Тарихи туындылардың тартуы толағай

Айтса нанғысыз. Алайда тәуелсіздігін тәу еткен Қазақстан аз ғана уақыттың ішінде кәрі құрлықтағы қуатты елдердің біріне айналып, Азияның барысы атанды. Сыртқы және ішкі саясатын ұтымд үлестіре біліп, көршілес, алыс-жақын мемлекеттермен тиімді экономикалық-саяси қарым-қатынас ұстауда. Бұл егемендікпен қатар ел тізгінін қолына алған Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

Жалпыдан жалқыға қарай ауыссақ, ел ісіне кемел, саясатта шебер болған Ұлт көшбасшысы Қазақстанның даму даңғылында көптеген істердің бастама көтеруіне, сол арқылы жан-жақты өркендеуімізге үлкен үлес қосқаны рас. Алысқа шаппай, жуырғы екі жылдықтың сахнасына көз тастасақ. Алғашқы көмейден көтерілетіні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымды туынды болса, екіншісі «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы тәлімді мақала. Мыңжылдықтар төрінен мәңгілік сапарына қарай аттанған еліміздің сапарына шамшырақ болған қос туындының бізге берген тартуы қандай? Саралап, бағалап көрелік.

Туған жерге туыңды тік

Ең алдымен ел арасында үлкен резонанс тудырып, жалпылай талқылаудан өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын шолып шықсақ. Қазіргі дамыған, озық технологиялар мен үздік жаңашылдықтар үстемдік құрған заманда ұлан-ғайыр жердің иелері өзінің бітім-болмысынан, ұлттық құндылықтарынан айырылып қалмай, керісінше сол арқылы дами түсулеріне, алпауыт мемлекеттердің көшінен ойып тұрып орын алуға бағытталған туындыда бірталай тақырыптар таразы басына түсті. Сол уақыттан бері жүйелі түрде жүзеге асып, өзінің өзектілігін жоғалтпаған жобаның бірі «Туған жер» бағдарламасы. Несі керек, алпыс нарға жүк болар атақты еншілеген бұл бастама көптеген игілікті істердің тұтануына ұшқынын шашты. Жер жерде түрлі бағытта қызмет көрсетер нысандар, әлеуметтік ғимараттар, рухани, тарихи ескерткіштер бой көтеруде. Бір айта кетерлігі оның барлығы халықтың пайдаланылуына берілуде.

Бұл бағытта айдынды Алакөл ауданында да көптеген жұмыстар өз жүйесін тапты. «Туған жер» бағдарламасы туын көтергелі кіндік қаны тамған ауыл-абанға азда болса пайдасын тигізуге құлшынған жерлестерміздің қарасы көбейді. Бергенінен берері мол мақаланың көздегені де осы еді.

Аудан аумағында атқарылған, атқарылатын ауқымды істерге ат шалдырсақ, жомарт жерлестеріміздің ықпал етуімен талай дүниеге дем бітті. Туған жерге ту тігуге асыққан азаматтар жөргек кірі жуылған ауылдарына көптеген көмектерін көрсетуде. Оған 2017-2018 жылдар аралағында аталған бағдарлама аясында 1 млрд. 200 млн-ға жуық қаражаттың игерілуі дәлел бола алады.

Атап айтсақ, 2017 жылы «ZHERSU» корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы, айдынды өңірдің айбынды азаматы Б.Оспановтың демеушілігімен Қабанбай ауылында спорт зал (45 млн.), Лепсі ауылында мұғалімдерге арналған 10 үй мен жаттықтырушыларға ыңғайландырылған 16 бөлмелі жатақхана (250 млн.), Жыланды ауылында потранатты отбасыға арналған үй (8 млн.) мен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткішті жаңғырту (35 млн.), Есім төре кесенесін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта тұрғызу (76 млн.) және монша құрылысы (15 млн.) сынды игілікті істердің тізгінін ұстады. Сондай-ақ жеке кәсіпкер А.Қорабаевтың ұйытқы болуымен Көктұма ауылына сахна (3 млн.), «БАУТЕН» ЖШС-нің директоры У.Мырзағалиевтің демеушілігімен Ақтүбек орта мектебіне керекті құрал-жабдықтар (3 млн.) тарту етілсе, «Ерасыл» шаруа қожалығының төрағасы Е.Жуанышбаевтың бастамасымен Қазақстан ауылында саябақ (15 млн.), жеке кәсіпкер Б.Малтабаровтың арқасында Үшқайың ауылының көшелеріне жарық бағаналары (1 млн.) орнатылды. Екпінді ауылында жеке кәсіпкер Н.Маманов зираттың 550 метр аумағын қоршатса (750 мың), Е.Мейірманов көше жарықтандыру ісіне атсалысты (400 мың), Ә.Әлімжанов атындағы орта мектептің ауласын жарықтандыруға жеке кәсіпкер А.Бижанова (250 мың) түрткі болса, М.Әубәкіров атындағы орта мектептің асханасына қажетті құрал-жабдықтарды (450 мың) жеке кәсіпкер Г.Әзімжанова сыйға тартты. Бұлақты ауылында «Koktem Group LTD» ЖШС-нің төрағасы М.Әділхан «Батыр аналар» ескерткішін (80 млн.) орнатты.  Сөйтіп 2017 жылы «Туған жер» бағдарламасы аясында жомарт жерлестеріміздің демеушілігімен 526 млн. 850 мың теңге игерілді.

Ал 2018 жылдың басынан бері Жыланды ауылында Б.Оспанов учаскелік полиция қызметкері (3 млн) мен потранатты отбасыға тұрғын үй (8 млн.) тарту етті. Жеке кәсіпкер А.Азимханов Көктұма ауылдық мәдениет үйіне қажетті құрал-жабдықтар (1 млн.) сыйласа, Ж.Қабдылдаев аула клубының құрылысына 500 мың, Н.Бикалапов кітапхананы жөндеуден өткізуге 400 мың теңге бөлді. «Бағалы Алакөл» ЖШС-нің төрағасы А.Слямов №2 Үшарал орта мектебіне жалпы құны 1 млн. теңгеге музыкалық құрылғылар алып берді. Қабанбай ауылында А.Бисенбиновтың мұрындық болуымен социалистік еңбек ері О.Молдағожиннің ескерткіші (8 млн.) және А.Орымбаевтің демеушілігімен спорт алаңы (7 млн.) салынды.  Жайпақ ауылында Қ.Байболатов Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткішті (5 млн.) жаңғыртса, Достық ауылында Д.Жакупов спорт зал (15 млн.) салып берді. Екпіндіде ғалым М.Байбатжановтың бастамасымен 300 түп алма ағашы (600 мың) егілсе, Көлбай батырдың кесенесін жөндеуге А.Мұқашев 500 мың теңге бөлді. Ең айтулы деген жаңалық жерлесіміз С.Мыңбаевтің демеушілігімен жалауын желбіретті. Аталмыш азамат ұлағатты ұстаз М.Мыңбаевтің кеуде мүсінін (8 млн.) тас тұғырға орнатып, мектеп маңына спорт алаңын (7 млн.) салып берді. Сонымен қатар №1 Үшарал орта мектебінің ауласында да осындай нысан (7 млн.) бой көтерді. Ал жалпы құны 500 млн. теңгені құрайтын «Тарлан» спорт кешені де осы жомарт тұлғаның түрткі болуымен есігін айқара ашты. Сөйтіп 2018 жылы «Туған жер» бағдарламасы аясындағы жобаларға барлығы 608 млн. 500 мың теңге жұмсалған.

Жоғарыда айтылған мәліметтерге мән берсеңіз бір қойы егіз туса, бір бетегесінің басы айыр шығатын жомарт өлкеміздің тумалары да атымтай келетінін аңғарамыз. Жүрегі «елім» деп соққан ерлер аманда, еңсеміздің түспесі анық.

Жаңғыру жазыдан басталады

Ел тірлігіне тың төңкеріс әкелген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында заманға сай жаңғыруымызға негіз болатын түрлі тақырыптар көтерілген болатын. Солардың ішіндегі маңыздыларының бірі қазақ графикасын латын әліпбиіне көшіру.

Латын қарпінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, ол кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Иә, шын мәнінде, ұзақ жыл бодандықтың бұғауында, саясаттың салқынында қалған Қазақ елі үшін кириллицадан құтылып, әлемдік өрениетке негізделген латын әліпбиіне көшу ежелгі арман болғаны даусыз. Жалпы, кириллицадан латын алфавитіне көшу – еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал ресми түрде ол Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен басталады.

Сол жиында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел, соның ішінде посткеңестік кейбір елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек»,- деген салиқалы ойын білдірді.

Бұдан кейін де Ұлт көшбасшысы бұл мәселеге бірнеше рет қайта оралды. Кезекті бір Жолдауында: «Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын»,- дей келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс қағидатты мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады»,- деген болатын.

Латын әліпбиінің өзектілігіне біздің көзіміз айқын жетіп отыр. Әуелі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді мүмкіндік туады. Және түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады. Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға бейімделген, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа да сан ұлттың тілдік жағдайларын да қамтитын жақсы алфавит болып шықты деп ойлаймын.

Дидары өзгерген дәуірдің  қажеттілігіне мойынсұнған мемлекетіміз бұл өзгерістің халық тірлігіне тың төңкеріс әкелетінін бек түсінулері қажет. Себебі, латын қарпі – ол баянды болашақтың әліпбиі, кемел келешектің кепілі. Біздің ардан жаратылған алтын құрсақты аналарымыздың ақ сүтімен сіңген тіліміздің шұрайлылығын, шеберлігін, шешендігін сақтап қалудың бірден-бір кепілі. Сұранысы артқан, сыны мен сыры еселенген заман ағымына ілесудің, Ұлы дала елінің мыңжылдықтан мәңгілікке аттаған қадамдарының қарымды болуының тірегі екендігі айқын.

Қаріпті ауыстырудың жағымды һәм жасампаз жақтары жетерлік. Өйткені латын графикасы ғылым мен білімнің, жаңа технология мен жалпы дамудың әліпбиі саналады. Әлем халықтарының жетпіс сегіз пайызы пайдаланатын латын әліпбиінде дүниежүзіндегі ғылым мен мәдениет, өнер мен өркениет дамуының ең үздік кіл маржан кітаптары жазылған.

Сондықтан да жаһан жұртшылығы модернизацияға ұмтылып, жаңғырудың жарқын белестерін бағындырып жатқанда біздің де мемлекетіміз шеткері қалмауы тиіс. 

Ұлттық санаған ұйыған ұлы ұлыстың ұлағатты ұрпақтары жаңғырудың жазуымыздан бастау алу керектігін бек түсінеді. Қазақ руханиятының рухани азығы осы тілінде жатыр. Демек тіліміздің жаңғыруы күллі алаш баласының қайта түлеуі, рухани жандануы.

100 жаңа есім – жаңа белестер

Елбасымыз Н.Назарбаевтың мемлекетіміз үшін таяу келешекке маңызды міндеттерді жүктеп берген  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген, өзектілігі жағынан өзге жобалардан кем түспейтін «Жүз жаңа есім» бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады.

«Жобаның мәні мен мақсаты неде?» деген сауал көбіміздің көкейімізде жүргені мәлім. Бұл арқылы не ұтпақпыз, неге жетпекпіз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Бағдарламаның басты көксегені ширек ғасырлық тарихымызда Қазақстанның дамуына, өркендеуіне, өрлеуіне елеулі үлес қосқан азаматтардың есімін анықтап, ақпараттық сүйемелдеу арқылы бұқара арасында барынша танымал ету, насихаттау. Зайырлы, тең құқықты, демограиялық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан жоба ұлтқа, ұлысқа, дінге, түрге қарап бөлмейді. Бұл жалпықазақстандық бастама.

Аталған бағдарламаның арқасында елдің қарыштауына, халықтың игілігіне қарай еңбек етіп жүрген, алайда бұқараның арасында есімдері әлі де танылмаған білікті, білімді, дарынды, қарымды, өнерлі, өрелі, бастамашыл, батыл азаматтар танылуда. Алғашқы кезең бойынша жүз жаңа есім жобасының жеңімпаздары анықталып, ерекше құрмет көрсетіліп, халық арасыда да насихат жұмыстары жүргізілді. Екінші кезеңде де жүрек лүпілдері елім соққан қыз-жігіттер сараланып, дараланып шықты. Енді міне үшінші кезең бойынша қызу жұмастар атқарылуда.

Бір айта кетерлігі бұл, әсіресе, жастардың арасындағы бәсекелестікті күшейтті. Атағы айға жетіп тұрған жобаның құрамында болып, жүз есімнің ортасынан ойып тұрып орын алуды көксегендер халықтың қамы үшін, азаттық таңы үшін ерінбей еңбек етуде. Бірін бірі басып озуға ұмтылып, үздіктері іріктеліп, озықтары көш басынан көрінуде. Міне, бір ғана жобаның бүтіндей бір елдің қыз-жігіттерін жігерлендіре түскенін көріп отырмыз.

Жасампыздыққа жаңаша көзқарас

Қазіргі қазақ қоғамында жоғары жақтан бір ауз ұран тасталса оны түсінсін, түсінбесін әйтеуір желпілдетіп ала жөнелетіндер көбейіп барады. Мәселенің мәнісіне бармай жатып, «мен білемін»-дікке санлынатындарға қарап тұрып қарның ашады. Кейде әзіл-мен оспақты сахнаға алып шыққан жайдарман да, мағынасыз жиындар да, тіпті біреу дүкен ашса да «Рухани жаңғыуға» телитін болды. Ұлтық дәрежедегі тақырыптарды таразы басына тастаған туындыны үй маңындағы мйселерге араластыратыным жөн емес.

Шындығында рухани жаңғыру дегініміз осындай көзге мақтаудан, мақтанудан, ұраншылдықан, жасанды бастамашылдықтан арылу. Өйткені бұндай кері мінездер өркен жайған жерде рухани кемелденуге орын жоқ.

Тәуелсіздің үшін ғасырлар бойы қаны мен терін қоса төккен қазақ халқы тойғаны мен тойлағанын айтып, қарнымыздың тоқтығына мәз болып ұрандата берейік деген жоқ. Керісінше ұрпағының ұлттық рухы, ұлттық тілі, ділі ең болмаса өз елінде әуелеп тұрсын деп аңсаған. Тектілігіне тікен батпайтын тұлғаларымыздың сара жолын, дара жолын жалғастыру біздің еншімізде.

Рухани жаңғыру – ауыл-абанның, той-томалақтың яки елу оқушыны отырғызып насихаттайтын дүние емес. Ол ұлттық деңгейде, жалпы қазақстандықтардың ортақ пайымында сараланып, дараланатын түсінік. Шөп шықса да, өрт шықса да «жаңғырулап» атойлаудың қажеті шамалы. Күллі халықтың болмысын айқындап, өткені мен бүгінін болашағымен байланыстыратын, кешегі мен ертеңгіні сабақтастырып, ұлттық сана мен кодты сақтауға бастайтын құндылық. Сондықтан жұрт болып жұмылып, рухани тұрғыдан жаңғыруымызды халық мүддесіне қарай ойластырылған ордалы идея екенін түйсінгеніміз абзал.

Тарихымызды түгендеген туынды

Ұлт көшбасшысының қаламынан тамып түскен кезекті «Ұла даланың жеті қыры» атты мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы туындысының заңды жалғасы деп білеміз.

Алты алаштың алтын бесігі, түркі әлемінің қара шаңырағы саналатын Қазақстанның тереңнен тамыр тартатын тарихын зерттеп, зерделеу егеменді елде үзеңгілескен атқамінер азаматтар мен жалпы халықтың міндеті. Өйткені өткеніміздің өнегелі тұстары мен ұтымды сәттерінен өзімізге керегін алып, керегемізді тіктеуге қолданғанымыз абзал.

Өткенін бағаламаған елдің болашағы да баянды болмасын, тарихын тереңнен қопармаған мемлекеттің келешегіне күмәнмен қарауға тура келетінін түсінген Елбасы Н.Назарбаев аталған туындысында сонау қатпарлы қарт тарихтың қойнауына үңіліп, өзгелерден артық тұрар жеті ерекшелігімізді жіпке тізді.

Бұл туындыда өткеніміз бен  бүгініміз  сарапталып, кешегіміз  бен ертеңіміздің сабақтастығы баяндалған.

«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімді қамтыған мақалада қазақтың атқа міну мәдениеті, ұлы дала төсіндегі ежелгі металлургия, қайталанбас белгі саналатын аң стилі,  «Алтын адам», түркі әлемінің бесігіне айналған ұлан-ғайыр атырабымыз, Ұлы жібек жолы, алма мен қызғалдақтың отаны Қазақстан екендігі, жаңа «Архив – 2025» бағдарламасы, ұлы даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің генезисі, ежелгі өнер және технологиялар музейі, дала фольклоры мен музыкасының мың жылдығы, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі сынды сындарлы тақырыптар талқыға түскен.

Бұл біздің мыңжылдықтар төрінен тартылатын тарлан тарихымызға сапар шегіп, ең үздік әрі озық тұстарымызды паш ету деп түсінемін.

Елбасы:  «Біздің  жеріміз  материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған»,- деп, қазақ даласында талай  технологиялық  төңкеріс орын алғанын, сол жаңашылдықтар әлемнің барлық мемлекеттерінде қолданыс тапқанын тайға таңба басқандай көрсетіп берді.

Шыны керек, Кеңестік саясаттың ықпалымен  бұрмаланған тарихымызды  түгендеу тәуелсіздік  жылдарының еншісіне бұйырып отыр. Ол дегеніміз жаңа мемлекетті қалыптастыру бүгінгі қазақстандықтардың иығына артылған жүк дегенді білдіреді. Ал Ұлт көшбасшысының «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы мақаласы осы сапарымызға шамшырақ болып түсетініне сенімім кәміл.

Қазақ халқы ықылым заманнан бері күллі Еуразия құрлығын аттың тұяғымен дүбірлетіп, ұлан-ғайыр атамекенінде салтанат құрған болатын. Тарих парақтарына көз жүгіртсек жылқы жануарын алғашқылардың бірі болып қолға үйреткен де біздің ата-бабаларымыз. Осы ретте Тұңғыш Президентіміздің мақаласында айтылғандай кейінгі толқын өкілдері арасында атқа міну үрдісін жалғастыру мен ат спортын дамыту қанымызға сіңісті болған қасиетімізді ұмытпайға, ұлықтауға түрткі болмақ.

Дархан даламыздың төсінде ежелден-ақ байырғы бабаларымыз темірден түйін түйіп, металл өңдеу ісінде көптеген жетістіктерге жеткен. Осы өнерінің ішінде ең бір айта кетерлігі «Аң стилі» екендігі мәлім. Ал тарихи мәліметтер мен жәдігерлерді пайдалана отырып, өскелең ұрпаққа өткеніміз жайлы молынан мағлұмат беру маңызды іс.

Тарих – бұл әр адамның, елдің, мемлекеттің, жалпы адамзаттың қалыптасу жолы. Оны бүгінгіден яки болашақтан алшақтату немесе ажыратып тастау мүмкін емес. Себебі бүгініміз кешегі тірлігімізбен, ертеңіміз қазіргі қадамымызбен сабақтасып жатыр. Осы ретте ежелгі бітім-болмысымыздағы ерекшеліктеріміз бен артықшылықтарымыз түгенделген туынды болашақ бағытымыз қалай қалыптасуына да септігін тигізбек.

Бұл жерде «Ұла даланың жеті қыры» атты мақалаға иық сүйеп, ары қарай адымдай беруімізге толық негіз бар.

Тағылымды туындыда талқыға түскен Ұлы даланың жеті қыры­ – Қазақ елі­нің өміріндегі ерекше мұра.

Аталмыш мақалада қазақ өнерінің озық үлгілерін аң стилінде жасалған бұйымдар мен «Алтын адамның» жарақтарының, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту және де тарихи дәуірлердің әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсету мақсатында «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу жобасы қолға алынуда.

Ұлы даланың фольклоры мен әуендеріне «жаңа тыныс» сыйлау мақсатында жүзеге асқалы отырған «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты жобасының орны ерекше. Себебі халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері: ертегілер, аңыз-әфсаналар, қиссалары мен эпостары жинақталып, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын «Ұлы даланың көне сарындары» жинағымен шығару келер ұрпақ пен қазіргі жас буынға үлкен үлгі-өнеге деп есептеймін.  

Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар. Өскелең ұрпақтың талғамына сай ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыру мақсатында жүргізілетін тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі сынды жобаны ерекше атап өтуге болады.

Ұлы даланың жеті қыры – Қазақ тарихының жаңа парақтарының ашылуының және рухани жаңғыруымыздың көрінісі. Адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан өр тұлғалардың ұрпағы және мәңгілік дамуға тың серпін берген мәдениеттің мұрагері ретінде осы жобалардың іске асуы ұлт тарихының әрі де оңтайлы қалыптасуына мұрындық болмақ.

Тақырыптары өзге болғанымен, айтар ойлары бір арнада тоғысып, ел мүддесі мен халық қамын, тарихымыз бен болашағымызды бағамдаған қос мақаланың да бұқараға берері мол. Бұны бұл туындылар жарық көргелі бері іске асып жатқан, іске асатын дүниелерден аңғаруға болады.

Біз басымыздан талай зобалаңды өткеріп, талай алмағайып замандарды артта қалдырдық. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, төрт түлігіміз шүйгінді шөпте еркін жайылған тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Керегі өткенімізді бағалау, ұлттық болмысыздың қағынан жеріп қалмау. Осы мақсаттарды таразы басына тастаған қос мақала көптеген мүмкіндіктерег жол ашып, талай бастамалардың жалауын желбіретті. Айта кетерлігі, бұлар кезеңдік, маусымдық дүниелер емес, бүгіннен бастау алып, ертеңге тамыр жаятын мәңгілік жобалар, мәңгілік идея.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: