Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда атом энергетикасын дамыту перспективалары қаралды.
- Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндамасында ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына сұраныстың артуымен қатар жүретінін атап өтті. Өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және басқа да секторларда жаңа жобаларды іске асыру үшін қазірдің өзінде электр энергиясының едәуір көлемі қажет.
«Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Алайда олардың дамуы елдегі энергия қуатының жетіспеушілігімен шектелуде. Егер жаңа тұрақты энергия көздерін – жаңартылатын, реттеуші және базалық қуаттарды салу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін», — деп мәлімдеді Алмасадам Сәтқалиев.
Бүгінгі таңда электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі өндірістің 66%-ын қамтамасыз ететін көмір стансаларына тиесілі. ЖЭК секторы өсімді көрсетуде: нысандар саны 148-ге жетті, өндіріс үлесі шамамен 6%.
Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ дейін өседі. Бұл ретте бірқатар объективті себептер бойынша қолданыстағы энергия көздерін өндіру 135 млрд кВт/сағ-қа дейін төмендейді. Таяудағы 10 жылда Қазақстанға жиынтық қуаты 26,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды енгізу қажет.
• Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту және кеңейту бойынша 22 инвестициялық келісім жасалды. Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарында, Алматыда жалпы қуаты 3500 МВт-тан асатын маневрлі газ электр стансаларын салу бойынша жобалар портфелі іске асырылуда. Жаңа ЖЭО салу бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар экономика мен халықтың өсуін ескере отырып, электр энергиясының болашақ тапшылығын қанағаттандыру үшін қолға алынатын шаралар әлі де жеткіліксіз. Министрдің айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, атом электр стансасын салу – шығатын қуаттарды ауыстыру және Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім саналады.