Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлердің қатысуымен кәсіпкерлер Палатасы Жамбыл аудандық филиалының шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша есептік кездесуі өтті.
Бұл есеп беру кездесуіне Алматы облысы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Салықова Римма Аждарқызы, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Абильшаиков Нариман Бақтыбайұлы, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлім басшысы Сұлтанбек Адлет Сұлтанбекұлы, Жамбыл ауданының әкімі Әлиев Бағдат Байшалұлы, Алматы облысы өңірлік кеңес мүшелері, аудан кәсіпкерлері, іскер әйелдер, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Аудан әкімі Бағдат Байшалұлы Әлиев бастаған меймандар ауданымыздың аяқ киім, киім және қолөнер туындыларын өндіріп жүрген кәсіпкерлердің көрмесімен танысып, оларға әкімдік тарапынан қандай да бір көмек керек болса қол ұшын созуға дайын екенін жеткізді. Жиында аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзат Қанатбекұлы Бөшеннің 2018 жылдағы атқарған жұмысының есебі мен кәсіпкерлер кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты кәсіпкерлер кеңесі мүшелігіне үміткерлердің өтініштері қаралды.
Жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімі Бағдат Байшалұлы: «Біз бүгін ауданымыздың тек қана ауылшаруашылық саласында дамып қана қоймай, өнеркәсіп саласында да үлкен жетістікке жетіп, тың жаңалықтар ашып жатқанының куәсі болдық. Оны көрмеде қойылған отандық, өзіміздің Ұзынағашта шыққан аяқ киімдер мен киімдердің, қолөнер туындыларынан көрдік. Көрдік те шын қуандық. Себебі, олардың тауарлары шет елдің брендті киімдерден кем түспей тұр. Бәрі таза былғарыдан жасалған. Бағасы да қолжетімді. Ендігі кезекте осы кісілер сол саланы одан әрі дамытып, дүкендер ашса нұр үстіне нұр болар еді. Біз сіздерге әрдайым қолұшын созуға дайынбыз»,-деп кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан барынша қолдау болатынын жеткізді. Аудан әкімінен кейін Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының Жамбыл аудандық филиалының директоры Бөшен Бекзат Қанатбекұлы сөз алып бір жылда атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта атқарылатын істердің жоспарымен таныстырды. Бекзат Қанатбекұлынан кейін кәсіпкер «Жартас-СН» ЖШС-нің директоры Мырзағалиев Марат Мырзағалиұлы сөз алып, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдауларды тілге тиек етіп, Бекзат Бөшеннің бір жылда атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға беруді ұсынды. Марат Мырзағалиұлынан кейін ауданыныңдағы іскер әйелдер төрайымы Молдашева Меруерт Сағындыққызы сөз алып, бүгінгі таңда ауданымызда кәсіпкер әйелдердің саны күн санап артып келе жатқанын, олардың да мемлекеттің дамуына өзіндік үлесін қосып жүргенін айтып, барша кәсіпкер жеткізді. Жиын барысында сөз алған Алматы облысы Кәсіпкерлер Палатасының директоры Әбілшайықов Нариман Бақтыбайұлы: «Расымен қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға көптеп көңіл бөлінуде. Сол үшін жаңадан кәсіп бастаймын деген жандарға немесе кәсібін одан ары жандандырамын деушілерге мемлекет тарапынан «Бастау бизнес» сияқты кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыратын оқулар қарастырылған.
Осындай оқуларды тәмамдаған кәсіпкерлерге одан әрі өз кәсібін дамыту мақсатында ең төменгі пайыздық мөлшермен несиелер де беріліп келеді. Кейбір жандар ол бағдарлама бойынша қаржылай көмек ала алмаса бізде одан да басқа көптеген бағдарламалар арқылы көмек барын біле жүрсеңіздер екен»,-деп кәсіпкерлерге өз кәсібін дамыту үшін қаржылай көмек көрсететін бірнеше бағдарламаның барын айтып, таныстырып өтті.
Жиын соңында аудан әкімі Бағдат Байшалұлы жиналған көпшілікке алғыс айтып, кәсібін дамытып, еліміздің өркендеуіне үлес қосамын деген кез келген кәсіпкерге қолдау білдіретіндігін, олар үшін есігі әрдайым ашық екенін жеткізді.