
Өзара түсіністік жағдайда
Жылдағыдай барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп берулері басталды. Биылғы бір ерекшелік, өңір басшысы күн сайын тек екі округтің жұртшылығымен кездесіп, жиыннан кейін қабылдау өткізуде. Мұң-мұқтажын айта келгендердің мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті бөлім, мекеме басшыларына тапсырма беруде.
Ынталы ауылдық округі
Бұдан бұрынғы жылдары кезек көштің соңында келетін бұл жер биыл беташар мәртебесіне ие болды. Жиналғандар округ әкімі Р. Мамырбековтің есебінеқанағаттанарлық деген баға берді. Жылдан-жылға халық саны өсіп келе жатқан елді мекеннің сұранысы да көбейе түсуде. Тұрғындардың басым бөлігін оралман ағайындар құрайтын ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қан жүгірген. Мал бағып, жер өңдеп, күн көріс жағын күйіттемесе ішіп-жемді ешкім әкеліп бермейтіндігін түсінген ынталылықтар таңның атысынан күннің батысына дейін білек сыбанып, еңбек етіп, соның жемісін жеуде. Оған дәлел ретінді кейбір азаматтардың өз қора-қопсысында 450-ден астам ұсақ мал өсіріп отырғанын айтсақ да жеткілікті. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа.

Ауылдың көркі де біршама жақсарып қалды. Орталық көшеге түңгі шамдар онатылып, мешіт бой көтерді. Жергілікті бюджеттен 60 млн.теңгеге жуық қаражат бөлініп, мәдениет үйі жөнделуде. Тұрғындардың өз күштерімен аллея жасасақ деген ойлары бар. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы дерлік орындалуда. Жалпы жағдай жаман емес. Тек округ аумағындаегістік, жайылымдық жердің аздығы істі ілгерілетуге қолбайлау жасауда. Аудан әкімі Ә. Жақанбаевтың қабылдауына жазылған 13 адамның көпшілігі осы мәселені қозғады. Енді бір азамат ата-аналардың атынан балаларының спортпен, оның ішінде күреспен айналысуларына мүмкіндік туғызылса деп өтініш айтты. Өңір басшысы мәдениет ошағы жөнделіп біткен соң соның бір бұрышынан орын бөлуді округ әкіміне міндеттеп, «Ұшқын» шаруа қожалығының жетекшісі Ділдебаевқа 1 млн.теңгеге күрес кілемін сатып әперуге қолқа салып, уәдесін алды.
Ырғайты ауылдық округі
Келесі кезекте аудан әкімі атбасын тіреген округтің әкімі Д. Мұқабаевтың былтырғы жылдың соңында тәуелсіздік күніне орай мемлекет басшысының Құрмет грамотасымен марапатталуы тек әкімнің ғана емес бүкіл жұртшылықтың еңбегіне берілген баға деуге тиіспіз. Өйткені округке қарасты екі елді мекенде де туризм саласы жылдап дамуда. Әсіресе Ақши ауылындағы оңды өзгерістер көз қуантады. Көл жағалауындағы көшелер асфальтталып, түңгі жарықтар орнатылып, ағаш көшеттері отырғызылып заман талабына сай демалыс орындары бой көтеруде. Инфрақұрылымның жақсаруы келушілердің легін көбейтуде. Демеушілердің көмегімен зәулім мешіт тұрғызылып, пайдалануға берілді. Көктұманың да екі-үш көшесіне асфальт төселді.
Жергілікті округ әкімнің атқарған ісі мен алдағы жоспары баршаға ұнады. Осы жерден шыққан кәсіпкерлерді көмекке шақырып, көпшіліктің күшімен көл жағалауына баратын жолдарды реттеп, спорт кешенін салсақ деген ойларын өңір басшысы басқаларға үлгі тұтуға тұрарлық екенін атап өтті.
Аудан әкімі Ә. Жақанбаев мырза өз баяндамасында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының аясында Қабанбай, бескөл, Достық, Көктұма, Тоқжайлау ауылдарында әр жыл сайын кезекпен үлкен жұмыстар атқарылатынан тілге тие кетті. Биыл Ақши, Көктұма елді мекендерінде 13 шақырым көл жағалауын бекіту басталмақ. Алғашқы 8 шақырымына 4 млрд.теңге қаражат бөлініп, мердігер де белгілі болды. Сондай-ақ Ақшиден Достыққа дейінгі күрделі жөндеуден өткізу қолға алынбақ. Көктұма-Тоқжайлау жолына асфальт төселіп, көпірлер салынбақ. Ақшиден тенис корты, жағалау волейболын және футбол ойнауға арналған алаңдары мен жазғы концерттік залы, бассейні бар саябақ көпшілік игілігіне берілмек. Бұған қоса аудан әкімі «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығымен Көктұма ауылының маңында поезд тоқтайтын аялдама жасау, оған баратын жолды тас төгіп, реттеу мәселелері көтеріліп жатқандығын айтып, жұртты бір серпілтіп тастады.
Екі кездесудің барысында да өңір басшысы атқарып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға беріліп, бірқатар қариялар алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.
Қамысқала ауылдық округі
Аталған округ әкімі А.Бүтіншінов өз сөзінде 2019 жылы ақарылған жұмыстар легімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Негізінен округ тұрғындарының тұрмысы көңілге қонымды. Белгіленген жоспарлар да артығымен орындалып, жақсы көрсеткіщтерге қол жеткізген.
Есепті жылда атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек, округте 1000 бас ірі қара мал, 430 жылқы,200 ұсақ мал тіркелген. Былтырғы есептік кезеңмен салыстарғанда мүйізді мал 20, жылқы 128 басқа өскен. Биылғы мал қыстату науқанына 3520 тонна шөп және 52 тонна құрама жем дайындалған. Сондай-ақ «Алакөл флэш» ЖШС осы жылы 20 млн теңгеге ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр.
2019 жылы аудан бойынша 380 тонна балық аулауға рұқсат берілген. Ауылдағы «Алакөл балығы» ЖШС 133 тонна балық өңдеп, Қазақстанның ішкі нарығына жіберген. Алакөл ауылында «Әділ» шаруа қожалығының инкубцехы 3,5млн сазан балығының шабақтарын көлге жіберген.
Округ бойынша жеке меншік автокөлік салығы 2млн. 777 мың теңгені құрап, жоспар 148,4% пайызға орындалды.
Ауылда көптен бері шешімін таппай келе жатқан негізгі мәселе су ішінде тұрған электр бағаналары болған. Өткен жылы аталған тақырыпқа нүкте қойылып, 100 бағана жол шетінешығарылды. Соынмен қатар жаңа электр станциясы Алакөл ауылының маңына орналастырылды.
Облыстық маңызы бар жолдар бойынша Үшарал-Қамысқала тас жолының 6 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауылда 175 үйге су кіргізіліп, 2019 жылы ауыз су жүйесі толық жөндеуден өткен. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 5 млн.300 мың теңгеге спорт алаңы да салынды.
Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ,фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын салу үшін жер телімі бекітіліп, берілген.
Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев өңіріміздің 2019 жылғы даму даңғылына тоқталып, жуық жылдарға арналған жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ ауыл халқын жекелей қабылдап, көптеген сауалдарына жауап берді.
Ақтүбек ауылдық округі
Округ басшысы Қ.Тұрлыбеков өз баяндамасында өткен жылдың қорытындысымен таныстырып, әр салада атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп шықты.
Таразыға түскен жылды тарқатар болсақ, округте өткен 2019 жылы барлық негізгі бағыттар бойынша экономикалық өсу қарқыны сақталған. Өткен жылы республикалық бюджеттен 2 млн. 267 мың, жергілікті бюджеттен 17 млн. 284 мың теңге бөлініп, қаражат толықтой игерілген.
2019 жылы 1928 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары себіліп, 2018 жылмен салыстырғанда 75 гектарға артқан. Шаруа қожалықтары 90 гектар жерге күздік бидай, 55 гектарға жаздық арпа, 1661 гектарға қытай бұршағын (соя), 91 гектарға көп жылдық шөп (жоңышқа), 120 гектарға күздік бидай, 31 гектарға бақша дақылдарынсепкен. Округ бойынша алынған субсидия (гербицид алуға) көлемі 538 мың теңгені құрады. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Сая» жеке кәсіпкерлігі «Алакөл» несие серіктестігінен 1 млн. 600 мың теңге несие алып, жұмысын жүргізуде. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына тоқталсақ, 2100 тонна табиғи шөп, 675 тонна көп жылдық шөп (жоңышқа) және 850 тонна сабан, 300 тонна құрама жем дайындалған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Аман» ЖК 2,1 млн. теңге несие алып, ірі қара малының басын көбейткен.
Қорытынды сөз алған өңір басшысы Ә.Жақанбаев ауданда жасалған жұмыстарды шолып, алдағы жоспарларымен де таныстырды. Және де жиын соңында тұрғындарды қабылдап, баспана, жұмыс, жер мәселелерімен келген бұқарарның талап-тілегіне тіисті жауаптар берді.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.