Халықтың қамына қарай

Айналаға қарап тұрып, кейбір адамдарға, жекелей емес жалпылай топтарға таңым бар екенін аңғардым. «Мың өлген, мың тірілген қазақпыз, бізді дау да, жау да, дерт те алмайды» деп, аяққа кеңге салып, көрпесіне қарай емес көңіл қаауына қарай көсіліп жүргендер жетерлік. Әсіресе, кішігірім қалалар мен ауыл-абандағы ағайын тәжвирусының уытын сезінбегендіктен жайбарақат жүр. көрші-қолаң аралау, туған-туысқандікіне қонақтау, кешғұрым отырыс ұйымдастыру да баршылық. Бұл өренің төмендігі, сананың салмақсыздығының бір көрінісі деп білемін.

Алғашқыда бой көрсетпестей болғанымен, жау жағадан алып, жерлетерімзді біртіндеп жалмап келе жатқанда «мен ауырмаймын» деген қағидамен өзіне ғана емес, өзгелерге де қауіп төндіру – ақыл таяздығының ең төмен сатысы. Оны бүгінгі жағдайдан көріп те, біліп те жатырмыз. Біреу тойдан тәжвиусын жұқтырса, екіншісін қонақта боламын деп дертке шалдықты. Адам шығыны да болып жатқаны мәлім.

Күллі дүниежүзі халқын дүрбелеңге салып, әлемге уытты тамырын жайған «короновирус» пандемиясына байланысты елімізде де төтенше жағдай енгізілді. ХХІ ғасырдағы медицина жетістіктеріне қарамастан Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны күн санап көбеюде. Дерттің таралу жолын тежеу және сырқаттар санын көбейтпеу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында да карантин жарияланып отыр.

Шекара шебінде орын тепкен айдынды ауданымызда да тиісті шаралар қабылданып, жедел іс атқарылуда. Өңірімзде Шығыс Қазақстан облысымен шекаралас Алматы-Өскемен тас жолының 480 және 601 шақырымында санитарлық постар ұйымдастырылып полиция бөлімі, медицина ұйымының қызметкерлері бекітілген кесте бойынша жұмыс атқаруда. Пост арқылы өткен адамдар пирометрмен термометриялық тексеруден өткізіліп, автокөліктер дезинфекциялануда.

Сонымен қатар аудан орталығы Үшарал қаласы мен ауылды жерлерде де карантин талаптары қатаң сақталуда, яғни, жәрмеңкелер өткізілмейді, азық-түліктік емес сауда орталықтары, бизнес-орталықтар, автобекет, компьютерлік клубтар, базарлар, тамақтану орындары, діни маңыздағы нысандар мен балабақшалар жұмысы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ аудан бойынша тек қызметтік көліктердің қатынуына рұқсат берілген. Жекелеген көліктердің ары-бері жүруіне рұқсат жоқ! 

Кәмелеттік жасқа толмағандар да ата-анасынсыз өз бетімен сыртта жүре алмайды. Саябақ, орталық алаң сияқты халық көп жиналатын орындарға баруға болмайды, ол жерлерге полиция постары орнатылған. 

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты таңғы 8.00-ден кешкі 20.00–де дейін жұмыс істеп  тұр.

Азық-түлік, медикаменттер, жеке қорғану құралдарын, зарарсыздандыру құралдарын шығаратын объектілерден басқа, шағын және орта бизнес нысандары уақытша жұмыс істемейді немесе жұмысын қашықтан істеуді қамтамасыз етілуде. 

Бір айта кетерлігі, маусымдық маңыздылығына қарай ауыл шаруашылық қызметтері және жол жөндеу қызметтері өз жұмыстарын жалғастыруда.

Бұл сынды істер күллі республика аумағында түңлігін түріп, барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қолға алынса да дерттің таралуы тежелген жоқ. Күнігі жаңа жағдайлар тіркеліп, адам шығыны да болуда. Осы ретте Президент Қ.Тоқаев күні бүгін өзінің кезекті мәлімдемесінде барлық атқарылып жатқан игілікті істерді жіпке тізіп, жетістіктеріміз бен кемшіліктерді талқыға тастады. Ең айта кетерлігі карантиндік режімді мамырдың 11-не дейін созу туралы мәлімдеме жасады. Бұл қазіргі жағдайды ескере отырып істелген маңызды қадам деп білемін.

Көп жағдайда халықтың наразылығы да туындауы мүмкін. Табысы тоқтаған, жұмысы жабылған тұрғындар да баршылық. Мемлекет басшысы бұл жағдайдан да шығудың барлық жолдары қарастырылып, тиісті шаралар қабылданып, жүзеге асып жатқанын да тілге тиек етті.

Бізден талап етілетіні тәртіпке бағынып, ережеге бойсұну ғана. Барлық талаптарды орындай отырып, өзгені де, өзімізді де дерттен аулақ ұстау аламыз. Бәрі де өз қолымызда екендігін ұмытпайық.

Ж.НУСИПОВА,

аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы.

Мәліметпен бөлісу: