Аудандық «Алакөл» газетінің тарихы
Газет 1935 жылдың қазан айынан «Колхоз туы» деген атпен латын әрпінде бес күнде бір екі бет болып жарық көреді. Шыққан уақыты ауданымызда қазақ кедейлері мен орташаларын ұйымдастыруға сәйкес келгендіктен ол өз қызметінің беташарын жергілікті ұлт өкілдеріне отырақшылдықтың артықшылығын, ұйымдаса еңбек етудің тиімділігін түсіндірді. Еліміздің небір жайсаңдары қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен тұста да солақай саясаттың соңында кетпей өз ұстанымынан тайған жоқ. Бұдан кейін араға сұрапыл соғыс килікті. Ел басына қатер төніп, жау жағадан алған шақта алакөлдіктердің жеңіске деген сенімдерін жоғалтпауға, ерік-жігерлерін шыңдай түсуге, қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетулеріне газеттің көп көмегі тиді. Ол бұл кезде үш күнде бір жарық көріп, аудан тұрғындарын: «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етуге жұмылдыра білді. Ұрыс далаларындағы жауынгерлерге азық-түлік, жылы киімдер жіберуге үлес қосқан жеке адамдар мен бүтіндей бір шаруашылық ұжымын мақтан тұтып, басқаларды соларға тең келуге шақырды.
1945 жылдың аяғына таман газеттің 10 жылдығына арналған аудандық атқару комитетінің құттықтауында: «…Сен барлық жақсылар ман табандыларды алға қарай сүйреп, қалып қойғандарды жетелеп, жалқаулар мен бюрократтарды соққылап отырдың» деген жолдары бар. Соғыстан кейінгі күйзелген тұрмысты жақсартуға елдің әл-ауқатын көтеруге де басылымның ықпалы аз болмады. Газеттің әсіресе тың игеру жылдарындағы белсенділігі мақтауға тұрарлық. Редакция ұжымы бұл кездегі еңбегі бағалаусыз қалмады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен іскер басшылығы үшін газет тарихында редактор болған екі әйелдің бірі Батима Жақыпбекова 1956 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Кеңестік дәуірдің қайта құру кезеңінде газет беделі ең жоғарғы сатыға көтерілді. Газет редакторы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық Кеңестік депутаты болып сайланды. XX ғасырдың 80-жылдарының аяғына таман оның таралымы 7 мың данаға дейін өсіп, аптасына 3 рет қазақ, орыс тілдерінде жеке-жеке шығып тұрды.
Уақыт ағымымен бірге басылымның тек көтерген тақырыбы ғана емес, атауы да өзгеріске ұшырап отырды. Көпшіліктің сұрауы бойынша 1957 жылдың қыркүйегінен газет «Колхоз туы»- «Колхозная знамя» деген атпен қазақ, орыс тілдерінде шыға бастады. Осы уақыт аралығында оның аты екі рет өзгерді. 1962 жылы «Жаңа өмір»- «Новая жизнь» болса, 1993 жылы өлкемізбен үндестік тауып тұрсын деген ұйғарым жасалып «Алакөл» деп аталынды.
Газеттің бұрынғы редакторлары: Көбенов, Сейтенов, Сәтбаев, Есен Жамансарин, Батима Жақыпбекова, Майнұр Қоңырбаева, Қайыпберген Рысбеков, Сапарбек Өтепбергенов, Тұрарбек Омарбеков, Арғын Қанағатов, Мәмет Ақатаев, Алтай Әбдірасылов, Иманбек Сембінов. Қазіргі редакторы Азат Жақыпбек.
Газеттен елге танымал талай ақындар мен журналистер түлеп ұшты. Мәселен, есімдері бүкіл қазақ халқына әйгілі ақындарымыз халықаралақ «Алаш» сыйлығының иегері Сәкен Иманасов, Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты Қастек Баянбаев, Асылбек Әлсеров, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Қанат Асқаров, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі тіл басқармасының бастығы, ақын Ахмет Кендірбекұлы, Алматы облысының Құрметті азаматтары Әбеу Бөпебаев пен Әлмен Аханұлы, журналист-жазушы Темірбек Мизамбеков, Қазақстан Республикасы Қорағаныс министрлігінің қызметкері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Марат Жүніс-Бек, облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің ауданымыздағы меншікті тілшілері Серік Шәріпов пен Василий Воробьев, Қазақстан Республикасы Президенті әкімдігінің сыртқы істер секторының бастығы Ержан Мұқашев, Қазақстан Журналистер Одағының грамотасымен марапатталған әскери қызметші Анар Қапарова және басқалар осы газеттен тәлім алып, шеберліктерін шыңдады.
78 жылдық тарихы бар «Алакөл» газеті бүгінде 5300 данамен 8 бет болып екі бояумен жарық көруде. Редакцияда 10 адам жұмыс істейді. Аптасына қазақша-орысша аралас 1 рет шығады.