Көкиірімде өткен керемет күн

Замана заңғары запыран құсып, зәрезап күйге салса да, азаттық тұғырлығын ұстап, тәуелсіз күнге аяқ бастық. Әрине, әуелі Жаратқанға жарғақ басымыз жастыққа тигенше тәу етеміз, шүкірдеміз. Рақымы мол татымды дәуреннің тотыдайынын тамсана жырлаудамыз. Оған құқылымыз деп те толық айта аламын. Себебі, тарихтың тарғыл беттерінде – қаймана қазақтың аты қалды, заты қалды, хақы қалды. Егеменді ел болғалы есімізді жиып, өзгелермен тереземізді тең ұстап келеміз. Сол теңдігіміздің тегеуріні тектілік нарқын әспеттеп, бүгінде атағымыз күллі әлемге қарыштап тұр. Оның ішінде ойып тұрып Алакөл ауданы да есімін әйгіледі һәм әйгілей бермек. Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген нақыл бар еді. Сол нақыл осы айтпақ әңгіме ауанына сайып тұрғандай ишарат білдіреді. Хош, айтып-айтпай не керек, тоқсанды тізгіндеген тұғырлы ауданның мерекелік кеші өңірдің барлық жерін қамтып, жоғары деңгейде өтуімен қатар, мерейімізді асытып, қуаныш-шаттығымызды екілендіргендей болды. Соның бір ұстыны ретінде тұмса табиғаты көз тартар Көкиірімде өткен ұлан-асыр тойды тілге тиек етпекпіз.

Қойнауына бұққан байлығы кемерінен аса төгіліп,құшағын қазынаға қампитып, бадана көзіңізбен үңілсеңіз – әсемсал көріктілік көкірек тұсыңыздағы кернеуіңізді керемет сезімге бөлері жасырын емен. Сол байлығы табиғат дейтін ұлы құдіретпен тақылеттес келіп, тарыдай татымы «Алакөл» дейтін өлкенің бар келбетін ашып тұрғандай нобай танытады. Жер жаһандағы жаратылысты сұлулықпен суреттеген Жаратқанның шеберлігіне шек келтіре алмассыз. Табиғат ана мен адам атаулының жан дүниесі бітеқайнасып жататыны ақиқат емей немене?!

 Дәні алтын, құмы шекер, қаймағы бал,

Қазақтың ырысты бір аймағы бар.

Күн тура көлден шыға келетіндей,

Мұнда кеп шомылуға ай да құмар.

 

Көлі бар аспанындай төңкерілген,

Елі бар еңбек еткен ер көңілмен.

Жері нәр, жемісінен май сорғалап,

Иілген аруанадай кең пейілмен, – деп солақайлап қаламын бір жылжытса ғаламат тақырып, жүз жылжытса суретке бергісіз жандысөз тауып айтатын ақын Ғұсман Жандыбаев жырлағандай, шаһбаздылықты келіп көрмесең, құмарын қанбайтын киелі мекен ғой, шіркін! Сол құмарлықты Көкиірім төріне барғанда қандырып қайттық. Өйткені ауқымды жұмыстардың алапаты дәл осы жерден бастау алған болатын.

Аудан басшысы Ә.Жақанбаев: –Құрметті жерлестер! Жер Жаннаты Жетісудың  жақұт мекеніне айналған Айдынды Алакөлдің  90-жылдығына арналған Көкиірім атшабарында дәстүрлі түрде ұлттық спорт ойындарынан өткізілетін додаға қош келдіңіздер! Қасиетті өлкеміз елдік пен ерліктің сан ғасырлық оқиғаларына қандай бай болса, шұрайлы жері де, асқар тауы да, шалқар көлі де табиғаттың сыйына бөленген екенін мақтанышпен айта аламын. Сондықтан да бүгінгі торқалы тойдың құрметіне орай ұлттық спорт ойындары ұлықталып отыр. «Ер қанаты – ат» демекші, жылқының бабын келістіріп, ат жалын тартып мініп, жалын ұстап өскен қазақтың ықылым заманнан бері тұяғымен топырақ тарпып, желдей есіп, арғымақ атаулының апшысын қуырғаны белгілі-ақ. Оған асқан сарбаздықпен қарағаны күні бүгін ел аузында тарап, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып таралуда. Сондықтан бүгінгі дүбірлі додада шашасына шаң жұқпас тұлпарлардың шабысына шабыс қосылып, көш басынан көрінсін демекпін, – деп сайыпқырандарға сәттілігін жолдады. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген тұрқында мін мен сын атаулының тұрпаты жоқ сәйгүліктер думаннының шырайын келтіріп, алапанын арттырды.

Кешегі өткен күндер жаңғырығында сақтар мен ғұндардың алып даланың төсін осы киелі жануардың арқасында қорғап қалғаны белгілі. Ендігі ұлт болып ұйысу даңғылына түскен еліміздің ертеңі кемелді болуы үшін: ұлттық ойындарымызды, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып, келешек ұрпақтың құлағына құйып отыруымыз керек екені даусыз. Осы ретте Алматы облысы мен Талдықорған қаласының құрметті азаматы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Құрмет грамотасы» мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі М.Егінбаевтың «Сәйгүлік», «Қаракерей Қабанбай» атты әндері жиналғандар қауымын бір желпінтіп, рухтандырып тастады. Ат десе, ішкен асын жерге қоятын Алаштың делебесі қозып, дегбірі қашты. Барлығы аламанның басталуын күткендей-ақ еді. Хош. Сомен не керек, ауыздығымен алысқан аттардың сайран құрар дүбірлі додасы басталып-ақ кетті.

Алғаш болып сөре сызығының бойынан құнан бәйгенің сәйгүліктері жыр тырпып, орғытып өтті. Межелі межесі 12 шақырымды құрайтын сайыста жиырма екі аттың бағы сыналып, ішінен оға жарып, үш жүйріктің қанжығасы майланды. Үшарал қаласынан Балтабек есімді атбегінің «Самғау» есімді тұлпары мәре сызығын алғаш болып аттап, бір миллион теңгені қалтасына басты. Екінші орын Үржар қаласынан келген Рыбалкин есімді азаматтың «Шолпан» есімді сәйгүлігіне бұйырды. Ол бес жүз мың теңгені иемденді. Жүлделі үшінші орын және үш жүз мың теңге Қарабұлақ ауылынан келген Байбатыров Ернарға бұйырды. «Қайнар деген» жүйрікті сынға қосқан ол үш жүз мың теңгені жеңіп алды.

Сайыстың екінші аңғары топ бәйгесіне келіп түйісті. Барлық дені жиырма екі қатысушы қатысқан жарыста Қарабұлақ ауылының атбегісі Б.Ернарға тиесілі    «Қарқын» атты тұлпар мәреге оқ бойы озып келді. Жеңімпазға автокөлік табысталып, алғыс айтылды. Екінші болып Орал қаласынан келген С.Бекқайыровтың «Ерке торысы» келді. Күміспен күптелген ол бес жүз мың теңгені ұтып алса, үшінші орыннан Ақсу ауданына келген Қ.Баяхметовтың «Торысы» көрініп, үш жүз мың теңгені місе тұтты.

Ал, онға тарта тұлпарлар қатысқан жорға жарысында Шығыс Қазақстаннан келген Ш.Николайдың «Элегант»  деген торысы бірінші келіп, темір тұлпарды тізгіндеп қайтты. Екінші және үшінші орындарды Екпінді ауылынан келген Қапсалямов есімді азаматтың «Бақторы» және «Космос» есімді тұлпарларын тізгіндеген жас өрендерге бұйырды. Олар, тиісінше бес жүз және үш жүз мың көлемінде ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.

Алқалы әлеумет арқаланып күтіп отырған аламан бәйгесінде жиырмаға тарта дүлділдің алдын орап, қапысыз, қалтқысыз орағытып Алматы облысының намысын арқалап жүрген «Күмісқұйрық» атты тұлпар мәреге бірінші болып келіп, ат иесі Үмбетов.Д бас жүлдеге берілер автокөлікті иемденіп қайтты. Екінші орын Оқжетпес атының қожайыны Қарабұлақтық Е.Байбатыровқа беріліп, бес жүз көлеміндегі сыйлықақысы табысталды. Ал, жүлделі үшінші орын Жаркент өңірінен келген М.Қадыровтың «Космос» атты сәйгүлігіне бұйырып, үш жүз мың теңгені еншілеп қайтты. Одан бөлек, осы сайыста төртінші және бесінші келген жүйріктерге де екі жүз мың және жүз мың көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды.

Атқа отырса түсуі қиын қызу қанды халықтың ұрпақтары серкені салымға салып, тақымға қыса түсті. Тауға соғылса да, жарға соғылса да қаймықпас қайсарлықтың үлгісін көрсете білген шандоз шабандоздар ұлттық ойынның мәртебесін асқақта түсті. Тепкісі темірді сындырар тегеурінділер тартысы айыз қандырып, таңдай қағыстыра түсті. Бұлқынған бұла күштің бұла демі қандарынан тепшіп тұрғаны байқалды һәм сезіліп тұрды. Ерттеулі атта епті қимылдап, ширақ қимылдары  ширата түсіп, көрермен қауымның қызығына бөленген ерлердің сайысы бойынша бірінші орынды Ақсу  ауданының командасы жеңіп алып, жүз мың теңгелік қаржылай сыйақыны қалталарына басты. Екінші орын Жайпақ ауылының құрамасына жетпіс мың теңге ақшалай сыйлығымен бірге берілді. Ал, жүлделі үшінші орын жергілікті Көкиірім командасына беріліп, отыз мың теңге көлеміндегі сыйақысы берілді.

Қарсыласын алып та, шалып та алып жығар балуандар белдесуі бүгінгі кештің нағыз көркіне айнала білді. Бақ таластықта бақ пен қатар баптың да шабатынын ескерсек, толағайлар текетіресі нағыз айыз қандырар сайысқа айналды. Олай дейтініміз, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген Қажымұқан ұрпақтарының сақпан тасындай іріктелген майталмандар екені айдан-анық еді. Боз кілемнің бопыдай шаңын бадырая қаққан сайыпқырандар сай-саланы қиқуға толтырып, мимырт тірліктен әбден қажыған көрермендерді бір селпінтті. Алыптар айқасының әсіресе финалдық бәсекесі ерекше толқумен қатар, еріксіз алақан ұрғызып отырды. Өйткені, былтырғы өткен «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Қызылордалық Е.Ерғалиевпен Алматы қаласының тарланбозы З.Ерболаттың жан алысып, жан берісуі нағыз қазақ балуанының сұлбасын көз алдымызға әкелді. Тәжірибе мен салмақ дәрежесі елеулі үлес атқарып, сыр елінен келген балуанымыз жарыс жеңімпазы атанып, бас жүлдеге берілер темір тұлпарды тізгіндеп «Түйе палуан» атағын арқалап қайтты. Екінші орынды еншілеген З. Ерболатқа үш жүз мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Ал үшінші орын жерлесіміз Е.Қабдолдаевқа екі жүз мың теңге көлеміндегі сыйақы берілді. Басым дені 5 200000 мыңға жуық қаржы игерілді.

 

Қалай дегенменде, қаймана қазақтың қапы да қалмайтын қайран өнері үшін жүгіріп қызмет қылып жүрген азаматтарымызда жетерлік. Өткеніміз бен бүгінгі бітімімізді түгендесек, татулық ұршығын иіріп, ынтымақтастық пен достықтың қамытын киген қазақтың қара нарларының мәрттігі ел аузында, халық жаданда қалары анық. Сол атымтай азаматтардың аттарын атамау – азаматтығымызға сын болар. Бағзыдан қалған өнегелерге құлақ түрсеңіз Есім Төредей бабаларымыз байлығын қорашсынбай, еліне, жеріне бөліп берген деседі. Сол Есімдей естілердің қылығын күні бүгін Б.Оспановтай нар тұлғалы азаматтар қайталап жүр. Жомарттылығын жіпке тізе берсең ұзын-сонар болатын маңғаздардың қатарында: С.Мыңбайұлы, М.Қатықбаев, Е.Абдрахманов, А.Слямов, А.Мамырбеков, М.Есенжігітов, Н.Белгібаев, Ж.Сыздықов, Т.Алтыбаев сынды мәрттіктің алтын кеніші болып жүрген ел-ағалары да бар.

Ұлттық спорт түрлерін тамашалай келген қонақтардың барлығына үлкен дастархан жайылып, жиырма жеті қазақ үй есіктерін айқара ашты. Ошақ басынан көрінген әпке-апайларымыз тіл үйірер дәмді алдымызға ұсынып, қонақжайлық үлгісін көрсетті. Қазан-қазан асылған ет, сапырыла құйылған қымыз-қымыран, ыстықтай пісірілген бауырсақ, бәрі-бәрі меймандар алдына тосылды.  Дуалы ауыздарынан құнарлы сөз шығаратын ақсақалдар қауымы ақ баталарын беріп, ақжарма тілектерін ақтарды. «Әркімнің де өнерге бар таласы» демекші, әуезді әндермен қатар, қазақылық қалпы сақтаған домбыраның да үні естіліп жатты. Мерекенің соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиылғандар мәре-сәре болып тарқасты.

Т.АЙТБАЕВ

Мәліметпен бөлісу: