Данияр қоңырбаев — үздік ауыл әкімі!

Баршамызға белгілі үстіміздегі жылы Республикалық мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік ауыл әкімі» байқауы жарияланған болатын. Осы байқауға біздің ауданнан Боралдай кентінің әкімі Данияр Төлеуханұлы Қоңырбаев қатысқан еді. Ауылдық елдімекендердегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті бастамаларды, атап айтқанда, қоғамдық өзін-өзі басқару ұйымдарын ынталандыру, ауылды дамытуға үлкен үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу мақсатында өткен облыстық байқауда Данияр Қоңырбаев жеңімпаз атанып, одан республикалық конкурста суырылып алға шығып, Қазақстан бойынша жүлделі І орынды иеленіп, «Үздік ауыл әкімі» атанды. Данияр Төлеуханұлының жеңісі бүкіл облыстың, ауданның жеңісі, ауданымыздың абыройы! Жеңіс құтты болсын, Данияр Төлеуханұлы!

 Бар-жоғы бір жарым жылдың ішінде 33 мыңнан астам халқы бар, көптеген этнос өкілдерінен тұратын аудандағы ең ірі округ болып саналатын Боралдай кенті тұрғындарының абыройы мен беделіне ие болып, көптің сенімінен шыға алған Данияр Төлеуханұлы жайындағы бір үзік сыр сіздерге арналады, қымбатты оқырман!

Лауазымды қызмет атқарып жүрген адамның жақсы атын халық шығарады. Өйткені, кез-келген шенеуніктің ең бірінші сыншысы – халық. «Халық айтса, қалт айтпайды», — деген сөз, сірә, содан қалған! Әсіресе, кенттік округ әкімі қызметінде жүрген азаматтың әрбір ісі мен айтқан сөзін қырағы көздерімен қалт жібермей бақылап отыратын да, көңіліне ұнаса жақсы сөзін айтып, абыройын арттыратын да қарапайым халық. Атқарған ісі жанына жақпаса оны жер қылатын да сол халық. Өндірістік аймақ саналатын осы округті аз ғана уақыт басқарса да, сабырлы да байыпты мінезімен, ауқымды істерімен, ұйымдастырушылық қабілетімен өзін көрсетіп, тұрғындардың жүрегіне жол таба білген Данияр Төлеуханұлы Қоңырбаев – шын мәнінде ақырын жүріп, анық басатын іскер азамат.

Қамал алатын қырық жастың бел ортасына жақындап қалған Данияр бауырымыз бір қарағанда көп сөйлемейтін, біртоға жан сияқты. Алайда, әңгімеге тартып, суыртпақтап сыр сұрасаң, оның бойындағы қайнап жатқан күш-жігерді, халыққа қалтқысыз қызмет етуге деген құлшынысты, елдің жағдайын жақсартуға, кенттегі көкейкесті мәселелерді шешуге ниеттенген ұмтылысты анық байқайсың. Қарапайымдылығына байыптылығы, мәдениеттілігіне ізеттілігі жарасып-ақ тұр. Ата-анасынан алған тәрбиесі болар, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлайтындығын бағамдадық. «Мен әкіммін» — деп кеудесін кермей, кіммен болса да емен-жарқын ашық әңгімелесетіндігі көңіліңе сенімділік ұялатады.

Ата-анасы демекші, ол қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Төлеухан бұрынғы Семей облысы, Үржар ауданына қарасты, Жаңатілек ауылындағы «Красный дозор» совхозындағы су құбыры мекемесінде жұмыс істеп, шаруашылық тараған соң жеке малын бағып, балаларын жеткізген екен. Анасы Тілеуғаным Нұрқанқызы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Екеуі де ауылдың қадірлі де, абыройлы жандары болыпты. Бүгінде зейнетке шығып, бала-шағасының, әсіресе Данияр мен келіндері Әлиядан өрбіген екі алтындай немерелері Алдияр мен Аяулымның қуанышын қызықтап жүріп жатыр. Шүкіршілік, Алдияр бүгінде сәулет институтын бітіріп, мамандығы бойынша қызмет атқаратын болса, аяулым – студент болды.

Әкесі күндіз-түні кеңшардың жұмысында болғандықтан қыздары Жанар мен ұлдары Даниярдың тәрбиесі Тілеуғаным Нұрқанқызының мойнында болды. Ұлағатты ұстаз Тілеуғаным Нұрқанқызы балаларын жастайынан еңбекқорлыққа, адалдыққа, ізеттілікке тәрбиелеп, олардың бойына ұлттық құндылықтарды, қазақтың салт-дәстүрін сіңіре білді. Жауапкершіліктің не екендігін, жақсы мен жаманның айырмасы қандай болатындығын ұқтырып, балаларын өздігінен тіршілік жасай білуге дағдыландырды. Сондықтан болар, Данияр мектепті де, жоғарғы оқу орнын да үздік бағамен аяқтап, Алматыдағы технологиялық институтты бітіре салысымен бірден жұмысқа тұрды. Еңбек жолын оңтүстік астанадағы «Рахатинвест» компаниясында экономист болып бастап, осы мамандықтың қыр-сырын тереңінен меңгерді. Әр атқарған жұмысына ыждағаттылықпен қарап, содан нәтиже шығаруды әдетке айналдырды. Төрт жылдай тәжірибе жинақтап, 2002 жылдан бастап мемлекеттік қызметке араласып, өзінің қабілет-қарымын одан әрі шыңдады. Мемлекеттік қызмет адамнан ең алдымен адалдық пен әділдікті, әдептілікті, үлкен жауапкершілікті талап ететін болса, Данияр бұл үдеден шыға білді. Іле ауданындағы бұрынғы Первомай кенті округі әкімінің орынбасары бола жүріп, халықпен қалай жұмыс істеудің, олардың мұң-мұқтажын шешудің жолдарын зердесінен өткізіп, ойына түйе білді. Округ әкімі аппаратына жүктелер міндетті де, жауапкершілікті де тереңінен ұғынуға тырысты. Мұнда бес жылдай қызмет атқарып, кенттік округінен алған тәжірибесін Энергетический кенттік округі әкімінің орынбасары, аудандық Мәслихатының аппарат жетекшісі болған кезде тиімділікпен қолданды. Ісіне мығым, айтқан сөзінде тұратын, ұстанымы берік Данияр Төлеуханұлы бұдан соң бес жыл Чапай ауылдық округінің әкімі қызметін адал атқарды. Аудандық спорт бөлімін, аудандық кәсіпкерлер палатасын, аудан әкімі аппаратының кәсіпкерлік бөлімін басқарды. Бұл жылдары оның біліктілігі артып, өмірлік тәжірибесі молайып, ұйымдастырушылық шеберлігі шыңдалды. Ал, 2019 жылдың сәуір айында Боралдай кенттік округінің әкімі болып сайланды.

Боралдай өндірістік аймақ болған соң мұнда шешімі күрмеулі мәселелер аз емес еді. Кент болса да көпқабатты тұрғын үйлердің көптігі, бес мыңнан астам жеке баспаналардың болуы, 50-ден артық ірі өндіріс орындарының осы аумаққа шоғырлануы коммуналдық жүйеге ауыртпалық түсіріп, қыс кезінде жылу қазандықтарының істен шығуына әкеліп соғатындығы тұрғындардың наразылығын тудыратын. Бұған жарық, су, көше мәселесін қосыңыз. Көпбалалы аналардың, жалғызбасты қарттардың, тұрмысы төмен отбасыларының әлеуметтік жағдайы өз алдына жеке мәселе. Жасынан алдына қойған мақсаттарына жету үшін барлық мүмкіндігін жұмылдыратын Данияр Төлеуханұлы бұл қиындықтардан қашпады. Жергілікті округ әкімдеріне берілетін төртінші бюджеттің мүмкіндігін барынша пайдалана отырып, кәсіпкерлермен іскерлік байланыс орнатты. Бір жақсысы, Боралдайда өндіріс орындары көптеп саналады әрі шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған. Қысқа мерзім ішінде үнемделген қаражат есебінен 15,2 миллион теңгеге су, жылу, құбырлары, электр, кәріз жүйелері жөнделіп, қолдануға жарамсыз дегендері ауыстырылды. Біраз көшенің жолы жөнге келтірілді. Сәуір айында әкімдік қызметіне кіріскен жігерлі басшы 7-8 айдың ішінде біраз жұмыстың басын қайырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни халықпен кері байланыс орнату және мәселелерді уақытылы шешу мақсатында ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік», «Ашық диалог» форматтарында тоқсан сайынғы кездесулер өткізу тәжірибесін жүзеге асырды. Кент тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдік ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Тұрғындармен жария түрде ашық қарым-қатынас орнатып, өзекті мәселелерді ардагерлер алқасымен, қауымдастық кеңес мүшелерімен ақылдаса шешуді әдетке айналдырды. «Тек өзім ғана білемін» — демей, көпшіліктің пікірімен санасудың маңызды екендігіне көз жеткізді. Осылайша уақтылы шешім қабылдау нәтижесінде халықтың әлеуметтік мәселелері біртіндеп шешіле бастады. Тұрғындардың наразылығы да азайды. Данияр Төлеуханұлының аз ғана уақытта өз жұмысында игі нәтижелерге қол жеткізіп, боралдайлықтардың сеніміне ие болғандығын жергілікті округтер және аудан әкімінің 2020 жылғы қаңтар айындағы халық алдында есеп беру жиналысында анық байқадық. Бұрнағы жылдары Боралдайда өткен есепті жиналыстарда тұрғындар бірінен соң бірі мінберге шығып, өздерінің арыз-шағымдарын айтып, кент басшысына деген өкпе-наздарын, реніштерін білдіріп жататын. Ал, үстіміздегі жылғы есепті жиналыста жағдай мүлде басқаша болды. Жалғызбасты ана әрі екінші топтағы мүгедек Азжанова Жанна елдің көзінше кент әкіміне өзін тіркеуге тұрғызып, атаулы әлеуметтік көмек алуына жағдай жасағанына рахмет айтса, 7 бала асырап отырған Есіркеп Сетбек те жұмыс тауып бергені үшін Қоңырбаевқа алғысын жаудырды. Ал, жыл сайын билікке сын айтып, ешкімге сөз бермейтін адуынды кәсіпкер Гүлсара Сәулебекованың Данияр Төлеуханұлын бірден мақтай жөнелгенінің өзі әкім жұмысына халықтың риза екендігін аңғартқандай.

Данияр Төлеуханұлымен кездесіп, оның аз ғана уақыттың ішінде боралдайлықтардың сеніміне ие болып, олардың мемлекеттік қызметшіге деген көзқарастарының өзгере бастауының себебін сұраған едік…

– Елімізде қаншама игі істер атқарылып жатса да, биліктің жұмысына халықтың көңілі толмайды, — деді ол өз сөзінде. – Пендешілікке басып, «болған үстіне бола берсе» — деп ойлайды. Осылайша, мемлекеттік қызметкерлердің еңбегіне әділ баға бермейді. Менің мақсатым – өз тәжірибеммен бөлісе отырып, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын, қандай да болсын күрделі мәселелердің де оң шешімін табуға болатындығын өз ісіммен көрсету. Қабылдау кезінде алдыма кім келсе де, оның сөзін мұқият тыңдап аламын да, «мәселеңіз шешіледі, не болмаса шешілмейді», — деп бар шындықты айтамын. Әдетте өзім көпіріп сөйлеп, құрғақ уәде беруді ұнатпаймын. Әкімге халық көбіне жер, үй мәселесімен келеді. Ондай адамға Боралдайда адамдарға қосалқы шаруашылықты жүргізу үшін жер телімінің мүлде жоқ екендігін, баспана алудағы қиындықтарды жасырмай айтып, оны шешудің басқа жолдарын түсіндіремін. Мәселен, көбіне зейнет жасындағы адамдар балалары үшін жер, үй сұрап келеді. Мен қарттардың сөзін мұқтят аяғына дейін тыңдап аламын да, балаларының қандай жұмыспен айналысатындығын сұрап, олардың неге өз беттерінше әрекет жасау керектігін айтып, мемлекет тарапынан жастарға берілетін мүмкіндіктер жайлы түсіндіремін. Адамдардың баспаналы болуы үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалардың тізбесін беремін. Кейбір адамдар өзінің жағдайын жақсарту үшін неше түрлі айла-әрекетке барады. Мәселен, бір отбасының анасы жағдайының мүлде нашар екендігінен күн көре алмай жүргендігін айтып, өзіне демеуші тауып беруді өтінді. Мен ол кісіге бірден «жарайды» деп жауап бермей, жағдайын тексеруді жөн көрдім. Заң бойынша «Черемушка» шағын ауданында тіркеуде тұрады екен. Алайда, көршілерінің айтуы бойынша «Жайнақ» шағын ауданынан зәулім үй салып жатқан көрінеді. Комиссияны сол жаққа жібердім. Шынында да өздері салып жатқан үйінің ішінде жүр екен. Жағдайы жоқ адам екі қабатты үй сала ма? Тексерістен кейін өтірік айтқаны үшін менен кешірім сұрады. Осындай жағдайлар жиі кездесетін болғандықтан арыз-арманын айтып алдыңа келген адамдардың ішкі ойын түсініп, мінез-құлқын зерттей білгеннің де артықтығы жоқ.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін барын-ша пайдаланамын. Боралдайда «Боралдай ньюст», «Боралдай лайф», «Боралдай в курсе» атты үш инстаграмм парақшасы бар. Халық осы парақшаларда ойларын, пікірлерін, көзқарас-тарын ашық айтады. Мен болсам, осы әлеуметтік желі арқылы әкімдік аппаратында күнделікті атқарылып жатқан жұмыстарды рет-ретімен баян-дап, тұрғындарды барлық жаңалықтардан хабардар етемін. Кейбереулер мақтап жатса, екіншілері даттап, реніштерін білдіріп жатады. Сынайтындары да бар. Елдің бәріне жаға бермейсің ғой. Жалпы, мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желілерді шулатып көпшіліктің наразылығын туғызатын мәселелер әр округта бар. Ол – бәрімізге ортақ сұрақтар. Бірақ әр әкімнің біліктілігі, тәжірибесі, іскерлігі мен көзқарасы бірдей болмағандықтан, шешілу жолдары да бөлек-бөлек болады.

Иә, кенттік округ әкімінің жұмысы елдің бәріне жаға бермейді. Қанша жұмыс атқарып жатсаң да, тырнақ астынан кір іздейтіндер, жөнсіз сынап-мінейтіндер де кездеседі. Әкім, оның аппаратының жұмысына көңілі толмайтындар немесе өздерінің жеке мәселелері жедел түрде шешіле қоймаса әр түрлі телеканалдарды шақыртып, жұртты дүрліктіретіндер де бар. Мұндайда Данияр Төлеуханұлы бойына біткен сабырлы мінезімен кез-келген сынды шыдамдылықпен қабылдайды. Орынды сын болса, кемшілікті түзетудің жолдарын қарастырады, орынсыз болса, оған заң түрінде жауап береді. Телеканалдар келген кезде де бәз біреулер секілді қойылған сұрақққа жауап беруден бас тартып, қаша жөнелмейді. Қайта журналистермен сұхбаттасып, мәселенің мән-жайын тексереді, өз көзқарасын айтады.

Ақпараттық технология кеңінен қанат жайып, әлеуметтік желілердің желдей есіп тұрғанда замана көшінен, уақыт үрдісінен қалмау керек екендігін тәжірибелі әкім Данияр Төлеуханұлы жақсы түсінеді. Жаңашыл болуға тырысып, қарамағындағы қызметкерлерінен де жоғары жауапкершілікті, ашықтықты, әділдікті әрі батылдықты талап етеді. Сондықтан болар, «Ең үздік ауыл әкімі» байқауы жарияланғанда өзінің бағын сынап көрмекке бекініп, республикалық конкурсқа қатысуға ниет білдірді. Мұның өзі оның ештеңеден тайсалмайтын батылдығын көрсетсе керек. Байқаудың ережесімен танысып, өзінің көкейінде жүрген арнайы жобасын әзірлеп, оған тыңғылықты дайындалды. Оның тындырымды еңбегі босқа кеткен жоқ. Облыстық байқауда жеңімпаз деп танылып, республикада да оқ бойы озып шығып, «Ең үздік ауыл әкімі» атағын жеңіп алды. «Еңбегің кетпес далаға», — деп Абай атамыз айтқанындай, оның мемлекеттік қызметтегі 18 жылғы тәжірибесі өз жемісін берді. Ауыл әкімдерінің арасында бірінші болып көш бастап тұрса, адал еңбек ететін азаматқа бұдан артық бақыт бар ма? Азаматты ісіне қарап таны деген осы шығар, сірә!

Р. АЙДАРБЕКОВА

Мәліметпен бөлісу: