Тұғырымыз – татулық

Сындарлы сағатта сағымыз сынбай, салымыз суға кетпеш үшін бізге ең алдымен бірлік пен береке қажет. Тастүйін ымырашылдық пен тігісі сетінемеген татулық бізді баянды болашаққа қарай бастар басты құндылығымыз десек те болады. Бұны сонау тоқсан бірдің тоқырау жылдарында тәуелсіздік тұғырын төбемізге көтерген сәттен бері ұғындық, түсіндік.

Қазіргі әлем халқын дүрліктірген қауіпті дертті алдын алу мақсатында дүниежүзі бойынша түрлі іс атқарылуда. Келместей көрінгенімен, тәжвирусы шекара шебін бұзып, қазір 600-ден астам жерлесіміз қауіпті індетке шалдықты. Елде төтенше жағдай жарияланып, алып қалаларымыз карантинге жабылды.

Бұл ретте елдің құтын қашырмай, татулығын сақтау күн тәртібінен түскен мәселе емес. Себебі дертке қарағанда ашынған халықтың ашуы, өзара талас пен тартыс қауіптірек болмақ. Осыған орай Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты тағылымды туындысын жариялап, елді бірлікке, ұйымшылдыққа үгіттеді.

Мән мен мазмұны ерек мақаланы толықтай оқып, егемендікті еншілеген мезеттен бері еліміз осы беделінің биігіне шығу үшін қандай қиындықтарды еңсергенін, нендей аласапыран уақыттарды басынан өткергенін тағы бір еске алдық. Қара қазанның түбін тат басып, қарау суға да зар болған қазақтың күні оңынан шығып, бүгін міне әлем мемлекеттері мойындаған республика бола білдік. Бұл ең алдымен халықтың берекелі тірлігінің арқасы екендігі тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Енді міне, төтенше жағдай туындап, қиындықтар төбемізден құзғындай шүйірілгенде татулығымыздың тұғырын теңселтпеу ең маңызды құрал екендігін Елбасы мақаласында анық білдірді. «Көп тебінсе жер де сілкінеді» демекші, біріксек барлығын да жеңетінімізді айқындап, саф алтындай сақталған берекемізден айырылып қалмауға шақырды. Мен де өз кезегімде барлық алакөлдіктерді сабырлық сақтап, тәртіп пен ереже-талаптың арқасында осы кеселден де құтылатынымызды айтқым келеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қиындықтарға жұмыла төтеп берсек ертеңгі күннің жарық боларына сенім молая түспек.

А.БҮТІНШІНОВ,

Қамысқала ауылдық округінің әкімі.

Мәліметпен бөлісу: