Әр адамның өзінің бойына ерекше біткен таланты болады. Соның бірі – өнер. Ол – халық тарихының шежіресі. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әр түрлі сезімі бейнеленеді.
Жақында Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің қоры жаңа экспонаттармен толықтырылды. Экспозицияға өлкеміздің тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұратбек Қайранбайұлы Жүнісбековтың заттары қойылды.
Мұратбек Жүнісбеков 1944 жылы 1 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жауынгер елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Жүнісбек Қайранбайұлы 1914 жылы туған. Анасы Мәзілім Жазықбайқызы.
Кейіпкеріміз 1952 жылы сегіз жасында мектеп табалдырығын аттаған. 1963 жылы алғаш жаңа заң бойынша 11 сынып бітірген. Спортқа, өнерге деген талпынысы сол балалық шақтан басталған. 1960 жылы мамырда Алматыда өткен көркем өнерпаздар слетінде І орын иеленіп, әнші Б.Төлегенованың қолынан сыйлық алған.
1965-1968 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын Белоруссияда өтеген. 1966 жылы Минск, Смоленск, Гродно, Лида, Слупск, Баранович қалаларында өнер көрсеткен.
1971 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясын бітіріп, Алматы облыстық филармониясында жұмыс істеді. Жүнісбеков Мұратбек атамыз өзін әнші ғана емес, сонымен қатар он саусағынан өнер тамған шебер ретінде де көрсете білді. 1986 жылы республика қолөнер шеберлерінің көрмесінде, 1987 жылы Ялтада өткен көрмеде жүлдегер атанып, 1987 жылы Ашхабадта өткен қолөнер шеберлерінің бүкілодақтық көрмесінің лауреаты атағын алды. 1989 жылы өнер сапарымен Парижде өткен музыка аспаптары көрмесіне қатысты. Жекеменшік музыка аспаптары мұражайы бар.
Гастрольдік сапармен дүние жүзінің Чехия, Ангола, Туркия, Индия, Бразилия, Канада, Куба, Франция, Германия сияқты 17 мемлекетінде, Қазақстанның және бұрынғы Совет Одағының барлық республикаларының түкпір-түкпірінде болып, қазақ өнерін паш етті. 1991 жылы Францияның Париж қаласында жеке 10 концертін берген. Әміре Қашаубаев атамыздан кейінгі адам Мұратбек Жүнісбеков қазақ елін мықты екендігін танытқан.
1970 жылы «Қазақфильм» бірлестігімен «Қырғызфильм» бірігіп түсірген «Ыстықкөлдің қызғалдақтары» атты көркемфильмінде қазақ жігітінің рөлін сомдаған.
Отыздан астам ән жазған, оның ішінде «Әке туралы баллада», «Сары Шоқы», «Қазағым елім», «Ғасырыма жарасқан дастан адам», «Тәуелсіздік таңы», «Қабанбай жорық» сияқты патриоттық күйлер концерттерде жиі орындалып жүр. Бір әні «Жаңа ғасырға жаңа ән» атты байқауының дипломанты ретінде «Өнер баспасынан» шыққан жинаққа енді.Ақындық өнеріне келсек, бірнеше өлеңдер, әзіл-сықақтар жазған, оның ішінде «Ода-мода», «Қыздарға өсиет», «Рэкеттердің намазы» және «Құтқармас» атты поэмасы мен өлеңдері концерттік орындаушылардың репертуарларына енген.
Мұратбек Жүнісбеков республика жұртшылығына қолөнер шебері ретінде де әйгілі. Тарихи деректерге, аңыздарға сүйене отырып, 15 музыкалық аспаптың түрін алғаш шығарған. Олар: адырна, нар қобыз, жез қобыз, үшем, шіңкілдек, кең шанақты домбыра, мүйіз сылдырмақ, «Үш құлақ, бір бұрау» атты домбыра, сазген, лөк қобыз, сым қобыз, «бұлбұлсаз» атты аспап, сақпан саз, жетіқырлы дабыл, қылышпан.
Бұлардың ішінде «Үш ем» мен «Үш құлақ, бір бұрау» атты домбыра «Ықылас» атындағы Қазақстанның Республикалық музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы. Қалғандары фольклорлық-этнографиялық «Сазген», «Адырна», «Қобыз сарыны» атты ансамбльдерінде пайдаланылып жүр.
1985 және 1990 жылы Алматы қаласында өткен қолөнер шеберлерінің республикалық байқауында аспаптарының дыбыс ерекшелігі үшін 1 орын алып, ВДНХ-ның І дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
Тарихшы-этнограф, мемлекет қайраткері Ө.Жәнібеков М.Жүнісбековпен ақылдаса келе, оның қолынан шыққан аспаптарды пайдалана отырып, фольклорлық-этнографиялық «Адырна» ансамблін құрды.
1989 жылы М.Жүнісбековтың өнердегі орындаушылық және қолөнер шеберлігі жайлы 40 минуттық «Кәусар» атты деректі фильм түсіріліп, ол «Қазақфильмнің» алтын қорына енсе, Қазақстан-1 телеарнасының алтын қорына бірнеше бейнефильмдері кірген.
1977 жылы СССР Мәдениет Министрлігінің құрмет грамотасымен, 1989 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағына ие болған. 2001 жылы ҚР президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталды.
2003 жылы М.Жүнісбеков көне тарихи деректерге сүйене отырып, фольклорлық-этнографиялық «Қобыз сарыны» ансамблін құрды. Бұл ансамбль тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде теңдесі жоқ дара топ болып табылады.
2005 жылы қараша айында VІІІ халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Қобыз сарыны» ансамблі «Гран-При» бас жүлдесіне ие болды.
Жұбайы Зере Жексенбина екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген. Мұратбек Жүнісбеков 2018 жылы 4 наурызда дүниеден озды.
Г.МЕРЕЕВА,
Қабанбай батыр атындағы тарихи -өлкетану музейінің меңгерушісі.