Ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мәніне үңілсек, туған жердің мәдени һәм табиғи құндылықтарының құнын түсірмей, қырын сындырмай, қалыбына құйылған қалпы ұрпақтар иелігіне тапсыруды көздейтін «Прагматизм» түсінігі терең талданады. Себебі, ғасырлар бойы арын берсе де, жанын берсе де туған жерінің қарыс адымын жау табанына тастамайтын текті бабаларымыз сол кезден-ақ Жаратқан иеміздің жарылқауымен бұйырған әр дүниені үнемді, тиімді пайдалануды насихаттап, ысырапшылдыққа бой алдыру ырысыңды қашырумен пара-пар екендігін түсіндіруге тырысқан.
Ақтаңгер аталарамыздың аманатын аяқ асты қылмауды көксеген Ұлт көшбасшысы тағылымды туындысының алғашқы тарауының екінші бөлімін толықтай «Прагматизмге» арнады. Себебі, кеңірдектен қысқан Кеңес одағының отарында болған мезетте ұлан-ғайыр атырабымыздың төсінде небір зұлматты тірліктер тұқым жайды. Миллиондаған гектар жер аяусыз жыртылып, ат бауырын сипар шүйгін шалғынға оранған мәрт даламыздың маңғаз бейнесі морт сынып, бедеріне ғасырлар емі шипа берместей жаралар түсті. Жойқын қуат құшақтаған атом бомбасының дүрсілінен дүрліккен елде ес қалмады. Зымырандар заңғарға көтерілген даланың көркі көмескіленді. Бір қойы егіз туса, бір шөбінің басы айыр шығатын жомарт өлкеміз жоқтықтың кейіпін киді, шөл мен шөлейтке орнын берді. Бір балығы бір отбасын күн асыруға қауһарлы Арал теңізінің аңқасы кеуіп, арқасындағы тұзы сары құрлықтың сайын даласын кезіп кете барды. Күллі Қазақстанның түгін тартсаң майы шығатын құнарлы аумағы, құрбақаның терісіндей көк шықпайтын жерге айналды. Табиғаттың емес адам баласының қолымен жасалған экологиялық апатты өңір атандық.
Құдайға шүкір, егемендігімізді еншілегеннен кейін, тәуелсіз еліміздің тәубешіл азаматтары табиғатымыздың төл бедерін қайтару жолында талай алашапқын болды. Алайда, діттегендері орындалып, ядролық қару шекарамыздан сырт кетті, сексеуілдің өзі тамыр жаюға сескенетін Семей де ықылым замандағы сәнін қайтара бастады. Ақырғы демі естілген Арал да қайта тірілді. Жөн-жосықсыз, тек пайданың парқын ойлаған пенделік пейілмен көмбесі ақтарылған даламыз да тынысын кеңінен алды.
Енді міне, Елбасымыз көрегендік танытып, маңызы ерек мақаласында Қазақстанның әр тасы біз үшін алттыннан қымбат құндылық екендігін түсіндірді. Астамшылық пен ысырапшылдықтың арты неге әкеліп соғатынын көзіміз көрді, басымыздан өтті. Сол кесапаттың батпағына қайта жығылмау мақсатында «Прагматизмді» ту етіп, мәңгілікке аттанған сапарымызды үнемділікті үйрене түссек, бізге алынбас қамал жоқ. Бүгінгі көл-көсір дүниенің де өз есебі, сұрауы бар.
Президентіміз бір сөзінде: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді»,- деп, ізгі қасиеттің игілікті тұстарын тайға таңба басқандай дөп көрсетті.
Таяу он жылдықтың ұранына айналу керек деген «Прагматизм» мен «Реализмнің» мән-мағынасына жіті көңіл бөлсек, рухани жаңғырудағы алғашқы саты аяқ астында қалмақ.
ЕСЕНБЕКОВ АЛМАТ.