Мүмкіндіктер көкжиегі кеңеюде

Аудан орталығы Үшарал қаласынан кейінгі ең үлкен елді мекен саналатын Бескөл ауылдық округінде қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламсы аясында біршама жұмыс өз жүйесін тапқан. Округ әкімдігінен бөлек үш білім ордаларында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, халыққа көптеген жағдай жасалуда. Әкімдік пен мектептерде арнайы маман бекітіліп, әр тұрғынға егов электронды порталынан қызмет алу жолдарын үйретуде.

Жуырда аудандық мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің басшысы Е.Төкенов пен халыққа қызмет көрсету орталығының маманы М.Талғатұлы егов порталынан анықтамалар алу жолдарын тұрғындарға  түсіндіріп қайтты. Бір айта кетерлігі округ әкімі мен қызметкерлер де бұл жаңашылдыққа деген қызығушылықтарының жоғары екендігін аңғартты. «Бұлақ басынан тұниды» демекші ауыл басшысының да құлшынысының жоғарылығының арқасында тұрғындардың да ынтасы күннен күнге еселеніп келеді.

Округ әкімдігінің ғимаратындағы түсіндіру жұмыстарынан кейін Бұлақты орта мектебінде ауыл халқымен жиын өтіп, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының артықшылықтары мен егов электронды порталының тиімділігі толықтай насихатталды.

Жиналғандар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кездесу барысында анықтама алып көрді. Кезінде аудан орталығынан арнайы барып уақыт пен қаражат кетіріп жүрген тұрғындар бұл іске дән риза. Ауылда үгіт насихат жұмыстары да жүйелі жалғасын табуда. Әлі де атқарылар жоспарлар ауқымды. Ол жайлы округ әкімі Н.Бейсембаев өз сөзінде айтып өтті.

Ең қымбат байлық уақыт болса, егов электронды порталы сол уақытты үнемдеудің бірден бір жолы. Себебі сіз үйден шықпай-ақ кез-келген мемлекеттік қызметті алып, жұмысыңызды дер кезінде аяқтай аласыз. Бұны жіті түсінген Бескөл ауылдық округінің берекелі халқы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына айтар алғыстары мол екендіктерін жеткізуде.

А.АСХАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: