.

Қазіргі қоғамда сапалы білім — қарқынды дамудың басты шарты. Біз заман ағымымен бірге бір арнаға толысып, жаңа талаптар мен үрдістерге сай бейімделуіміз керек. Сондай-ақ әр ұлт жанашыры ең алдымен өзі үшін бір орында тежелмей, ілгері жылжуы шарт. Ал білімді тереңдетуде, озық ойлы ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздар қауымының септігі мол.

Барлық саланың дамуына көп күш-жігер салатын ол әрине педагог мамандарымыз. Ең жауапты әрі күрделі міндетті арқалап, ел тәрбиесін өзінен биік қоятын, ілім мен ізгіліктің жаршысы бола білген мұғалімдердің ұлт дамуына қосар үлесі зор. Қоғам өзгеріске ұшыраған сайын ұстаздарға қойылатын талап та күшейе түсуде.

Осы тұста жуырда ауданымызға іс-сапармен  ҚР Оқу-ағарту министрі  Ғани Бейсембаев келіп, С.Иманасов орта мектебінде барлық педагогтер ұжымының басын қосты. Шараға өңір басшысы А.Абдинов, аудандық білім бөлімінің басшысы Ә.Ибрагимов, ауданымыздағы 44 мектептің директорлары мен оқу-ісі жөніндегі мамандар қатысты.

Алғы сөз еліміздің бас педагогі Ғ.Бейсембаевке беріліп, білім беру жүйесіндегі өзгерістерге ерекше тоқталып өтті. Министр педагогтермен еркін сұхбат жүргізіп, ұстаздар қауымының ұсыныстары мен сұраныстарына құлақ түрді. Қазіргі таңда білім сапасын арттыру, аттестация жүйесін және педагогтерді ынталандыру тәсілдерін жетілдіру ең өзекті меселенің бірі. Осы тұста педагогтерді аттестаттау кезінде «Оқыту әдістемесі» бойынша шекті балды жинай алмай, тестте келген сұрақтардың мазмұнына наразылық білдіргендерде болды. Алдағы уақытта «Оқыту әдістемесінің» спецификациясын қайта қарастыруды қолға алса деген ұсыныстар түсті. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрі сұранысқа тіл қатып, тұщымды жауап қайтарды.  Сонымен қатар ауыл мектептерін дамыту бойынша жасалып жатқан іс-шаралардың қарқыны мен білім беру ұйымдарының жұмыс сапасымен танысты.

Әрмен қарай «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, Ақжар орта мектебі мен Үшарал қаласындағы №1 орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалап қайтты. Сондай-ақ ауданымызда 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биылғы жылдың екінші жартыжылдығында Достық ауылында (600 орындық), 2024 жылы Үшарал қаласында (600 орындық) мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда. Және де Ақши ауылындағы «Жалын» лагеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, ағымдағы жылы қолданысқа берілмек.

Баланың ес білгенінен бастап санасына білімге деген көзқарасын қалыптастырып, құштарлығын оятуда педагогтеріміз бір деңгейде қалып қалмауы керек. «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы»,- дейді А.Байтұрсынов. Ұстаз да оқушымен қатар әрдайым ізденісте болғаны абзал. Себебі қазіргі басты міндетіміз – даму.

Кездесу соңында өңір басшысы А.Абдинов ҚР Оқу-ағарту министрі  Ғ.Бектайұлының жұмыс сапары білім саласына оң өзгерістер мен жаңа серпін беретініне және маңызды мәселелердің шешімін табуға септігі тиетініне сенім білдірді.

Ж.КУМПЕИСОВА.

Мәліметпен бөлісу: