Референдум — болашақ үшін таңдау жасаңыз

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты кезекті ХХХІ сессиясы ашылып, еліміздің өркендеуіне қажетті жаңа қадамдар жарияланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы К.Тоқаев Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу  жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.

Жиында Президент жаңа Қазақстанды құруда аянбай еңбектенудің, «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан сабақ алу қажеттігін, еліміздің дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесін мемлекеттік тілде насихаттаудың маңыздылығын, осы бағытта жұмыс істейтін ақпараттық құралдарды барынша қолдау керектігін, ішкі әрі сыртқы араңдатулардың еліміздің тұтастығына жік салмауы тиістігін, бейбітшілік пен бірліксіз болашақтың болмайтынын айтып кетті.

Референдумды қолға алған кезде Конституцияғы енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын енгізу жалпы халықтық сипат алмақ. Бұл жаңаша тыныс, тың леп. Мұндай шара сонау 1995 жылы өткізіліп еді. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Ата Заңға өзгерістер енгізу  халықтың еркіндігі мен бостандығынан хабар береді деген сенімдемін.

Күні кеше бейнеуүндеу арқылы референдум датасы бесінші маусымға белгіленді. Президент өз сөзінде бұл қадам ел болашағына жаңаша леп алып келетінін, «Жаңа Қазақстанды» құруға аса қажетті қадам екенін атап өтті.

Осы ретте ертеңіміз үшін дүйім жұртшылық болып таңдау жасап, келешекке біріге қадам басайық.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,

аудандық мәслихат депутаты.

Мәліметпен бөлісу: