Ел аумағындағы апатты жағдай барлығымызды да елең еткізгені рас. Қарғын судың қатері қаншама мың отбасыны барынан айырды. Топанның таяғы тиген жұрттың қайғысы күллі ұлттың қайғысы деп түсінгеніміз абзал. Қатерлі жерде қаперсіз отыру да жөнсіз. “Сен тимесең, мен тименің” кебіне еніп, жайбарақат жатуымыз қате. Сондықтан да мемлекет басшысы су тасқыны орын алмаған өңірлерде алдын алу шараларын ұйымдастыруды міндеттеді. Яғни, өзен арналарын тексеріп, арықтар мен каналдарды тазартып, су қоймаларындағы жағдайды үнемі назарда ұстау мақсаты тұр. Бұдан бөлек абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Расымен де апат айтып келмейтінін ескеріп, кез келген өзгеріске даяр отыруымыз қажет. Алда-жалда табанымызүа топан су келе қалса әзір болған абзал. Осы ретте барша ауыл және қала тұрғындарын үй маңындағы арықтарды тазартып, аулаларды күл-қоқыстан арылтуға шақырамыз.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ, “Алакөл” газетінің бас редакторы.