Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн. Қалың бұқараның ертеңі үшін алаңдаушылық танытып, алалыққа емес, даналыққа ұмтылар сәті. Себебі, болашақ үшін таңдау жасауда әркімнің де дауысы маңызды, пікірі салмақты.
Шекара шебінде шаңырағын тіктеген айдынды Алакөл ауданында да таң бозымен таласа сайлау учаскілері ашылып, тұрғындардың белсенділігі көрінуде. Таңдау жасауға талпынған қара-құрым халықтың ішінен жасы 88-ге келсе де мәуелі бәйтеректей тамыры кеңінен жайылған әулетін түгелдей бастап, 14 құрсақ көтерген батыр ана Шұғаева Жәмішхан әжейді ерекше атап өтуге болады. Тағдырдың иығына салған салмағынан белі бүгіліп, қолына таяғын ұстаса да әулетіне үлгі көрсетер ұстанымын жоғалтпаған батыр ананың бұл ісіне барлығымыз да ризашылық таныттық. 14 баланы дүниеге әкеліп қана қоймай, барлығын да ел қатарлы жеткізіп, еңбекте ғана емес саяси тұрғыдан да сауатты етіп жеткізгені байқалып тұр. Аналарының артынан ерген ұрпақтары да кемел келешек үшін өз таңдауларын жасауға келіп тұрғандарын жеткізді.
“Жаңа Қазақстанды құрамыз деп құр сөзге бой алдырудың қажеті жоқ. Жалған ұран, жалпақ сөзге тояттағанымызға қанша уақыт өтті. Енді ел болып бірігіп, нақты іске көшетін кезең келгендей. Бұл ретте барлығымыз да бүгінгі маңызды күнде дауысымызды аса құнды, пікіріміздің алтыннан қымбат екендігін ұмытпасақ игі еді. Себебі халық мемлекеттің басты қозғаушы күші, тұғыры. Біз өз болашағымызды өзіміз қалыптастыру керекпіз. Сол жарқын ертеңіміз үшін бүгінші сайлаудағы сарабдал таңдауымыз өзекті орын алмақ”-, дейді Шұғаевтар әулетінің үлкені Жәмішхан анамыз.
Сөзбен ғана емес, ісімен де өнеге көрсетер осындай тұғырлы тұлғалар аманда ұрпақ тәрбиесіне алаңдамасақ та болары сөзсіз. 14 перзентінен тарамдалып тараған әулет мүшелерін түгел ертіп, үлгі бола білген әжейдің бұл қадамына береке берсін дейміз. Барлығымыз да өз таңдауымызды жасайық.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл ауданы,
Жетісу облысы.