Ұлттар достастығы – мемлекет тірегі

Қарт тарихтың қатпарлы қойнауын ақтарып, кешегімізден сыр тартсаңыз сонау сақ пен ғұндар дәуірінен бүтіндігіне сызат түспеген еліміздің тастүйін ымырашылдығына қайран қаласыз. Қандай жағдай болмасын береке-бірлігінің арқасында аман қалып, ұлан-ғайыр атырапты билеп-төстеген қазақтың ең асыл қасиеті де осы. Бір қуантарлығы, бұл үрдіс ғасырлар тоғысында да өз құндылығын жоғалтпай, саф алтындай сақталған татулығымыздың күшімен егемендікті де еншілей білдік. Құдайға тәубә, ашық аспан астында қанатымызды кеңінен қағып, мұзарт шыңдарға қарай самғап барамыз.

Қоғам арасындағы өзара түсіністік, ұлттар дотастығы мен конфессия аралық келісім – мемлекет дамуының негізгі тірегінің бірі. Кеңестік кер заман тұсында қазақ даласына қаншама ұлт өкілдері жер аударылып, зар-мұңынан басқа ештеңесі жоқ күйде келді. Сол кездері ата-апаларымыз нағыз бауырмалдық пен жанашырлықтың ерен үлгісін танытып, өз аузынан артылмас нанын да бөлісті, жанын да бірге сақтап қалды. Қай мемлекеттің өткеніне үңілсеңіз де дәл біздің бабаларымыздай кең құшақ жайып, бүтіндей ұлттарды аман алып қалған халық кемде-кем. Төскейде жатқан малынан асқан бағалы дүние жоқ деген еліміздің басты байлығы да осы бірлік құмарлығы мен достық сезімі еді. Тәуелсіздік жылдары сол ұлттардың ұл-қыздары Қазақстанның дамуына өзіндік үлестерін қосып, ортақ Отанымыздың өркендеуіне септіктерін тигізді һәм тигізіп келеді.

Осы ретте аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жетісу жастары ұйымының Конгрессі» ЖҚБ-ның ұйытқы болуымен Ақши ауылында «Ұлт аралық келісім – зайырлы қоғамның талабы» тақырыбында семинар өтті. Оған ауданның қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүрген азаматтар, айтары бар жерлестеріміз, алдыңғы толқын өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, ҚХА мүшелері, энтомәдени бірлестіктердің өкілдері, белсенді жастар қатысты.

Тәуелсіз елімізде, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің де берік негізі қаланды. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта отырып, өз Отанымыздың кемелді келешегі үшін, баянды болашағы үшін адал қызмет ету. Дәл осы тақырыпта екі күн бойы «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшесі Владимир Чепель өзінің құнды мәліметтерімен, ақпараттарымен бөлісті.

«Тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласып жатыр. Елбасы айтса айтқандай, Қазақстанды тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір ұлттар мен ұлыстар мекен етіп отыр. Олар көк Тудың астында бірігіп, туған жердің абыройын асқақтатқысы келеді. Мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет болуды мұрат тұтады.

Бірлік пен келісім ел дамуының бастауы болды. Киелі қазақ жерінің көркеюі, бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз»,-дейді В.Чепель.

Шара барсыныда қатыушылар тарапынан түрлі сауалдар қойылып, ұлт аралық келісім мен достықтың маңыздылығы толықтай талқыланды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: