Ілияс әлеміне сапар

Өзінің қалыптасу һәм құрылу тарихында қаймана қазақтың бағына бола туған марғасқа азаматтар жетерлік. Өткен күндердің естеліктерін босатып, ғасырлар қойнауына отты жанарымызды қадасақ, шоқ басып, мұз жастанса да «Елім» деп өткен есіл ерлердің ерлігіне тамсанасыз. Бар қазақты бір қазақ көріп, уыс жүрегінің түкпірінен шыққан ұлтжандылығын көрсетуден қаймықпаған тұлғалардың қатарындағы Ілияс Жансүгіровтың орны бір төбе.

Кезіндегі Кеңестік кері саясаттың кесірінен келмес сапарына уақытынан бұрын аттанған Ілекеңнің ізіне тәуелсіздік жылдары аса зейін қойылғанымен, тоң топыраққа тоғытылған тарихтың жасырғаны әлі көп-ақ. Қабірін қаламменен қазған ақынның ақталғанына 60 жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта біраз мұрағаттар ақтарылып, бірталай мәліметтер көтерілген болатын. Алайда, алыс жылдардың самалына жүгенін салып, ескі күндердің елесімен бірге ғайыптана бастаған беймәлім мәселелер де баршылық.

Жуырда Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қазақтан шыққан алғашқы кәсіби журналистің шекара сыртында қалған мұраларын, еңбегін, естеліктерін зерттеп, зерделеу ниетінде арнайы экспедиция ұйымдастырған болатын. Аталмыш сапардың бағыты Ресей Федерациясының астанасы еді. Өйткені Ілияс Жансүгіров 1925-1928 жылдар аралығында Мәскеудегі мемлекеттік журналистика институтында білімін шыңдаған.

Алаш арыстарының ортасынан ойып тұрып орын алған оғлан азаматтың өімірінен, шғармашылығынан тың деректер табылып, жаңа мағлұматтарды елге әкелген Ілияс зерттеушілерінің еңбегіне еріксіз алақан соғатынымыз рас. Зерттеу саяхатының нәтижесі де қуантарлықтай. Ендеше, Мәскеуден жеткен тың мәліметтерді бір шолып шығалық.

Өзінің журналистика саласындағы кәсіби қызметін бұрынғы «Тілші», яғни бүгінгі «Жетісу» газетінде бастаған Ілекең аталған басылымның белді тілшісі болған. Ол 1928 жылы жазған «Өмірбаяным» деген қолжазбасында: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіммен айналысқаным осы 1923 жылдан «Тілшіде» мақала, оқшау өлең жаза бастадым. Сол «Тілшіге» күні бүгінге шейін жазып тұрам»,- деп, журналистік жолының бастау бұлағын ерекше атап өткен.

Экспедиция жұмысының барысында мұрағаттар арасынан ақынның «Жаңқа», «Беташар», «Құл», «Сықақ», «Жаңа жыр», «Дала», «Жорық», «Жаңа туған», «Жастарға», «Күйші» сынды кітаптары көрінген. Олардың бірі латын әлипбиінде, екіншілері төте жазумен басылған.

Қаламын оңға қарай бір жылжытса ғаламат дүние тудырып, солға қарай бір жлжытса жыр болып өрілетін Ілекеңнің шығармашылық көкжиегіне көз тастау қиын еді. Себебі ұшқыр ойы көлденең көк аттыға еркін бермес биіктікте самғайтын. Сондықтан да бір тармақ өлеңін бір апта талдауға болатын ақынның құнды дүниелерін зерттеп, олардың өткені мен өткелдеріне ат шалдырту үшін өмірлік фактілері мен мұрағат өрелерінде шаң басқан деректемелерді толықтай таразылаған жөн.

Жас болса да жасамыс жаратылған Ілияс өзгелер шыбыққа шабадозша мініп, көше шаңын аспанға көтере шауып жүргенде білім нәрімен сусындап, білуге, үйренуге құмартып отыратын. Оның сапарын нақты осы бағытқа бұрған Барлыбек Сыртановпен жолығуы еді. Алаш қайраткерінің Әбдул-қадырмен етене жақын араласып, Барлыбектен араб әріптерімен басылған кітаптар алып, орыс, Еуропа ақындарының шығармашылығымен де жіті таныстығы осы мезетте басталды. Ол кезде өзінің әншілігімен де көзге түскен жігіт Ілияс 19 жаста еді.

Негізінде «Алма ағашынан алысқа құламайды» деген тәмсілді қуаласақ, оның әкесі Жансүгірдің де білімге құштар азамат болғанын аңғарамыз. Шамамен 1857 жылы дүние есігін ашқан Жансүгір халық арасындағы Жанақ, Шөже, Бақтыбай, Құлманбет, Шернияз, Базар секілді азулы, тіліне тікен тағын жыраулар мен Ақан сері, Біржан-Сара айтыстары мен шығармаларын аса ынтызарлықпен жинап, ел арасында тарату ісінде де танылған. Бір айта кетерлігі тоқсанның тоғызына келіп, жыр алыбы атанған Жамбылдың ұстазы, сүлей һәм дүлей Сүйінбайдың жырларын сүйіп оқитын.

Қоңырқай тірлік кешкен қолы ауылда молданың жоқтығынан Жансүгір Ілиясты өзі оқытып, тым құрығанда хат танып, артынан құран оқуға жараса екен деген ниетте болған. Алайда Ілиястың көздегені тым алыста еді. Ол аналасын танып-білуді, дүниені зерттеуді бағт еткен. Зейіні алғыл, зердесі озық баланың арман қанаттары оны қарапайым тірлік қамына емес, халық мүддесіне қарай алып барды.

Әкесінен алған білімін азсынған Ілияс біліктілігін шыңдауға ниет білдіргенімен, «Тағы оқимын дегенің болса, ана Абдыра бекеттегі Сары молдадан оқы, одан оқымасаң онда ауылда бол» деген қатал өкімнен кейін әкесі өзінен үлкен Жәмила деген қызға қосады. Үш-төрт жыл шамасында бір шаңырақ астында тұрғанымен перзент сүймегеннен кейін әйелінің ризалығымен оны төркініне жіберген. Артынша ықыласы мен ынтасы оянып, жүрегінен ерекше орын алған Аманша деген қызды алып береді.

Сөйтіп 1925 жылы Ілекең 31 жасында Мәскеудегі журналистика институтына түседі. Алайда тағдыр тармақтарына жазылған сырқаттың кесірінен бұрынғы Садық-Сыдық поселкесінде әпкесі Балдыбаланың қолында қалған Аманша 1927 жылы босана алмай, ажалдың қанды азуына ілігеді.

Ерекше атап өтетіні өзінің білімдарлығының арқасында Мәскеудегі Мемлекеттік Журналистика институтына оқуға түскен тұңғыш қазақ – Ілияс. Қолына «журналист» деген диплом алған майталман маман.

Эспедиция барысында облыстық «Жетісу» газеттінің тілшісі Гүлжан Тұрсынның сөзіне сайып келер болсақ Ілекеңнің оқудағы үлгерімі, белсенділігі және журналистикаға деген қабілеті айқын көрсетілген құжаттар топтамасы да табылған. Әсіресе мұғалімдердің мінездемелеріндегі білімін бағалау тұсына «Өте жақсы» деген айқын жазу тұр. Ендігі бір қағаздарда «Өз тілінде мықты журналист шығады» делінсе, екіншісінде «Тіл білгенде орысша жазатын мықты тілші шығатын еді» деген пікір айтылған. Бұдан тұңғыш кәсіби журналисіміздің бұл салаға деген ынтызарлығын ұстаздары да бағалап, үлкен үміт артқанын аңғарғандаймыз. Топ жұмысының тыңғылықтылығының арқасында тағы бір құжатта Мемлекеттік журналистика институтының 1925-1928 оқу жылы бойынша 1 курс, 3-топ білімгері Ілияс Жансүгіровке берілген оқу мінездемесінде «Газет ісінің негіздері» пәні бойынша мінезінне тұйықтық тән екендігі азылған. «Оқуда белсенді. Табиғатының ұстамдылығы, сабырлығына байланысты өзін көрсетуге құмартпайды, алға озбайды. Өз ойын сергек білдірсе де, анық жеткізеді» делінген.

Ілиястың осы жылдары қазіргі облыстық «Жетісу», бұрынғы «Тілші» газетінде жазығы тәжірибеден өткендігі және оның кәсіби жолының қалануы тікелей осы басылыммен байланысты болғандығы анық. Сол тәжірибе барысында газет редакторы Айтхожин: «Жазғы демалыс кезінде Жансүгіров мырза ЦК баспа бөліміне келді. Губком партиясының нұсқауымен баспа бағыты бойынша тәжірибеден өтті. Жансүгіров мырза баспахананың өртеніп кетуіне байланысты газет ісіне араласа алмады. Бірінші, өлкелік комитеттің баспа бөлімі тарапынан оған газеттің техникалық жағын меңгерту тапсырылды. Жетісуда редакторлар жиналысын өткізу міндеттелді. Екінші, губерния комитеті тарапынан Жансүгіровке 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын өткізу және Талдықорған уезі бойынша материалдар жинау тапсырылды. Жиналыста ол «1916 жылғы көтеріліс туралы» атты материалдар жинағын көрсетті. Тапсырманы орындау кезінде Жансүгіров мырза өзін сабырлы, жауапкершілігі мықты жұмыскер ретінде көрсетті. Баспа ісіне қызығушылығы байқалады. Баспа ісін жүргізуге оған сенім білдіруге болады»,- деген пікір қалдырған. (Мінездемелер мәтіні Гүлжан Тұрсынның «Тілшіде тоғысқан Алаш идеясы: Ілиястанушылар сапары» мақаласынан алынды).

Сонымен қатар қор мәліметтерінің арасынан «Тілші» бүгін үш жасқа толды» деген мақала көзге түскен. Материал 1925 жылғы 18 тамызда, №190 санының 7-бетінде жарық көрген. Ол жерде басылымға қызмет етіп жүрген бірнеше тілшінің суреттері жарық көрген. Бір бұрышында «Жансүгірұлы Ілияс – «Тілші» газеті шыққаннан бері зор көмегін тигізген қаламы өткір, сөзі сұлу тілшінің ірі жазушыларынан саналатын азаматымыз»,- деп ойтүйін мен Ілекеңнің фотосуреті тұр.

Қарымды қаламгер бұған дейінде 1910-1911 жылдар аралығында Сүттігенде Қасен молдадан, артынша Қарағаштағы «Мамания» мектебінде сауатын жетілдірген. Бұл жерде ол Мұстақым Малдыбайұлы, Файзразман Жихангеров, Майра Уәлиқызы, қоғам Барлыбек Сыртанов, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтен дәріс алған.

Кешегі мызғымас одақтың ошағы ортасынан морт сынып, патша тағынан айырылғанда, ақтар бас сауғалап, қызылдар қылышын қанға суарғанда Ілекеңнің оқуы былай тұрсын, өз басын ойлауына мұршасы болмады. Алайда бұлт тартылып, күннің көзі сәл түсе бастаған тыныш мезеттерде оның оқуға деген ынтасы қайта ашылып, шығармашылық өсуі байқалады.  

Білім жолында әуелі Алматы, кейін Ташкент қалаларына сапар шегеді. Мұнда тек оқу іздемей, баспасөзге араласып, Ғани Мұратбаевпен таныстығы басталды. Оның бойндағы атқып тұрған талант пен шабыттың ыстығын сезген Ғанидың қолдауымен №1 «Жас Алаш» газетінде алғашқы туындылары басыла бастайды. Осы ретте Ілияс: «1921 жылы «Жас Алаш» газетінде 22 мартта шыққан «Жас замандастарға» деген бас мақала менікі жән сол нөмірде «Жалпы жасқа» деген өлеңім басылды. Менің алғашқы баспасөзге шыққан, бірінші шққан мақалам осы»,- дейді бір естеліктерінде.

Ілияс бұл уақатта ел арасындағы ауыз әдебиетін жинау ісінде де беленділік танытады. Сол кезеңде академик-фольклорист Әбубәкір Диваев оның бойындағы әдебиетке деге ерекше сезімін байқап, «Средазбюроның» мұраларды жинау жұмастарына қатыстырады. Мүмкіндіктің шекпенінен ұстаған ол Жетісу өңірінің жақұт мекендерін, нақтырақ айтсақ Нарынқол, Кеген, Жаркент өлкелірн аралап, құнды мұраларды жинақтады. Тіпті олардң біразын 1930 жылдары кітап қылып та басқан.

Жүрегінен жанарауша атқылаған шабыт отынан тұтанған жырлары айтылған жерінде қалып, көп өлеңдері өткен күндердің құмды елесіне ілесіп кете барды. Алайда етек-жеңін жинаған шақта алғашқы туындылары «Балдырған» атты жинақ дәптеріне енген.

Көпке айтыла бермеген, бірақ тарих беттерінде ойылып қалған мәліметтің бірі ретінде қазақ жерінде ең алғаш жоғарғы оқу орнының директоры болғаны расталған. 1920 жылы үш айлық курс ретінде негізі қаланып, жоғары педогогикалық оқу орны болған «Қазақ-қырғыз ағарту институтында» алдымен оқытушы, артынша директорлық лауазымға отырған.        

Ескере кететіне, Ілекең Мәскеуде болған кезінде сол заманның аты шыққан Анна Ахматова, Марина Цветаева Владимир Маяковский, Михаил Светлов, Демьян Бедный, Эдуард Багрицкийлармен жақын таныс болғандығы туралы ол жайлы жазылған естеліктерден табуға болады.

«Ілияс ізімен» экспедициясының ғылыми құрамы Ресей Мемлекеттік кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар қорымен қарқнды жұмыс атқарып, бұрындары оқырмандарға беймәлім болған құжаттарды да жолықтырды. Атап айтсақ, Ілекеңнің бірқатар басылымға шықпаған, ғылыми айналымға түспеген мұралары да кездесті.

Бұл зерттеуді, ұзақ талдау мен ізденісті талап ететін іс. Қолға түскен жаңа мәліметтер алдағы уақытта өзінің тамырына дейін қопарылып, ақиқаты ақтарылатынына сенімдіміз.

Негізінде, 43 жасында солақай саясаттың сойылына ілігіп, қазақ үшін қандай да болсын қиындықтан қаймығып көрмеген ақынның мұрасын бір сапар, немесе бір жыл толықтай түгендеп бермес. Әр жол өлеңінде бір ғұмырлық өнеге тұнып, әр шумағын жылдап ой елегінен өткізуге болатынын білеміз. Оның өз қаламы тудырған «Құлагердің тағдыры» ақыры соңында өз тағдырына айналарын кім біліпті?

Ақталса да, атылған оқты кеудесінен суырып, бұл фәнидегі қалған ғұмырын сүргізе алмасымыз анық. Алайда осымен 125 жыл бұрын дүние есігін ашқан арда азамат елімен бірге жасап келе жатқаны жасырын емес. «Елім деген бір ер туса, оны қабатын ит те бірге туады» деген тәмсілдің қатесіз айтылғаны ұғынықты. Бүгінде Ілекеңнің өзі қара жердің қойнауына кетсе де, қаракөзінің қадірін білген жұрты қабіріне зиярат етіп, 125 жылдық мерейтойын атап жатыр. Заты өлсе де, аты мәңгілік шоқжұлдыз болып қалған Ілияс Жансүгіровтың ғибратты ғұмырынан қазіргі шала ойлы жастар көптеген үлгі алып, өздерінің бағыттары ете алса игі еді.

Таңғы шықтың тағдырындай келте өмірінде ғасырларға бергісіз ел еүшін еңек сіңірген Алаш қайраткері, қарымды қаламгер, жалынды журналыс, азуын айға білеген адуынды ақын, екі сөзбен-ақ елін ұйыта білген жазушы, драматург Ілиястың ізгілікті есімі қазақ дейтін халқының тарихымыен мыңжылдақтар түбінен мәңгіліктердің төріне шыға бермек.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

Алакөл ауданы.

Мәліметпен бөлісу: