Айбыны асқақ, айдыны жармен соғысқан Алакөлдің төсінде қазақ тарихында алтын тұғыры биік небір тұлғалар түлеген. Күллі ұлттың бағына бола туған арда азаматтардың қатарында майдангер, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстанымы мықты ұлғатты ұстаз – Тайботанов Нұрғызарын да бар.
Алакөлдің асау толқындарына таяу шаңырағын тіктеген Жайпақ ауылында 1924 жылдың 15 наурызында Тайбота Сайболатұлы мен Мәриям Жазықбайқызының әулетінде дүние есігін ашқан.
Жанұялық шежіреге тоқталсақ, ағасы Жақсыбек 1906 жылы дүниеге келген. Майданға аттанып, оралмаған. Шығыс Германияның Оберлоу қаласында жерленген. Ол кісінің ұрпағы Қазақстанның әр қалаларында қызметте. Тағы бір жол сілтер ағасы Тұрар 1919 жылы туған. Соғысқа барып, Молдавияда танкист болған. Майдан даласынан оралмаған, хабарсыз кеткен. Кіші бауыры Әлмен бала кезінде шетінеп кеткен.
Біздің әкеміз Нұрғызарын Жайпақ ауылында бастауыш мектепте оқыған, «Социалды» орта мектебінде 5 сыныпты оқып, 6-7 сыныпты Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектебінде аяқтаған. 1939-1942 жылдар арасында ауылда Колхоз жұмыстарына араласқан. 1942 жылы 4 қыркүйекте әскер қатарына алынған. Саратов қаласында дайындықтан өтіп, НКВД-ның 5-батыс атқыштар полкінде майданға аттанды. 1945 жылдың қаңтар айынан мамырға дейін НКВД-ның 114 полкінде мерген-атқыш болған. 1945 жылдың мамырынан МВД-ның 127-ші жеке бөлімшесінде 1949 жылдың наурызына дейін «пулеметші» ретінде борышын өтеді. 1949 жылы елге оралып, «Сталин» колхозына келеді.
1961-1962 жылдардан бастап, ұстаздық қызметке кірісті. 1963 жылы Қарабұлақ орта мектебінде, 1964 жылы Еңбекші орта мектебінде, 1964-1970 жылдар аралығында Абай орта мектебінде 5-8 сыныптарға география және табиғаттану пәнін сабақ берген. Ұлағатты ұстаздың тәрбиесін алған шәкірттер қазіргі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосуда.
1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Педагогикалық Институтын «География» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған.
1971-1984 жылдар арасында М.Төлебаев атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі ретінде қызметін жалғастырды. 1984 жылы осы білім ордасынан зейнеткерлікке шығып, немерелердің тәлім-тәрбиесіне баса көңіл бөлді.
Аштықтың ащы дәмін, сұрапыл соғыстың қиын қыстау күндерін басынан кешсе де өмірін бала тәрбиесіне арнап өткен ұстаздың бірі.
Алакөл ауданында қаншама оқушының ұстазы бола білді. Әкеміздің алдын көрген азаматтар әлі күнге ыстық ықыласпен сөзін, ісін, ұстанымын, сымбатын еске алады. Ұстаздық еткен жылдарында әкеміз өзінің зор еңбегінің арқасында 1985 жылы Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері төсбелгісінің иегері атанды, сонымен қатар әр деңгейдегі мадақтама, диплом, грамоталарымен марапатталған. Ұстаз бола жүре, мектепте кәсіподақ ұйымын басқарып, әріптестерінің де жағдайын барынша бағамдай білді. М.Төлебаев атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп, оқушыларға патриоттық тәрбиеге, тәртіпке, салауатты өмірге баулыды. Әкеміз бен анамыз бізді жан-жақты ізденімпаз етіп бағып-қағып, еліміздің саяси, әлеуметтік өмірін түсіндіре отырып, бағыт-бағдар берді. Зейнеткерлікке шықса да өз қатарластарының арасында беделге ие болды. 1989-2003 жылдар арасында Үшарал қалалық «Ақсақалдар алқасын» басқарды. Қарт ақсақалдардың әлеуметтік, мәдени өмірлерінің қалыптасуына өз үлесін қосып отырды. Асқар таудай әкеміз бен анамыз жетеуімізді, яғни 2 ұл, 5 қызды тәрбиелеп, бойымызға білім нәрін сусындатып, әр қайсымыздың жоғары білім алып, өмірден өз орнымызды табуымызға аса мән берді. Әкеміз ұстаз болғандықтан, біз де сол кісінің жолын қуып, ұстаз атандық.
Үлкеніміз Сания орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, өз заманының майталман ұстазы бола білді, қазіргі кезде зейнеткер ұстаз. Алма Қарабұлақ орта мектебінің директоры, жездеміз Алпысбаев Кенжебек Алакөл аудандық кәсіподак комитетінің төрағасы.
Әпкеміз Ардақ Астана қаласындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде жоғары санатты ұстазы, Асыл қыздары Д.Қонаев атындағы орта мектебінде ұстаз. Мақсат Энергетика министрлігінің жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс басқармасының бас сарапшысы,
Роза 20 жылдай ҰҚК-де, 2 жыл Алматы қаласында қызметте. ҚР ҰҚК Авияция қызметінің авияциялық басқармасында қызмет атқарды, қазіргі таңда ҰҚК-нің майор шеніндегі әскери зейнеткері.
Кенжеміз Асхат Қарулы күштер қызметі, десантты-шабуылдау әуе-ұтқыр әскери бөлімінің десанты. Әскери қызметті таңдауларында да әкеміздің Алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бергені әсер етті.
Біз кішкентай кезімізде әкеміз сабақ беріп жатқанда қызыға қарап, мақтан тұтатынбыз. Әр қайсымыз үшін әкеміз баға жетпес байлығымыз, идеалымыз болды. Бүгінде әр балаңыз өз алдына жанұя құрып, балалы-шағалы болып, өмірде өз орнын тапты. Жоғарғы буын ата, аға, әкелеріміздің арқасында келген жеңістің арқасында бүгін біз бейбіт өмір кешудеміз. Әкеміз Ұлы жеңіс мерекесінің 60 жылдық тойлануында Астана қаласына елбасының шақырылуымен барып, президенттің, облыс әкімінің, қорғаныс министірінің марапаттарына ие болған еді. Бүгінгі күні әкеміз бұл өмірден өтсе де жадымызда мәңгілік сақталып қалады. Әкеміз тірі болғанда 100 жастың кемер шыңына шығып отырар еді. 82 жылдық өмірінде қаншама қиыншылықты, ашаршылықты, зұлмат соғыстың зардабын шексе де, әр қиыншылыққа кеудесін тік ұстап, мойымай, өзінің алдыға қойған мақсаттарына қол жеткізе білді. Бізге әкеміздің қажырлы еңбегі үлгі-өнеге!
Әрине бұл әкеміздің туған күні қарсаңындағы перзент сағынышы. Әкеміз жоқ болса да анамыз біздің қасымызда. Әр жеңіс күнінде анамызды ардагердің жұбайын мерекемен құттықтап, жылы сәбилік лебізімізді білдіріп отырамыз. Анамыз ортамызда балаларының, немерелерінің қуанышына кенеліп, әлі де ұзақ жасай берсін. Әкеміз білім саласының үздігі болса, анамыз сауда саласының озық қызметкері атанды. Екі үздік адамның балалары өмірде де алғы шепте болуға міндеттіміз деп ойлаймын. Әр жеңіс мерекесінде әкемізді еске алып, құран бағыштап, еске аламыз. Әкеміз бен анамыздың өмірі біз үшін ғибрат. Әкеміз силаған бейбіт өмірде біз лайықты өмір сүріп, жалғастырудамыз. Әке – біз ұрпағыңыз Сіздің балаңыз болғанымызға мақтан тұтамыз.
Майдангер-ұстаздың ұрпақтары.
Керемет