Егемен елдің ертеңі жарқын

Жетпіс жыл өзгенің айдауына жүріп, айтқанына көнген еліміз сексен алтыда дүр сілкініп, дербес мемлекет атануға алғашқы қадамын басты. Сол сәтте төңірегіне төрткүл дүниенің назарын түсірген Қазақстан тоқсан бірдегі төңкерістен кейін тәуелсіздік тұғырын нықтап бекітіп, талай елдің талмай, танбай көзтігер темірқазығына айналды. Қалтасына қолын салса уыс қоқым табылмайтын жағдайдан Еуразия құрлығындағы  жедел дамушы елдердің көш басына түсті. Кеңес құрсауына бірге шыққан мемлекеттерге қарағанда едәуір алда келеді. Міне сол шешуші сәттен бері егемен еліміздің еңсесі тіктеліп, арқа-жарқа күй кешкенімізге ширек ғасырдан астам уақыт өтті, азаттықтың ақ туының желбірегеніне 30 жыл толады.

«Өткенін еркін білмеген болашаққа болдырып барады»,- деген тәмсілдің тамырын қуаласақ, тәлімді ой жатқанын аңғарамыз. Себебі туған еліміздің тарихын танымау бабаларымыз салған сара жолдың бағытынан жаңылумен тең. Ел ертеңі үшін етігімен қан кешіп, еңіреп өткен ерлер мен аналардың көз жасы құмға сіңбесін десек, кешегімізді келешегімізбен сабақтастырып, өткенімізді өнеге тұтқаынымыз абзал.

Керей мен Жәнібек бастаған қазақ руханияты ұлт болып ұйысқалы бері небір зобалаңдарды бастан өткерді. Кейбір елдердің түсіне де кірмейтін алмағайып кезеңдерде, жйылуға шақ қалған мезеттерде барлық қиындыққа төтеп бере білді. Алайда тірліктері бөлек болғанымен тілектері ортақ елдің арманы да  бір арнада тоғыса білді. Ол – әлем мойындаған жеке мемлекет ретінде қалыптасу.

Міне, сол арманның орындалғанына, жүрегімізде күй күмбірлеп, көңілімізді қуаныш кернегеніне 30 жыл толады. Бабалар аманатына жан бітіп, балалары егемен елдің ұрпақтары атанды. Тарих қойнауында қалған мыңжылдақтан мәңгілікке қадам бастық. Мұқым қазақстандықтар үшін тәуелсіздік бесігінде тербелген 30 жылдың әр секунды да қымбат, қадірлі.

Алайда бұл белестердің биігін бағындыру бізге оңай соқпады. Тоқсаныншы тоқырау жылдарындағы толқулар, жаппай жұмыссыздық, жалақының уақытылы берілмеуі, азық-түлік тапшылығы, күн көріске қажетті дүниелердің жетіспеушілігі, ақшаның құнсыздануы, дағдарыстың белең алуы барлығымыздың бақайымыздан қаққаны тағы бар. Тәуелсіздікті алуымыздан оны қолымызда берік ұстап тұру қиынырақ тиді. Бірақ қазақ елі тастүйін ымырашылдығының арқасында сол заматтың солқылдақ өткелдеріне шыдас беріп, бүгінгі дәрежесіне жетті. Жұдырықтай жұмылған жұртқа алынбас қамал жоқтығын бек түсіндік. Дербес Қазақстан өзінің тәуелсіз тарихында талай жетістіктерге жетіп, мүмкін емес дейтіндей биік шыңдардан көріне білді. Ел ордасын ауыстырып, Сарыарқаның төріне сән-салтанаты, сәулеті келіскен алып мегаполис салуы, жойқын қуатқа ие атом бомбасынан бас тартуы, экономикалық нарықты бағындыруы, қуатты зауыт-фабрикалардың бой көтеруіне түрткі болуы, өндіруші саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруы, әскерін нығайтып, шекара сызығын бекітуі, төл теңгесін, рәміздерін, Конституциясын бекітуі, түрлі әлемдік ұйымдарға басшылық етуі оның биік потенциалын дәлелдеп отыр.

 «Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп»,- демей ме?! Ұлы дала елінің тірегі мықты тегеурінді 30 мемлекеттің қатарына қосылу бүгін арман, ертең айқын дүние болсын. Бірлігіміз бұзылмасын, тыныштығымызға көлеңке түспесін. Тарих үшін қасқағы сәт саналатын небәрі 30 жылдың ішінде ғасырлық дүниелерге дем бітірген еліміздің болашаққа деген беталысы күннен-күнге арта түссін. Елмен бірге жасайық, елмен бірге аспандайық!

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: