Тұғырлы тәуелсіздікке 28 жыл

Керей мен Жәнібек бастаған қазақ руханияты ұлт болып ұйысқалы бері небір зобалаңдарды бастан өткерді. Кейбір елдердің түсіне де кірмейтін алмағайып кезеңдерде, жойылуға шақ қалған мезеттерде барлық қиындыққа төтеп бере білді. Алайда тірліктері бөлек болғанымен тілектері ортақ елдің арманы да  бір арнада тоғыса білді. Ол – әлем мойындаған жеке мемлекет ретінде қалыптасу.

Міне, сол арманның орындалғанына, жүрегімізде күй күмбірлеп, көңілімізді қуаныш кернегеніне 28 жыл толды. Бабалар аманатына жан бітіп, балалары егемен елдің ұрпақтары атанды.Тарих қойнауында қалған мыңжылдақтан мәңгілікке қадам бастық. Мұқым қазақстандықтар үшінтәуелсіздік бесігінде тербелген 28 жылдың әр секунды дақымбат, қадірлі.

Алайда бұл белестердің биігін бағындыру бізге оңай соқпады. Тоқсаныншы тоқырау жылдарындағы толқулар, жаппай жұмыссыздық, жалақының уақытылы берілмеуі, азық-түлік тапшылығы, күн көріске қажетті дүниелердің жетіспеушілігі, ақшаның құнсыздануы, дағдарыстың белең алуы барлығымыздың бақайымыздан қаққаны тағы бар. Тәуелсіздікті алуымыздан оны қолымызда берік ұстап тұру қиынырақ тиді. Бірақ қазақ елі тастүйін ымырашылдығының арқасында сол заматтың солқылдақ өткелдеріне шыдас беріп, бүгінгі дәрежесіне жетті. Жұдырықтай жұмылған жұртқа алынбас қамал жоқтығын бек түсіндік. Дербес Қазақстан өзінің тәуелсіз тарихында талай жетістіктерге жетіп, мүмкін емес дейтіндей биік шыңдардан көріне білді. Ел ордасын ауыстырып, Сарыарқаның төріне сән-салтанаты, сәулеті келіскен алып мегаполис салуы, жойқын қуатқа ие атом бомбасынан бас тартуы, экономикалық нарықты бағындыруы, қуатты зауыт-фабрикалардың бой көтеруіне түрткі болуы, өндіруші саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруы, әскерін нығайтып, шекара сызығын бекітуі, төл теңгесін, рәміздерін, Конституциясын бекітуі, түрлі әлемдік ұйымдарға басшылық етуі оның биік потенциалын дәлелдеп отыр.

Тарих үшін қас қағым сәт саналғанымен, біз үшін талай мүмкіндіктерге жол ашып, қарқынды даму даңғылына түсірген осы уақыт аралығында елімізді әлем таныды һәм мойындады. Енді міне, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейіт күннің куәгері болып, берекелі де мерекелі тірлік кешудеміз. Бабалар арманы ақиқатқа айналып, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттермен тереземіз теңелді. Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық дүние.

Осы әрбір қазақстандық үшін қадірі артық Тәуелсіздің күніне орай аудандық З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, оған өңіріміздің белді, беделді азаматтары, атқамінерлер мен айтары бар алкөлдіктер, ақсақалдар мен белсенді жастар көптеп жиналды.

ҚР Мемлекеттік Туы сахна төріне көтеріліп, гимнімізді қосыла шырқаған қос толқын өкілдері залды ерекше гүлдендіріп жіберді.

Шараның шымылдығын ашқан аудан әкімі Ә.Жақанбаев ең қастерлі байлығымыз саналатын тәуелсіздіктің құнын түсіну, соны сақтап қалу жолында аянып қалмау басты міндет екендігін, 28 жылдық дербес тарихымызда Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының ықпалымен дамудың таңғажайып шыңдарын бірге бағындырғанымызды жеткізді. Сондай-ақ бірнеше азаматтарға марапат ұсынып, мереке күні мерейлері еселенгендерді құттықтап кетті. Олардың қатарында ҚР Президенті Жарлығымен  «Парасат» орденін алған белгілі кәсіпкер Е.Абдрахманов, «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне таққан аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы С.Бекболатов, «Шапағат» медалін иеленген О.Молдағожин атындағы орта мектептің директоры Р.Жаңабаева,ҚР Құрмет грамотасын еншілеген Ырғайты ауылдық округінің әкімі Д.Мұқабаев болды. Сонымен қатар біршама азаматтарға облыс әкімі мен өңір басшысының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Артынша өңіріміздің даму жолында өзінің сүбелі септігін тигізіп жүрген «Бесағаш» шаруа қожалығының басшысы Ә.Ыдырышевке, «Баткалов» шаруа қожалығының төрағасы М.Баткаловқа, «Алакөл балығы» ЖШС-ның төрағасы Т.Алтыбаевқа, Қабанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі Н.Филатовқа Алакөл ауданының Құрметті азаматы атағы берлді.

Сөз алған «Шапағат» медалінің иегері, О.Молдағожин атындағы орта мектептің директоры Р.Жаңабаева егемендік жылдар жеткен жетістіктеріміз ең алдымен халықтың ауызбірлігі мен татулық пен тыныштыққа деген құлшынысың арқасы екендігін тілге тиек етті.

Бар қуаныш пен қызық мұнымен аяқталмай, жиын соңы Қазақстанның эстрада жұлдыздары, күміскөмей әншілер Мирас пен Құралайдың концертімен жалғасты. Мұндай тосын сыйды күтпеген қауым алғашында абырап қалғанын да байқадық. Әнмен тербеліп, әуенмен әлдиленген жұрт тәуелсіздік құрметіне орай ұйымдастырылған жиыннан ерекше әсер алғандығы, олардың қуаныш кернеген жүздерінен аңғарылып тұрды.

«Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп»,- демей ме?! Ұлы дала елінің тірегі мықты тегеурінді 30 мемлекеттің қатарына қосылу бүгін арман, ертең айқын дүние болсын. Бірлігіміз бұзылмасын, тыныштығымызға көлеңке түспесін. Тарих үшін қасқа ғана сәт саналатын небәрі 28 жылдың ішінде ғасырлық дүниелерге дем бітірген еліміздің болашаққа деген беталысы күннен-күнге арта түссін. Елмен бірге жасайық, елмен бірге аспандайық!

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: