Ағымдағы жыл Қазақстан үшін ауқымды істерге, айтулы өзгерістерге толы болды. Солардың ілкімдісі әрі ілгеріндісі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы тәлімді туындысының жарық көруі. Ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын іріктеп берген келелі ой, кесімді пікір, кемел шешімдерге құрылған құнды құжатта рухани кемелденудің ұтымды бағыттарының бірі ретінде «Ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесі мінберден көрінді.
«Мәңгілік ел» атануымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген азаматтарымыз көп болса, өркениетті, өктем мемлекеттер көшін бастауға лайықты деп танылмақпыз. Осы ретте ескіден қалған ессіз дүниелерден, даму процесінде кежегемізден кері тартқан көне заманның көгерген түсініктерінен арылып, талабы өскен, талғамы қатаңданған дәуір ағымына жаңаша көзқарасты қалыптастыруға ұмтылғанымыз абзал. Рухани жаңғыруды бір бағыт арнасында емес, әркім өз діліне қарай тәпсірлегені абзал. Себебі, бірлік туы астында, бір табақтан ас ішіп, бір таяқпен мал баққан түрлі этнос өкілдерің өздеріне ғана тән бірегейліктері бар. Тілегіміз ортақ болғанымен, тірлігіміз оқшау. Ендігі міндет, жаңғыруға жапа-тармағай бас салмас бұрын, әркім төл менталитетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, жөн-жоралғыларын екшеп, ұлттық құндылықтарының қағынан ажырап қалмаудың қамын ойластырулары керек. Рухани мәдениетті қалыптастырмас бұрын өткенге үңіліп, озығын сүйреп, тозығын күйреткеніміз абзал. Өйткені, әр қате қадамымыз дамыған елдер қатарына қосылудағы мақсатымыздың маңдайынан қақпақ.
Түгел сөздің түп атасы Майқы биден басталып, төңкерілген елге төрелігін айтқан төбе билер мен жазғандарының арасына сөз сыймайтын Абай мен Мұқағалидан, Мұхтар мен Ғабиттен мұраға қалған төл әдебиетіміздің, Әсет пен Біржан әуелеткен, Күләш пен Майра майын тамызған музыкамыздың, Құрманғазы күңірентіп, Тәттімбеттер тәнті қылған күй өнеріміздің, жыр алыбы Жамбылдың атын асқақтатып, сөз сүлейі Сүйінбайдың атағын аспандатқан айтысымыздың тамырын тереңге жая түскеніміз, ұтқан тұсымыз.
Осы ретте біз өзіміздің кім екендігімізді және кім болғымыз келетіміздің астарына ай жарығын түсіріп, анығын айшықтауымыз керек. Содан кейін ғана кеудемізді көтере, рухани жаңғырудың келесі сатысына табан тіремекпіз.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.