2020 жыл ешкімге де оңай соқпағаны рас. Пандемия салдарынан дүниежүзінде дағдарыс дауылы көтеріліп, әлемдік деңгейде экономикалық тұрғыдан құлдыраудың екпіні үдей түскені жасырын емес. Алайда, билік пен бұқара арасындағы өзара түсіністік пен сабақтастықтың арқасында еліміз барлығына да төтеп бере білді.
Карантиндік талап-ережелердің қатаңдығына қарамастан қызмет қарқынын кемітпей, өткен жылды табыспен аяқтаған аудандар қатарында Алакөл де бар.
Өткен жылы алдыға қойған межелер ойдағыдай орындалып, әр салада жоспарлаған нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл туралы аудан әкімі Әлібек Жақанбаев есепті кездесу барысында баяндады.
Қорытынды жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов онлайн форматта қатысты.
Алғашқы болып мінбер төріне көтерілген Алакөл ауданының әкімі Ә.Жақанбаев: «Жылдық жұмысты қорытындылайтын есептік кездесулер пандемияға байланысты үйреншікті үрдістен өзгеше өтті. Бұның барлығы – халықтың қауіпсіздігі мен коронавирустың таралуын тежеу мақсатында қолға алынған шаралар. Елбасы Н.Назарбаев бастама көтерген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын негізге ала отырып, есептік жиындарды заманауи коммуникация құралдары мен БАҚ-ты кеңінен тарту арқылы онлайн форматқа ауыстырдық. Тұрғындар аз шоғырланған елді мекендерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, кездесулер оффлайн үлгіде жалғасын тапты. Баршамыз үшін күрделі кезеңде ырыс-ынтымақты ту еткен берекелі ісіміз бен адал еңбекке деген ерекше ықыласымыздың арқасында межелі белестерден асып, жоспарларымызды асыра орындағанымыз қуантады. Сан салада қарқынын арттырған қызмет пен кәсібиліктің арқасында толайым табысқа кенеліп отырмыз.
Жылдық қорытындыға назар аударсақ, былтыр бұқарананың талап-тілегін тыңдап, пікір алмасу мақсатында барлығы 57 есептік кездесу өтіп, оған 9 мыңнан аса халық қатысты. Әр жиында тиісті округке байланысты келелі мәселелер көтеріліп, жұртшылықпен кеңесе келіп кесімді шешімдер шығарылды.
Қоғам мен тікелей байланыстағы аса маңызды мемлекеттік қызмет секторында 17 026 қызмет көрсетілді. Сандық сауаттылықты арттыру және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде 74 проценты электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылғанын айта кету керек»,- дей келе, 2020 жылы атқарылған ауқымды дүниелерге тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер жайында сөз қозғады.
Пандемияға қарамастан пайда көлемі кеміген емес. Әр салада ілгерілеу мен қарқынды даму айқын байқалады.
Сан мен сапа айырмашылығы – қызметтің қарқыны мен қолжетімділігінде байқалады. Сондықтан да, сапа формуласын салық жүйесін де пайдалану және қаржылық сауаттылық – экономикалық дамуың тірегі болып саналады. Осы ретте салық түсімдерін арттыруға бағытталған шаралар өз жемісін беріп отыр. Оған есепті жылда бюджетке міндетті төлемдерді жинау жоспары 106,8 процентке орындалып, 6 млрд. 256 млн. теңгеге жеткені айқын дәлел бола алады. Оның 4 млрд. 487 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің үлесінде болуы сапалы қызметтің көрінісі деп білеміз. Бұдан бөлек меншікті салық 3 млрд. 244 млн. теңгеге толығып, жоспар 106,5 процентке орындалған.
Аудан экономикасының қозғаушы күші саналар ауыл шаруашылығы саласында да атқарылған жұмыстар ауқымды. Өңір тұғырымызды тік ұстауға негіз болып отырған аграрлық секторда 2020 жылы өндірілген өнім көлемі 48,8 млрд. теңгеге жетіп, 106,9 проценттік межені еңсерген. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 84,8 мың гектар егіс алқабы игерілді. Толайым табысқа кенелуіміз ең алдымен талапты еңбек пен табанды қызметтің жемісі десек те болады.
Дихандардан бөлек төрт түлігін өрбіткен малшылар қауымы мен өзге де шаруашылық секторлары жылды жағымды өзгерістермен аяқтады. Орташа есеппен алғанда мал және құс басының саны 6,9 процентке, өндірілген ет, сүт және балық өнімдері 2,5 процентке артқан.
Аудан көгілдір көліндегі көл-көсір байлығымен де танымал болғандықтан, балық шаруашылығының да бабы келісіп отырғаны мәлім. Бұл саланың көшін сүйреп келе жатқан 3 зауыт жыл сайын қарқынын үдете түсуде.
2020 жылы «Болашақ бастау» серіктестігінде 500 млн.теңгеге балық өңдеу зауыты кеңейтіліп, 25 жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде өнім көлемі 2 мың тоннаға жетіп, Алакөл балығының 1,6 мың тоннасы экспортталған.
Қазақ халқының ата кәсібі мал шаруашылығында да маңызды дүниелер көптеп орын алды. Аталған саланы дамыту мақсатында «Алакөл Агро» серіктестігінде құны 700 млн. теңгеге 7 мың басқа арналған ұсақ мал бордақылау алаңы қолданысқа беріліп, 450 млн. теңгеге 9 мың бас ұсақ мал сатып алынды. Сонымен қатар, аталған серіктестік Алакөл даласына 300 бас түйені де жерсіндірген.
«Алакөл Аляньс» серіктестігі 450 млн.теңгеге Ресей елінен 1000 бас қалмақ тұқымды ірі қара малы сатып алса «Айманбетов» ШҚ 284 млн.теңгеге ірі қара малын бордақылау алаңының қуаттылығын 1000 басқа кеңейтті.
Бұл салаға жалпы 2 млрд. 25 млн. теңге инвестиция тартылып, 51 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға келсек, өткен жылы 182 млн. теңге алынған. Оның 69 млн. теңгесі мал шаруашылығына, 85 млн. қаражат өсімдік шаруашылығын қолдауға және 28 млн. қаржы ауылшаруашылығы техникаларын алуға берілді.
Суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесі де күн тәртібінен түсер емес. Осы орайда, «Ислам» банкі арқылы магистралды каналдарға екінші лот өткізіліп, күрделі жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Нәтижесінде 4,5 мың гектар суармалы егістік айналымға енгізілетін болады.
Жыл сайын қуаттылығы мен маңыздылығы артып келе жатқан өнеркәсіп саласында сапалы өнім мен жаңаша дүние ұсыну да басты назарға алынуда. Осы ретте өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 11 млрд. 845 млн. теңгеге жетіп, едәуір өсім байқалды.
«Айнұр и К» серіктестігі 188 млн. теңгеге бетон өндіру зауытын, 213,5 млн.теңгеге «Себепов» серіктестігі темір бетон өнімдерін шығару кәсіпорындарын салмақ.
Жергілікті экономиканы көтерудің бірден-бір кепілі – инвестиция. Есепті кезеңде бұл бағытта 41,8 млрд. теңге тартылса, оның 24 млрд. 759 млн. теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен болып отыр.
Атай кетсек, өткен жылы «Петрочемикал Транспортишн компании» серіктестігінің 6 функционалдық блоктан тұратын «Достық» индустриялық паркінің» құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 16,5 млрд.теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, 2021-2023 жылдары «TengizTransGroup» серіктестігінің Экспорттық және транзиттік жүктерді ауыстырып тиеу бойынша қызметтер ұсыну үшін қуаттылығы жылына 6 млн.тонна жүк тиеуге арналған «құрғақ порт» жобасы іске асырылуда.
Осы арқылы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия бағытында экспорт пен транзит артуына байланысты 29,4 млрд.теңгенің инвестициясы тартылып, 300 тұрақты жұмыс орны ашылады.
ҚР Президенті Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» деп атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар да көңіл қуантарлық. Ауданда 10,3 мың адамды жұмыспен қамтып отырған 3082 шағын және орта кәсіп субъектілері бар. Олар 67,1 млрд.теңгенің қызметі мен өнімін өндіріп, бюджетке 2,7 млрд. теңгенің салығын түсірді.
Карантиндік жағдайдың алғашқы соққысы өңірдегі туризм саласына тигені рас. Алайда шомылу маусымының екі айында демалушылардың саны 798,5 мың адамға жетіп, 4 млрд. 790 млн.теңгенің қызметі көрсетілді. 2020 жылы өз қаражаттары есебінен 750 орынды 15 нысан қолданысқа беріліп, аудан экономикасына 2,6 млрд.теңгенің инвестициясы тартылды.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында өткен жылы Алакөл демалыс аймағында демалушыларға арналған саябақ, жағажай волейболы, футбол және үлкен теннис корты қолданысқа беріліп, Ақши ауылына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Құны 2 млрд. 469 млн. теңгеге орталықтандырылған ауыз су және 1 млрд. 821 млн.теңгеге кәріз жүйесін ретке келіру, жалпы құны 6 млрд.теңгені құрайтын көл жағалауының 13,5 шақырымын бекіту жұмыстары қолға алынған.
Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылы Ж.Балапанов ауылының ауыз су жүйесі (553,5 млн.теңгеге) және Қабанбай ауылының су мұнарасы ағымды жөндеуден (53,6 млн.теңге) өтіп, нәтижесінде орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған елді мекендердің үлесі 85,7 процентті құрады.
Әр саланың дамуына ең алдымен жол сапасының әсері зор. Сондықтан да тас жолдардың халық талғамына сай болуы маңыздылығын жоғалтқан емес. 2020 жылы облыстық жолдарға 1 млрд. 546 млн. теңге және аудандық маңыздағы 16 елді мекеннің жолдарын жөндеуге 2 млрд. 115 млн. теңге қарастырылып, игерілді. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» бағытындағы 184 шақырым және «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» бағытындағы 149 шақырым жол құрылысы жүргізілуде.
Өңірдегі құрылыс саласында да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 13,2 мың шаршы метр тұрғын үй кіріске алынғаны соның бір дәлелі. Бұл саладағы қаржы 33 млрд. 337 млн. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 199,1 процентке өсті.
Аудан тұрғындарының өзекті мәселелерінің бірі баспана екендігі рас. Қазіргі таңда 1202 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Аталған мәселені шешу мақсатында Үшарал қаласында 7936 шаршы метрді құрайтын екі 20 пәтерлі және екі 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйлерді қолданысқа беру жоспарлануда.
Биыл қалың бұқараға игілігі молынан тиіп жатқан айтулы жобалардың бірі – «Ауыл ел бесігі». Қыруар қаражат қарастырылып, қоғам үшін талай толымды дүниелерге жан бітті. Бұл бастама аясында Қабанбай ауылына 10 жобаға 1 млрд.117 млн.теңге қарастырылып, ауылдық ауруханасы, 500 орындық мәдениет үйі, жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 8 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үстіміздегі жылы Актүбек және Көктұма ауылдарына 1 млрд. 91 млн.теңгеге 10 жоба іске асырылады.
Талай азаматтарды жұмыспен қамтып, ауылдардың көркеюіне қомақты үлес қосып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын да ерекше атап өту керек. Аталған жоба негізінде 1221 жұмыс орны ашылды. Бағдарлама арқылы 4 млрд. 492 млн.теңгенің 57 жобасы енгізіліп, жұмыстар тиісті жолмен атқарылды.
Білім саласына келер болсақ, 2020 жылы 514,5 млн. теңгеге Қайнар, 601,9 млн. теңгеге Безродных атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өтті. Балалардың қауіпсіздігі мен тасымалдауына 3 заман талабына сай автобустар сатып алынды. Қашықтықтан оқыту үшін жағдайы төмен отбасының, көп балалы, мүгедек балаларға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 306 персоналды компьютер, 1047 ноутбук, 264 планшет берілсе, жергілікті бюджеттен 190 млн.теңгеге 1184 ноутбук алынып. қажеттілігіне қарай таратылды.
Әлем халқын әбігерге салған пандемия кезінде денсаулық сақтау салысы мен дәрігерлер қызметінің маңыздылығына көзіміз әбден жеткендей. Коронавирус күллі адамзат баласына қауіп төндіріп, барлығымызды ортақ идея мен ортақ шешімге қарай жұмылдырды. Жұрт кеселмен бетпе-бет келгенде кемел шешімдер қабылданып, Алакөл аумағында айтулы дүниелер жүзеге асты. Өткен жылы қауіпті індеттің екінші толқынына дайындық мақсатында аудандық ауруханаға науқастарды оттегімен қамтамасыз ететін Түркия елінде жасалынған станция орнатылып, 220,1 млн.теңгеге 2 жедел жәрдем мен 1 жылжымалы диагностикалық медициналық автобус және 152,2 млн.теңгеге 69 бірлік медициналық қондырғылар сатып алынды.
Ауданда кіші медицина қызметкерлерін дайындауды да қолға алдық. Алматы қаласында орналасқан «Талант» медицина орталығымен медициналық колледждің филиалы ашылып, 4 мамандық бойынша жұмыс істеуде.
Баяндамадан кейін тұрғындар тарапынан бірнеше сауал да қойылды. Соның ішінде биыл Үшарал қаласындағы орталықтандырылған жылу мәселесіндегі олқылықтар жайында Ұлболсын Мәдиева сөз қозғап, кемшіліктерді реттеу бойынша қандай шаралар қолға алынғандығын сұрады. Аудан әкімі қыстың аязы қатты болуына байланысты жылу қазандығының қуаттылығы жетпегендігін тілге тиек етіп, ағымдағы жылы сұйық отынмен жұмыс істейтін тағы быр жылу қазандығының құрылысы басталатынын айтып өтті.
Сондай-ақ, Жайпақ ауылының тұрғыны Еламан Абиев егіндік пен бақшаға судың жетіспеушілігі жайында сұрақ жолдады. Бұл бағытта аталған округте канал тазалау жұмыстары жүргізілгендігі айтылып, округ әкіміне тиісті тапсырмалар берілді.
Артынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашов облыс аумағында атқарылған жұмыстарға тоқталып, Алакөл ауданында жоспарланған шаралар жайында сөз қозғады.
Тұрғындар тарапынан барлық істерге оң баға беріліп, жылы лебіздер айтылды.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл ауданы.