Қазіргі кезеңде қоғамда «бәрі сатылады», «бәрін сатып алуға болады» деген қате көзқарас қалыптасып қана қоймай, оңай баюдың жолын іздеу, сатылғыштық, жағымпаздық, билікке жөнсіз ұмтылу, билік үшін жосықсыз бәсекекелестік, байлықты барлығынан жоғары қою, адами қасиеттен жұрдай әрекеттерге бару, заңдылықты мойындамау, құқықтық тәртіпті бұзу, сеніп тапсырылған мемлекеттің байлығын оңды-солды тонауға жол беретін әрекеттер орын алып жатқаны белгілі.
Адамның адами қасиеті кетіп, басқаның байлығына көз тігу, одан қалды мемлекеттің байлығына қол сұғу, адамның байлығы үшін сыйласу, сол жетістікке жету үшін барын салу (арын сату), заңды ойланбастан белшесінен басу жағдайы орын алғандықтан, қазіргі кезеңде қоғамдағы өткір мәселелердің бірі – қылмыстың алдын алу, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен санасын қалыптастыру, оған қарсы тұра білу қабілетін дамыту, «нөлдік төзбеушілік» ахуалын жасау, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттау аса маңызды, кезек күттірмейтін, өзекті де, күрделі мәселелеге айналып отыр.
Ата – бабаларымыз ешуақытта қазақ қоғамында қалыптасқан құндылықтарды ешуақытта тауар деп қабылдамаған, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тетік, өмірлік ұстаным ретінде қараған. Ал батыс өркениетінде бұл тұрғыдан ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату (сатылу) және пайда табуды көздегендіктен қазіргі кезеңде жастардың арасында еліктеушілік басымдық таныта бастады. Сондықтан қазіргі жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, түсіндіру маңызды.
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ол — тәрбие мен оқытуға бағытталған қазыналар. Оларға: меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, салт – дәстүр, ұлттық ерекшелігіміз, ұлттық тағам, ұлттық киім, т.б.
Осы орайда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті құқық және экономика факультеті құқықтық пәндер кафедрасы Жетісу жеріндегі білімнің қара шаңырағында білімгерлерге академиялық адалдықты насихаттап, құқықтық білім беріп қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананың қалыптасуы, парасаттылық, ұлттық құндылықтар, академиялық адалдық талаптары, оның орындалуы, талаптарды сақтамаған жағдайда салдары туралы университет бойынша барлық білім беру бағдарламалары қамтылған «Құқық негіздері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» атты пән бойынша дәріс оқуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, білімгерлер осы өзекті тақырыптарды қамтитын әртүрлі байқауларға, жарыстарға қатысып, бағын сынайды.
Өзім жетекшілік еткен «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 3 курс білімгерлері Амангельдинова Анеля Женисовна мен Доспай Даниал Жексембайұлының академиялық адалдық туралы эссесі 2023 жылдың желтоқсан айында Өскемен қаласында «Inn & Science Asia» ғылыми—білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Цивилист» атты ІҮ республикалық байқауда 23 жұмыстың ішінде үздік деп танылып, І орынға ие болды.
2024 жылы 22 қазанда әл — Фараби атындағы ҚазҰУ өткен «Академик С.Сартаевтың ғылыми мұралары» атты республикалық эссе байқауында 2 курс студенті Мұратұлы Самраттың эссесі елуге жуық жұмыстың арасында жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.
Университетімізде білімгерлерге білім беріп қана қоймай, олардың бір-біріне жанашыр, бауырмал, шынайы достық, әдептілік, өтірік айтпау, алдамау, үлкенге құрмет көрсету, мейірімділікке баулуды және осы қасиеттерді қалыптастыруды көздейтін іс-шаралар арқылы ата – бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін ұрпақ тәрбиелейміз деген сенімдеміз!
Тинистанова Салтанат Сайдахметовна,
Жетісу университеті, құқық және экономика факультеті, құқықтық пәндер кафедрасы, тарих ғылымдарының кандидаты.