Қазіргі дәуірдің дидары бөлек, сипаты басқа. Нарықтық экономиканың заманы жүріп тұрған уақыт. Әлділер құтылып, әлсіздер тұтылып жататын ғасыр. Жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықтың, көз қысты, бармақ басты әрекеттердің үдеп тұрған кезеңі. «Парақорлық», «Жемқорлық» іспеттес кеселдерің кесірі қонған заман.
Қай халықтың, ұлттың, ұлыстың болмасын даму қарқынын бәсеңдететін келеңсіз құбылыстың бірі – сыбайлас жемқорлық екендігі даусыз. Бүгінгі күні бұл тек жекелеген елдерге ғана емес, барлық әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ортақ мәселеге айналды.
Аталмыш індет ширек ғасырлық тәуелсіз тарихы бар Қазақстанды да шет айналып өткен жоқ. Кеңес үкіметінің ықпалында именген қазақ, олардың сайқал айласын да, кәззап тәсілдерін де үйренген болатын. Соның көрінісін тоқсаныншы тоқырау жылдарынан байқауға болады. Кебеже қарын, кең құрсақ ауқаттылар ірі-ірі зауыт-фабрикаларды, тиімді әрі табысты кәсіп орындарын жекешелендіру мақсатында талай аға-көкелердің қоржынын қампитқан еді. Бұйырған тіспен, бұйырмағанын күшпен жұлып әкететін кейбір «Дөделеріміз» де бұл мүмкіндікті уыстарынан шығармады. Сөйтіп, енді ғана аяққа тұра бастаған мемлекет қайта шалынды, қайта сүрінді. Содан бері жиырма бес жыдан астам уақыт өтті. Алайда, көксегендеріне жетпей қоймайтын көкелердің құйтырқы әрекеттері тыйылған емес. Бір қорқыныштысы бұл тек сыртқы көрініс, бергі көбік қана. Пәленше ұсталыпты, пәленше қамалыпты дегенді естіп жатқанымызбен олар тек майшабақтар ғана, ал алғанын алпыс қырдың артына жасырып, бергенін болмағандай қылатын «Бәке» мен «Сәкелер» бостандықта тайраңдап жүр. Заң жоқ емес, бар, бірақта пара алудың, берудің пайдасына құныққандар бұдан да құтылып кететіні жасырын емес. Себебі, заңды орындаушы да, белгілеуші де көктен түскен байлыққа кенелуден бас тартпайтыны тағы бар. Құлқыны тескен қаржы дегенін істетпей қоймайды.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу мүмкін болмай тұр. Ал оның зардабы қарапайым халыққа тиіп отырғаны хақ дүние. Бұқараның мүддесіне, тілек-талабына бөлінген қаржы көлеңкеде отырып ел қазынасына қол салғандардың қалтасына кетіп жатыр. Бұл мемлекеттің дамуына, өсіп-өркендеуіне орасан зор қауіп тудыратыны сөзсіз. Мұқым халықтың мұң-мұқтажын елемеген әпенділер тасадан тас атып, басқа тартса аяққа жетпей жатқан дағдарыс уақытында соққыларын үдете түсуде.
Сондықтан да, Елбасымыз айтпақшы төрден орын алған тірегі мықты тегеурінді отыз елдің жанына жайғасқымыз келсе ең алдымен – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білуімез керек. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді демекші жұрт болып жұмылып, бұқара болып бірігіп бұл кесапаттың жолын кесуге ат салысқанымыз абзал. Ұлы жол үйіміздің табалдырығынан басталғандықтан отбасымыздың әр мүшесінің санасына жемқорлықтың кесірі неге әкеліп соғатынын сыналай сіңдіруіміз қажет. Сонда ғана болашағымыз баяды, келешегіміз кемел болмақ.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.