Еңбектен тапқан бақытын

Қай заманда болмасын адамның құрмет-атағы, даңқ-дақпырты мен абырой-беделі ең алдымен елге сіңірген еңбегімен өлшенетіні рас.  Қай салада болмасын біліктілік пен білімін көрсетіп, барынша адал әрі әділ қызмет ету де оңай шаруа емес. Себебі, күніне қырық құбылатын заманда кей уақытта шалыс басып, қателік-кемшіліктерге де бой алдырып жатамз. Алайда, замананың ауыртпалығы мен қызметтік жолың қиындығына қарамастан кісілік келбетіне кір жұқтырып көрмеген, өзгенін ала жібін аттамаған азаматтар да баршылық. Солардың бірі, ұстаздық жолдан ұлылық алып тұғыр көтеріп, артынша мемлекеттік қызмет саласында туын құлатып көрмеген, бүгінде жетпіс жастың биігін бағындырып отырған Рысбекова Баян Қайыпбергенқызын ерекше атап өтуге болады.

Айдыны тулаған, ақ шағаласы шулаған айбынды Алакөл өңірінің орталығы Үшарал қаласында 1953 жылы дүние есігін ашқан кейіпкеріміз, қазіргі Үшарал №1 орта мектебін тәмамдап, армандар мекені Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік педогогикалық институтына түсіп, орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығын алып шыққан.

Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастағандықтан өз ісіне жауапты, ұқыпты әрі жаңашылдыққа құмар болған Баян әпкенің мемлекеттік қызметтегі сапары да сәтімен жалғасты. Әр жылдары мектеп жастары мен пионерлер мәселелері бойынша жетекшілік ететін Қазақстанның ЛКЖО Алакөл аудандық комитетінің хатшысы, артыншы осы мекеменің бірінші хатшысы, Алакөл аудандық партия комитетінің идеологиялық  мәселелері жөніндегі хатшысы, Талдықорған облыстық әкімдігінде консультант, аға референт, Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Талдқорған білім басқармасының басшысы, Алматы облыстық байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы, «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, Алакөл аудандық кеңесінің халық депутатыболған. Бұдан бөлек лауазымды орындарда талай белсенді қызмет атқарып, билік өкілдерінің де, бұқараның да жылы лебізіне, ізгілікті ілтипатына молынан ие болды. Қазіргі таңа Талдықорған қаласының қоғамдық кеңесінің хатшысы қызметінде еңбек етуде.

Кейіпкерміздің еңбек жолында алған марапат-шарапаттарында да есеп жоқ. Кеудесі толған медаль, керегесі толған диплом, Алғыс хаттар бқның барлығы адал еңбектің, маңдай тердің арқасында ғана келген сый-құрмет деп білеміз.

Біз өз кезегімізде ауданнның, облыстың Құрметті азаматы болып отырған Баян Қайыпбергенқызын осынау мерейлі 70 жасымен шын жүректен құттықтап, бүгінгі бедел биігінен бір адым да төмендемей, мәртебелі орнында мәңгілікке тұрақтап қалсын дегіміз келеді.

Алакөл аудандық әкімдігі.

Мәліметпен бөлісу: