Он саусағынан өнер тамған

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр перзенттің пешенесіне жазылған заман ағымы бар. Сондықтан бізге бұйырған  ХХІ ғасыр басымыздағы бақ десе де болады. Яғни, барлық мүмкіндіктерге толы кезең.

«Еңбек бәрін жеңбек» дегендей, бүгінгі жастар еңбекқор, жаңашыл, ізденімпаз болып қалыптасуда. Осы ретте Елбасымыздың «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер.Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», — деген сөзі мемлекет пен ұлт ертеңі жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды. Жасыратыны жоқ, республикамыздың барлық өңірлерінде алғыр ұрпақтар саны көбеюде. Сондай белсенді жастардың бірі Үшарал қаласының тұрғыны Назым Арыстанқызы.

Оның мамандығы – тігінші. Мектеп қабырғасында жүргенде «Технология» пәнін сүйіп оқып, тігін тігуге деген құштарлығы Назымды арман жолынан адастырмады. Тек қызығушылықтан басталған өнер, бүгінде тұрақты кәсібіне айналған.  Түрлі байқауларға қатысатын мектеп және балабақша бүлдіршіндеріне әртүрлі концерттік киімдер тігіп, тапсырысты сұраныс берушінің көңілінен шығатындай сүйіспеншілік пен өнерге деген ыстық ықыласпен шеберлейді. Тұрмыс құрып, екі баланың анасы атанса да, үйде қол қусырып, бос отырғанды ұнатпайтын ол Үшарал қаласындағы техникалық гуманитарлық колледжін қызыл дипломмен тәмамдап, балалар шығармашылық орталығында тігін сабағынан дәріс беріп жүрген аяулы ұстаз. Сонымен қатар интернет-сауда арқылы табыс тауып, өзін де, өзгеніне де жетістікке жеткізіп келеді.

Қазіргі таңда еліміздегі білім беру мен тәрбиелеу саласының жаңаруы қазақ халқының  дәстүрлі өнер түрлерін зерделеуді, соның айналасындағы тәлім-тәрбие, тәжірибиені жастардың санасына сіңіруді қажет етеді. Сондай қажеттіліктердің бірі – халықтың қолөнері. Оның ішінде тігіншіліктің тәрбиелік маңызы зор. Ол өте қарапайым болғанымен шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді.Мәселен, бір тіккенде концертке қатысатын 20-30 баланың костюмін кескіндейтін Назым, көз майын ағызып, таңды таңға жалғайтын көрінеді. Жұмысты бастамас бұрын үлгісін бірінші қағаз бетіне түсіріп, сосын дайын эскизге жан бітіреді екен.Айтуынша, ине қолға іліккеннен кейін, шығармашылық шабытқа шек қою мүмкін емес. Сондықтан әр туындысы әрқилы. Бірі оюмен өрнектелсе, екіншісі әсем тастармен көмкерілген.

Шебермен сұхбаттаса отырып, алға қойған мақсаттарын сұрадым. Оның арманы өзінің үлкен шеберханасын ашып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, қарамағына өзі сияқты өнерлі жұмысшыларды тарту. Жаста болса, біраз тәжірибе жинап үлгерген арудың мінезі де өте қарапайым әрі жайдары екен.

Бағзы заманнан күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін жоймаған осынау өнерді тұтынушының талғамына жəне заманға сай икемдеп, нарыққа ұсыну кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс.

Назым Арыстанқызына өркениетті мемлекеттің гүлдене түсуіне сіңіріп жатқан жатқан еңбегінің жемісін көріп, армандары орындала берсін дегім келеді.

М.МАУЛЕНОВА,

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тілдері университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті.

Мәліметпен бөлісу: