Нарықтық экономиканың асығы алшысынан түсіп, дидары өзгерген дәуірдің сын-қатері көптеген мемлекеттердің іргесін сөгіп, шаңырағын шайқалтқанын көзіміз көрді. Бірталай бақуатты елдер материалды яки моральді дағдарыстарға шыдас бермей, іштей ыдырап, сырттай бүлінгендерінің де куәгері болдық. Бұл қауіптердің жекелей ұлттарға ғана емес, жалпы дүниежүзі халықтарына бірдей ықпал ететіндігін түсінген Елбасымыз Н.Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» жобасын қауым талқысына ұсынып, бірауыздан қолдау тапқанын білеміз.
Алпыс қырдың артқы жағындағы айтулы деген мәселелерді аңғарған мемлекет басшысының бұл идеясы бүгінде идеологияға айналғаны көзі қарақты жандарға таңсық емес. Әсіресе, ұлт жоспарының ұтымды тұстарының бірі «Біртектілік пен Бірлік» тақырыбындағы төртінші бөлімі. Бар жоғы алты қадамды қамтыған бөлімде «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық актісі мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасы әзірленіп, жүзеге асырылған болатын. Мәні мен маңызы ерек қос идеяның аясында өңірімізде көптеген келелі істер мен кемел бастамалар көтеріліп, этносаралық татулық, конфессияаралық біртектілік, азаматтық келісім мен діни ымыра жаңа межені бағындырдып, мерейіміз арта түсті. Көңілі дархан, құшағы кең өлкенің төсінде 16 ұлттың өкілдері бір атаның баласындай, бір ананың перзетіндей бірлік туы астында бірегей тірлік кешуде. Оған бүгінгі таңда ауданымызда 31 діни бірлестік, 26 үкіметтік емес ұйымдар мен татар және словян этно-мәдени орталықтарының белсенді түрде қызмет атқарып тұрғандығы дәлел бола алады. Аталмыш мекемелер өзге этнос өкілдерінің тілін, дінін, салтын, дәстүрін ұстануға ұстын болып отырғандығы мәлім. Мыңжылдықтан мәңгілікке аттаған еліміздің тарихына үңілсек, кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінімізден жарқын екендігін аңғарамыз. Ал дәл осы дәреженің дәрегейіне көтерілуіміз тек қазақ руханиятының ғана емес, барша ұлттардың ортақ жеңісі. Себебі, тірліктеріміз бөлек болғанымен тілектерімізді бір арнада тоғыстыра білдік, мәмілешіл мемлекетке алынбас қамал жоқтығын бек түсіндік. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар еліміздің тастүйін
ымырашылдығының арқасында қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған, тыныштық үстемдік құрған Ұлы даланы билеп-төстеудеміз. Біз, жастар, атадан балаға мирас болып қалған, ұрпақтар сабақтастығының негізі болған «Бірлік» ұғымын саф алтындай сақтауға уәде береміз. Осы құндылығымыздың құнын түсірмей, қалыбына құйылған қалпы келесі буынға табыстауға ант етеміз.
Ж.НАУРЫЗБАЕВ,
аудандық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі.