Бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында президент бұл жолы да бизнес тақырыбын айналып өтпеді. Себебі экономиканың дамуы тікелей кәсіпкерлікке байланысты екені де рас.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,  ел экономикасындағы орта бизнес үлесінің артуы Үкімет алдында тұрған маңызды міндет.

«2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес», – дейді мемлекет басшысы.

Бүгінде мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар жетерлік. Оның ақпараттандыру мәселесі қолға алу керек. Себебі игілікті пайдалана алмай жатқандар да жетерлік. Президенттің айтуынша, ақпараттандыру дұрыс болған жағдайда, кәсіпкерлер шағын бизнестен орта бизнеске өтуге мүдделі болады.

«Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», – деді мемлекет басшысы. Бұл дегеніміз мемлекет тарапынан берілген қолдау тиімді әрі түсінікті болғаны абзал. Әйтпегенде кәсіпкерлердің өзі шатасып, қайсы біріне қатысарын білмеу қалуы ғажап емес.

Біздің ауданымызда аграрлық кәсіп те ерекше орын алатынын ескерсек, президент Жолдауындағы агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту туралы сөзіне де тоқтала кеткеніміз жөн. Өз сөзінде Қ.Тоқаев:

«Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін.

Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады», – деді.

Ендігі мемлекет тарапынан ғана емес, агроөнеркәсіпке коммерциялық банктердің де қаражатын тартқанымыз жөн. Диқандарға жеңілдетілген, өсімі аз несие қарастыру – еліміздің агроөнеркәсібінің және диқандардың да жағдайын жақсартуына қолайлы жағдай болар еді.

Ардақ ТОҚТАБАЕВ,

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Алакөл аудандық филиалының басшысы.

Мәліметпен бөлісу: