Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септігін тигізетін мемлекеттік маңызы бар құжат болып табылады. Соның ішінде төртінші жоба – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Идеяның түпкі төркіні еліміздің түрлі жәдігерлер кешендерін, ежелгі ескерткіштерін, көне қорымдар мен киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Киелі жерлер қатарында айдынды ауданымыздың да мекендері зерттелу үстінде. Соның бірі – Есім төре кесенесі.
Есім төре 1852 жылы қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Шоқты ауылында дүниеге келген. Лепсі өңірінде дәулетті болыс, қайырымды, жомарт азамат ретінде ел есінде қалған. «Алаш орда» қозғалысын қаржылай қолдап, қиын-қыстау заманда мұқтаж жандарға малын таратып, халықтың босып кетпеуіне үлес қосқан. Есім төренің қиын заманда қазаққа істеген жақсылықтары көп. Ашаршылық жылдарында Жезқазғаннан келіп, қойма ашқан, малын берген. 2-3 әйелі болған деседі, соның бірінің үйі 12*12, ағашпен салынған үйі сақталған, сол үйді әкеліп осы ауылда орнатқан. Есім Төренің жылқысы көп болғандығы сонша, Шынжылы өзенінен су ішкенде өзен тоқтап қалатын болған. Мұхамеджан Тынышбаев осы өңірдегі қазақтардың ашаршылық пен қуғын-сүргінге қалай ұшырғанын көп жазған. Сол замандарда Есім төре осы елді аман сақтап қалған деседі. Және Әлихан Бөкейханның кітабының шығуына 1914 жылы атсалысқан. Ол революцияның алдында қайтыс болған. Артынан ұрпақтары қалмаған, тек інісінің ұрпақтары бар. Інісі Есейдің баласы Беламор каналының бас инженері болған. Кейінгі немерелері оны Санкт-Петербургте оқып жүргенде атылған дейді. Ұрпақтары көзі ашық, оқыған, ел басқарған. Бірақ коммунистердің кезіндегі қиыншылықта бұлар репрессияға түсіп, аты-жөндері ауысып кеткен екен. Алайда 50-60 жылдары қайта келіп жатыр деген мәліметтер де кездеседі.
Архивтен Санкт-Петербургтегі түскен «Сұлтан Есім төре әйелдерімен» деген жазуы бар сурет табылған. Ұрпақтарының айтуынша, суретке Романовтардың 250 жылдығына Санкт-Петербургке барғанда түскен. Жай адам емес екенін осыдан-ақ білуге болады. Есім төре кесенесі былтырғы жылы маусым айында қайтадан жаңартылып жаңғыртылды. Жаңғырту жұмыстары жерлесіміз «Жер-Су» корпорациясының президенті, меценат Бауыржан Оспановтың демеушілігімен жасалды.
М.ҚУАТҚЫЗЫ.