«5-ші қазан күні әкімдіктің үлкен мәжіліс залында облыс әкімі А.Баталовтың қатысуымен Алматы облыстық мәслихатының кезекті VIII сессиясы өтті», — деп хабарлайды Алматы облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.
Өңір депутаттары, түрлі департамент, басқарма басшыларымен бірлесе күн тәртібінде біріншіден, өңір басшысы А.Баталовтың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдап, депутаттар тарапынан өз бағасын берді.
Облыс әкімі А.Баталов атқарылған жұмыстарды баяндап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде барлық көзделген индикаторлар іске асып жатқандығын және жыл соңына дейін жүзеге асатынын жеткізді.
Амандық Ғаббасұлы өз баяндамасында «8 айда жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді, облыс бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,4 процентті құрады, бұл республикада бірінші орын. 2,3% өсіммен 370 млрд.теңге инвестиция тартылды, оның ішінде өңдеуші секторға – 40,5 млрд. теңге немесе 124,5%», — деп атап өтті.
Баяндама соңында өңір басшысы облыс экономикасын одан әрі дамыту және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бойынша ағымдағы жылға белгіленген барлық жоспарлар орындалатынын және келесі жылы да осы қарқынды жоғалтпау үшін бар күш салатынын жеткізді.
Амандық Баталовтың баяндамасынан соң, депутат Г.Ерубаева және С.Нұрдәулетов жарыссөзде өңірдегі жұмыстарға облыс әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беруді ұсынып, халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты.
Сонымен қатар, сессия отырысында облыстың басқару схемасын бекіту, облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 14 ақпандағы № 27-171 «Алматы облыстық мәслихатының Регламентін бекіту туралы» шешімінің күші жойылды деп тану және соңғы мәселе осы уақытқа дейінгі облыстық мәслихат депутаты болған Д. Құрышбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселелер қаралды.
Депутаттар тарапынан бірқатар маңызды шешімдердің жобалары қаралып бекітілді. Оның ішінде партиялық тізім бойынша бос депутаттық мандатқа А.Сембаев ұсынылып, сессия қатысушыларына таныстырылды.
Жиын соңында өңір басшысы А.Баталов депутаттарымыздың облыстың дамуы жолында атқарылып жатқан жұмысына өз алғысын білдіріп, мақсат-міндеттерді іске асыруда жұмыс жалғасатынын атап өтті.