Адам баласы жаралғаннан бері бай мен кедей, мықты мен әлсіз сынды қоғамдық бөлінулер де қалыптасты. Ауқаттылар қожайын атанса, тірлігін түзде жүріп күйттеген қарапайым халық құл саналды. Ақшаның, биліктің, байлықтың дәурені жүрді.
Құлдық сана жойылғанымен қаражаты көп қауым өкілдерінің мысы басылмады. Оларға қойылатын кедергі де кем, артылар жаза да аз. Себебі сыны алынғанымен сыры алынбаған сыбайлас жемқорлық, парақорлық секілді сананы улаған, сенім мен серіктестікке селкеу түсірген сырқат талай азаматтардың айылын тартып ұстауда. Айтақын істетуде.
Ақша бар жерде түйіні тарқатылмайтын түйткілді тақырып қалмады. Барлығының өз құны белгіленді.
Көптің көмейінде жүрген көл сауалдың бірі қоғам дертіне қалай қарсы тұруға болады.
Ол үшін әр адам түзелуді өзінен бастау керек. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынада айтылған ұлттық кодымыздың, генетикалық жадымыздың сақталуы үшін сыбайлас жемқорлық сынды дерттен аулақ жүргеніміз абзал. Рухани жаңғыра алған кез-келген азамат ел мүддесіне нұқсан келлтірмесі белгілі. Егер, сіз алмасаңыз, бермесеңіз онда тауарға деген сұраныс та азая түспек. Егер сіз бұл олқылықтың жолын бөгеу үшін бар ынта-ықыласыңызды, ерік-жігеріңізді арнасаңыз онда кемшіліктің кесірі кеми түсері айқын. Сіз пара бермесеңіз ешкім де бермейді, сіз алмасаңыз барлығы да алмайды.
Бізге көбіне айналаға айтатын ақылды айнаға қарап тұрып айтуды үйренген жөн. Себебі өзгенің сүрінгенін байқау оңай, өз жығылғанымызды мойындау қиынның қиыны. Ұлттық санамызға, болмысымызға, дінімізге, ділімізге де жат дүниеге қарсы тұрыду әр азамат өзінен бастағаны абзал. Сіз түзелмей қоғам да түзелмейді.
Е.ТӨКЕНОВ,
аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің басшысы.