Күлкі ойыны көрермендер ойынан шықпады

Қағытпа қалжыңымен қыршып алып, әдемі әзілімен әңгіменің көркін кіргізу қазақ халқының тірлігіне жат дүние емес. Алдаркөсе мен Қожанасырдың мазмұнында мағына тұнған әзіл әпсаналарын жаттап өскен буын сатираны сахнаға алып шыққан Жайдарманнан да мән іздейтіні ақиқат. Көңілді көріністердің астарында шындық, тәлім, тәрбие, тәртіп, білім, ұлағат іспеттес ізгі құндылықтар жасырынса, онда ұтқан тұсымыз да осы.

Жуырда ғана өңір басшысының жүлдесі үшін жалауын желбіреткен жайдарман ойынының ойдағыдай өтпегендігін көрермен көрді, ел естіп білді. Кемшілік ұйымдастырушыларда ма, ұйымдаса білмеген құрамаларда ма? Оның да сыры белгілі.

Осы олқылықтардан сабақ алынды ма, әлде сол батпақтың балшығына қайта жығылдық па? Бұл сауалдың жауабын қала әкімінің кубогы үшін өткен әзілқойлар сайысын тамашалап отырып таптық. Облыс бойынша көш басында тұрған ауданымыздың орталығы, өзге шаһарлардан беделі бір қарыс биік орналасқан Үшарал басшысының жүлдесінің жеңімпазы қалай анықталды?

Жақында ғана «Жастар корпусын дамыту» жобасының аясында 1 млн. теңге қомақты қаржы ұтып алып, пікір-талас, салт-дәстүр, жайдарман үйірмелерін ашқан Е.Омархановтың жетекшілігіндегі «Ерекше көзқарас» клубы мен қала әкімдігінің ұйытқы болуымен түңлігін түрген жайдарман ойынына өңіріміздің түпкір-түпкірінен он беске жуық команда жиналып, З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінің іші көрмендерге лық толды.

Ұлт руханиятын рухани кемелденуге жетелеген Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы тақырып ретінде таңдалыпты. Көптің көмейінде бір ғана сұрақ: «Жаңғыруға жайдарманның нендей қатысы бар?». Ұлттық кодымыз бен генетикалық жадымыздың сақталуына, тарихи және мәдени құндылықтарымыздың, прагматизм мен патриоттықтық сезімнің жаңғыруына әзіл кештерінің әсер етуі неғайбыл екендігін түсінсек игі еді.

Бізді қынжылтқаны құрамалардың сапасыз ойыны мен сахналық мәдениетті сақтамаулары, теледидар экранында көрсетілген көріністерді көшіріп, жаңа дүние ұсына алмаулары болды. Аталмыш кемшіліктердің тамырын қуаласақ жастардың ұялы телефон мен ғаламтор ықпалына иланып, кітап беттерін парақтаудан жалтаруларына келіп тірелеміз. Ал бұл – айтылар сынның бір парасы ғана. Жекелей тарқатар болсақ, Теректі ауылдық округінен келген оқушылар жасы үлкен жайдарманшылардың дәті бара бермейтін «ұятты» тақырыптарды келеке қылып, әділқазы алқаларның да, көрермендердің де наразылығын тудырды. Өзге құрамалардың да ішінде «ішімдік, темекі, қорқор(колиян) тарту» секілді тұрпайы қылықтарды көріністерінде қолданып, қате басқандары болды. Алдын ала тексерудегі (редактурадағы) ескертулерді елемей, тыйым салынған дүниелерді қайта көтеріп, сынға іліккендердің ұпайы төмендетілгені тағы бар.
Алайда, «Жыланды қалай екен?», «Жас қазақ», «Қалжың айтамын», «Мыңбай жастары» командалары тақырыпқа орай тапқыр әзілдер ұсынып, қошеметшіл елдің қолпаштауына ие болды. Өзге топтар да арагідік халықтың тамырын дөп басып, түйткілді мәселелерді сатирамен түртіп өтіп, жұртты ойландыра да, күлдіре де білді.

Ұйымдастырушылар тарабынан кеткен қателіктің бірі, сахна төрінде орналасқан үлкен экраннан «Аудан әкімінің кубогы» деген хабарландыруды көрсетіп қоюлары болды. Меніңше, «аудан» мен «қала» сөздерін айыра білу үшін аса бір ойланудың яки ақыл жұмсаудың қажеттілігі шамалы.
Көңілді һәм тапқыр балалар бағаланған балдық есеп бойынша М.Мыңбайұлы атындағы орта мектептен келген «Мыңбай жастары» құрамасы үшінші, «Жыланды қалай екен?» командасы екінші, Қант зауыты орта мектебінің «Қалжың айтамын» қыздар құрамасы бірінші орынның мінберіне көтерілді. Ал, қала әкімінің кубогы Үшарал қазақ гимназиясының әзілқой жігіттеріне бұйырды.
Кеш соңында «Танысы көптің – тынысы кең» деп, қорытындымен келіспей, дау шығарған мұғалімдер мен оқушылардың қылығына қайран қалдық. Жеңсе де, жеңілсе де абыроймен көтеретін қазақи арда түсінік сұйылып бара жатқандай. Ұрпақ тәрбиесіне жауапты ұстаздардың өзі ұрысқа ұмтылып, ұстанымдарын жоғалтса, шатақ құмар болып бара жатқан шәкіртерден не сұраймыз?

Тағы бір айта кетерлігі, жарыстың уағдалы уақытта басталмауынан және ережеде бекітілген талаптардың сақталмауынан үш кезеңге бөлініп жоспарланған сайыстың соңғы «Сұрақ-жауап» сыны алынып тасталды. Жайдарманның кеш аяқталуына байланысты жүлдегерлерді марапаттау сәтінде көрермен таппай дал болдық. мектеп оқушылары қараңғыға қалудан қаймығып, үйді-үйлеріне таасып кетті ме, Әлде ойын қызықсыз болды ма, жүлдегерлерді марапаттау сәтінде көрермен таппай дал болдық.
Әрине, біткен іске сыншы көп. Дегенмен, жастар жалындап тұрса, іс-шараны сапалы ұйымдастырса, бәлкім кемшіліктер орын алмас па еді. Мен сынын айттым.мінді түзеу алдағы күннің еншісінде.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: