Ауданның түкпір-түкпіріне жарық жеткізіп, электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған энергетиктердің қоғамда өзіндік орны бар. ХХІ ғасырды тоқ көзінсіз елестету қиын болса, бұл сала қызметкерлерісіз де адам баласының өмірі қиындай түсері сөзсіз.
Осы бағытта қалтқысыз қызмет етіп жатқандардың қатарында Алакөл ЭЖА да бар.
Өңіріміздің Алакөл аймағы қыста 16 МВт, жазда 12 МВт электр энергиясын тұтынады. Бұл сұранысты қамтамасыз ету мақсатында желісінің 110 кВ-тық 36,6 км, 35 кВ-тық 219,6 км, 10 кВ-тық 328,36 км, 0,4 кВ-тық 405,69км электр тасымалдау желісі, 14 қосалқы станция және 118 10/0,4 кВ тоқ тарататын станция қызмет етуде. Аталған құрылғылардың жұмысын тоқтатпай, үздіксіз жарық жеткізуде 83 адам еңбектенуде.
Бір айта кетерлігі жыл сайын жаңарту, жөндеу жұмыстары да атқарылуда. Мәселен, биыл осы мақсатта 19 млн. 193 мың теңге игеріліп, Қамысқала ауылын электр қуатымен қамтамасыз ететін 10 кВ бағаналар су ішінен жол жиегіне шығарылды. Жоспардан бөлек Қайнар ауылының электр желілері Жайпақ ауылындағы қосалқы станцияға қосылды. Бұл өз кезегінде қайнарлықтарды тоқ көзімен қамтамасыз етудің сенімділігін жоғарылатып отыр. Сонымен қатар Ақтүбек ауылында электр кернеуін жоғарылату үшін 10/0,4 кВ станциясы электр жүктемесінің орталығына ауыстырылды. Ең соңы өзге де жұмыстарға 7 млн. 762 мың теңге жұмсалып, ағымды жөндеулер жүргізілді.
Аталған істердің ойдағыдай орындалуына Алакөл ЭЖА-ның қызметкерлері барларын салуда. Әсіресе, аға шебер А.Жарқынов, Үшарал бөлімшесінің шебері Қ.Даришев, электржөндеушілер Е.Аманбеков, А.Жақсылықов, Бескөл бөлімшесінің шебері С.Дугабаев, найзағайдан қорғау және диагностика инженері А.Қабдолов, қосалқы станция тобының электржөндеушісі С.Мұхамадиев, жүргізуші С.Сарыбаев, сондай-ақ А.Сагинаев, Е.Омаров, А.Найманбаев, С.Тұрсынбаев, А.Алдабергенов, Д.Кокамбаев, С.Исабаев, С.Байбакиров, Р.Кееев, А.Шапоренко, Ж.Игибаева, Г.Тугамбаева, К.Уалшанованы ерекше атап өтуге болады.
Алайда барлық жұмыс бұл кісілердің арқасына артылған жоқ. Өзге де қызметкерлер өздерінің тиянақтылығы мен жауапкершілігін танытып, тұрғындарға үздіксіз электр энергиясын жеткізуде аянып қалмауда. Олар әр тосын жағдайларда лезде қимылдап, олқылықтарды болдырмау үшін бар кәсіби шеберліктерін жұмсауда. Жұрттың шақыруы бойынша араға көп уақыт салмай діттеген жерлеріне барып, жарық көзін қосуда бір секунд та жоғалтпауда. Соның арқасында халықтың ризалығы мен алғысына да бөленуде.
Осы ретте ел қамы үшін еңбектеніп жүрген барша әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтап, бастарына амандық, отбасыларына қуаншы пен береке тілегім келеді.
Ауданның, одан қала берді республиамыздың дамуында әр сала мамандарының өзіндік орны бар. Бұған электр энергиясымен елді қамтамасыз етіп, күн-түн демей қызмет бабымен шапқылап жүрер әріптестерімнің де қосар үлесі зор. Қиын да қауіпті істі жандарына серік етіп, барынша кәсіби біліктіліктерін көрсетіп жүрген олардың еңбектері өлшеусіз.
Д.АХАНОВ,
Алакөл ЭЖА-ның басшысы.