Үлкен серпіліс бермек

Күні кеше ғана ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялады. Мемлекетіміздің алдағы уақыттағы даму жоспары мен әр саладағы ревормалар көрініс тапқан бұл Жолдау еліміздің жаһандық бәсекелестіктегі бәсінің жоғары түсуіне түрткі болмақ.

Олай дейтініміздің бір себебі «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты төртінші тарауында көтерілген түрлі тақырыптар ел мүддесін көздеп, бүгінгі қоғамда түйіткілді болған мәселердің шешімін табуға бағытталған.

Аталған тарауда алғашқы болып білім беру саласын жақсарту тақырыбы таразы басына түсті. Ауыл мен қала мектептеріндегі орта білімнің деңгейін теңестіріп, ауылды аймаққа жас мамандарды тарту ісі жіті назарға алынбақ. Ал бұның бір жолы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы.

Мен де өз басым осы бағдарламаның игілігін көріп отырған ұстаздың бірімін. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін көп жастар секілді қала кезбей, ауылды жерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысуды мақсат еттім. Осы ретте Лепсі ауылдық округіне жұмысқа орналасып, бір жолғы көтерме қаражат пен баспана алу үшін пайызсыз несиеге де ие болдым. Ал өмір жолын енді бастап келе жатқан жас маман үшін бұл таптырмас мүмкіндік дер едім.

Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Жолдауында нақты білім саласын өркендету және мұғалімдердің мәртебесін көтеру ісін қолға алғаны өте құптарлық жайт. Әр ұлттың даму даңғылына назар салсақ ең алдымен біліммен, ғылыммен көшбасшы болып отырғандарын аңғарамыз. Ал сол ілім, білімнің қайнар бұлағы, мектептен, мектептегі ұстаздан бастау алмақ.

Сонымен қатар Президент жоғары оқу орнына түсу мен түлектердің болашағына аса алаңдаушылық танытып отыр. Ел тізгінін ұстар жеткіншектерді дұрыс бағытқа бұру, сол арқылы Қазақстанның қуатты келешегін қалыптсатыру жаһандық бәсекелестік өршіген заманда ұпайымызды ұтымды түгендеу үшін өте қажетті дүние.

Ал білім саласына қатысты, нақты ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған өзгерістердің бірі мұғалімдердің жалақысының 25 пайызға өсуі болмақ. Ертелі-кеш мектеп қабырғасында шәкірттерін шыңдау жолында аянбай еңбек ететін педогогдардың бұл жанқұярлығының бағалануы – ертеңгі сапалы білім мен саналы ұрпақ өсудің кепілі болмақ.

Ең келелі жоба ретінде көпбалалы және аз қамтлған отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау мақсатындағы жол картасының әзірленуін айтар едім. Қоғамның осал топтарына көмек көрсетіп, олардың ішінен озық әрі үздіктерін саралап, даралау ертеңіміз үшін керекті қадам. Себебі тағдырдың тайғақ жолдарында төселіп өскен жеткіншектердің биіктерден көрінуе демеу беру арқылы біз өжет, төзімді, талапты, табанды ұрпақ қалыптастырмақпыз.

Сөзімнің соңында мемлекет басшысы Жолдауында көтерген әр тақырыптың өзекті екенін айтқым келеді. Және де біз жас өркендер осы жолда бар күш-жігерімізді сарп етіп, адалынан еңбек етуді қолдаймыз. Президент көрсеткен әр мүмкіндіктің шекпенінен ұстап, жарқын болашаққа қарай бір қадам жасаймыз.

А.ОРАЗОВ,

Лепсі орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: