Құбыласынан жаңылмаған қазақ халқының сонау сақ-ғұн дәуірінен тамыр тартатын дәстүр-ғұрыптары тікелей Ислам дінімен сабақтасып жатыр. Сондықтан да дін мен дәстүрді бүгінде екіге жарып айту мүмкін емес.
Бір қуантарлығы тәсбінің тасындай намаз басында қатар тізілер, Хақтың жолын нақтың жолы деп білгендердің саны артып келеді. Оның айқын дәлелін дәл бүгін Үшарал шаһарында орын алған қуанышты жағдайдан көруге болады.
Осыдан біраз жылдар бұрын қала тұрғындарына сапалы қызметімен, дәмді асымен танымал болып, «Гурман» дәмханасын ашқан Айдас Жумадилов осы жолы тағы бір сауапты ісімен көпшілікті сүйсіндірді. Қала мешітінің дөп қасынан «Халал кафе» ашып, «Алаш» атын қойған.
Жаңа ас-ауқат орталығының ашылу салтанатында қала әкімі Мақсұт Омарұлы алғы сөз алып, бұл бастаманың берер пайдасы мен артықшылығы мол екендігін тілге тиек етті. Жиналғандарды құттықтап, өзінің жүрекжарды тілегін ақтарды.
Артынша Айдос мырзаның әке-шешесі сөз алып, перзенттерінің пендешілікке салынбай, кісілік танытып, көпшілік үшін жасап жатқан ісіне ақ баталарын берді. Құрсағы асыл халықтың ұрпағы да асыл келетіндігін осыдан байқауға болады. Әр әжіміне өнеге тұнған әз әжеміз бен, иегіндегі сақалының, иығындағы шапанының салмағына қарамастан қауымның ортасына келген ақсақалдың берген тәрбиесіне оңынан болғаны көрініп-ақ тұр.
Ауданның бас имамы Әнет Омарханұлы суапты істе санаспай, адаспай, адалдық танытқан Айдосқа алғыс жаудырып, Алланың шапағаты молынан бұйырсын деген ниетін жеткізді.
«Алаш» халал дәмханасы таңғы сегізден түнгі онға дейін қызмет етеді. Жаңа кәсіптің арқасында 10-ға жуық адам тұраұты жұмыспен қамтылып отыр. Кафе бір уақытта 40-қа жуық адамға қызмет көрсетуге қуатты.
Бұнда қазақ және Еуропалық асхананың тағамдарынан дәм тата аласыздар. ҚМДБға сұраныс жіберілген, жуырда «Халал» сертификаты да қолға тимек.
Ең бір айта кетерлігі, аталған дәмханадан ас ішу арқылы сіз де, біз де қайырымдылыққа үлес қоса аламыз. Себебі, көрсетілер қызмет үшін төлеген 10 пайыз қаражат тікелей қайырымдылық акцияларына бағытталады. Яғни, орталық мешітке беріліп, аудан имамдары жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарға демдесетін болады. Міне жомарттық, халықтың ұлы болу.
Қазақы нақышта өрнектеліп, жанға жайлы безендендірілген халал дәмхананың қонағы болуға шақырамыз.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ