«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздар қауымының қоғамда алар рөлі ерекше, құрметі жоғары. Қай заманда болмасын ұстаздық еткен тұлғаның орны – төрде. Ұстаздық ету – екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет.

Әлемде мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ел басқарған Елбасшысы да, ғылым иесі ғалым да, адам өмірін ажалдан арашалап жүрген дәрігер де, ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметкерлеріміз де, сондай-ақ басқа да саланың тұлғаларының барлығы ұстаздың тәрбиесінен өткен жандар.
Тәуелсіздігімізді алып, көп туымызды көкке тігіп, ұлттық құндылықтарымыздың мәртебесін көтеріп, қазақ халқын әлемге танытып, мемлекеттер арасынан озық болуға ұмтылған тұста ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де көңіл бөлінуі шарт. Ал жас буынның саналы болуы, сапалы біліммен сусындап өсуі – ұстаздарға тікелей байланысты.
«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаздың жолы – ұлы жол. Қазіргі уақытта білім беру кеңістігінде тәжірибелі де, білімді, өз мамандығының хас шеберлері жетерлік. Келешектің қандай болатынын осы ұстаздар қауымының еңбегімен өлшеуге болады десек артық айтпағанымыз.
Еңбек демекші, ауданымызда ұстаздықты ұлық тұтып, ұлағатты мамандықты еншілеген әулеттер аз емес. Солардың бірі – Ахмедяровтар шаңырағы. Даналық пен даралықтың жолында ел болашағын тәрбеиелеуді парыз тұтып, білдей бір әулет ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу жолын таңдаған. «Арбаның алды қалай жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді», «Үлкенге қарап үлгі алар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бірі бұл отбасының педагогтік саланы меңгеруін пешенеге жазған десе, енді бірі ата жолын жалғастырушылар дейді.
Ахмедяровтар әулетінің ұстаздық жолын Төкеш атамыз бен Сақып апамыздың тоғыз пезентінің бір ұлы мен төрт қызы педагог саласын таңдап, мұғалімдік бағытты бастаған десе-ді. Қазіргі уақытта ұстанымы мықты ұстаздар қатарынан ойып тұрып орын алған тұлғалардың біріне айналып отыр. Оған қоса отбасының келіні мен алты немересі, тіпті немере келіні мен күйеу балаларыда білім ордасының майталмандары.
«Шәкірт тәрбиелеу – бала күнгі арманым»,- дейді Галима Төкешқызы. Бұл саланы жүрек қалауымен таңдап, айдынды өлкемізде өзінің жемісті де, жеңісті қызмет жолын жалғастырып келеді. Бүгінде ғұмырының 35 жылын мектеп ордасына арнаған.
Педагог мамандығын мәуелі бәйтеректің тамырындай кеңге жайған Ахмедяровтардың қызы Галима апайымыз келін болып түскен Хасеновтар әулеті де дәл осы саланың жанашырлары екендігін айтады. Қазіргі уақытта артынан ерген ұл-қыздарына екі шақырақтың ұлы тұлғалары үлгі болып келеді.
Кейіпкеріміз І.Жансүгіров университетін тәтамдағаннан кейін 2017 жылы ауданымызға қарасты Қарабұлақ ауылында өз қызмет жолын бастаған. Алғашында бастауыш сынып мұғалімі, артынша Үшарал №1 орта мектебінің директорының орынбасары, аудандық білім бөліміне бастауыш сынып әдіскері, әдістемелік кабинет меңгерушісі, Қарабұлақ орта мектебінің директоры, кейіннен Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектептің директоры қызметіне ауысты. Қазіргі таңда Үшарал қазақ гимназиясында директор лауазымында.
«Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы», — дейді. Міне осындай ұстаныммен Галима Төкешқызы өз ісіне аса қатты жауапкершілікпен қарайтындығын айтады. Оған дәлел білім ордасындағы жетістіктері. 35 жыл көлемінде атқарған қызметі үшін берілген Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары, марапаттары жетерлік. Айта кетерлігі биыл аудан атынан Ахмедяровтар «Ұстаздар әулеті» байқауына қатысып, облыс әкімінің қолынан 250 000 теңге сертификат ұтып алды.
Расыменде ұстаз тек білім беруші ғана емес, ұлт тәрбиешісі. Біз осындай ұлылардың жолын дәріптеп жүрген оқытушыларымыздың барында елдің болашағына, жастардың келешегіне сеніммен қарай аламыз.
Ж.КУМПЕИСОВА