Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында британдық жазушы және саяхатшы Ник Филдингтің кітабының қазақ және орыс тілдеріне аудармасы таныстырылды. Автор өз жұмысын Қазақстан астанасына арнайы келіп, жұртшылыққа ұсынды.
Ник Филдингтің «Ұлы дала саяхатшылары: папа елшілерінен бастап, Ресей революциясына дейін» атты кітабында Батыс саяхатшыларының қазақ жерлерін зерттеу тарихы туралы баяндалған. Бұл кітапты ерекше жоба деп санауға болады, өйткені ұлы даланы шетелдік саяхатшылар жан-жақты зерттеген алғашқы қадамдардың бірі болып келеді.
Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан қазіргі Қазақстанның аумағы әрдайым зерттеушілердің, көпестер мен саяхатшылардың назарын аударғаны құпия емес, өйткені көшпенділердің далалары мен шөлдері арқылы аты аңызға айналған Жібек жолы өткен. Олардың ішінде, мысалға алатын болсақ, Жібек жолын солтүстікке бағыттауға тырысқан алғашқы Британдық саудагерлер Энтони Дженкинсон мен Джонас Хэнуэй және дала хандарына христиан дініне бұру ұмтылдырған папалық эмиссарлар болды.
Н.Филдинг өз кітабында олардың қызықты оқиғаларын баяндап, Адель Оммер де Гелл, Люси Аткинсон және Мари де Уйфальви-Бурдон сияқты қазақ жерлерін зерттеген көрнекті саяхатшы әйелдер туралы баяндаған.
Тұсаукесер барысында кітап авторы көрермендерге Ұлы Дала еліне саяхат жасау кезінде зерттеушілердің ең қызықты әңгімелері, жарқын фотосуреттері мен суреттерін ұсынды.
Кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрді және 2020 жылы Лондондағы Корольдік географиялық қоғамда таныстырылды. Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің бастамасымен және қолдауымен қазақ және орыс тілдеріндегі жаңа басылымдарды 2021 жылы аударып, жариялады.
Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі, Исландиядағы, Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов, Қазақстанда Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай таныстырылғанын атап өтіп,туындыны қазақ және орыс тіліне аударғаны үшін Алматы облысы әкімдігінің басшылығына алғысын білдірді.
Тұсаукесерге ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, «QazaqGeography» басқарма төрағасы Орман Нұрбаев, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич, шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері, қазақстандық тарихшы-ғалымдар, этнографтар, өлкетанушылар, экспаттар қатысты.
ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігі, сондай-ақ, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерделеу және Қазақстан халқының рухани құндылықтарының бірлігін сақтауға және жандандыруға бағытталған басқа да маңызды жобаларды іске асыру қызметі бағыттарының бірі болып табылатын «QazaqGeography» РҚБ Нұр-Сұлтандағы кітаптың қазақ және орыс тілді нұсқаларының тұсаукесеріне бастамашы болды.