Тасқа қашалған тағылым


Қарт тарихтың қатпарлы қойнауын ақтарып, кешегімізден сыр тартсаңыз сонау сақ пен ғұндар дәуірінен бүтіндігіне сызат түспеген еліміздің тастүйін ымырашылдығына қайран қаласыз. Қандай жағдай болмасын береке-бірлігінің арқасында аман қалып, ұлан-ғайыр атырапты билеп-төстеген қазақтың ең асыл қасиеті де осы. Бір қуантарлығы, бұл үрдіс ғасырлар тоғысында да өз құндылығын жоғалтпай, саф алтындай сақталған татулығымыздың күшімен егемендікті де еншілей білдік. Құдайға тәубә, ашық аспан астында қанатымызды кеңінен қағып, мұзарт шыңдарға қарай самғап барамыз.
Алайда, барлығы да біз ойлағандай көктен салбырап түсе салмаған. Бұрынғыға сапар шегіп, тарихпен біраз сырлассақ еліміз тағдырдың небір солқылдақ өткелдерін бастан кешіп, тар жол тайғақ кешулерді көрді. Зұлмат, соғыс, ашаршылық, Алқакөл сұламада шекара аса шұбатылып, Ақтабан шұбырындыда табанына батқан тікенге қарамастан атамекеннен сырт кетуге мәжбүр болған мезетті де артта қалдырды. Бұның барлығы тұтастығы сетінемеген бірлігінің арқасы деп білемін. Бүгінде «ел» мен «руға» бөлінген деп, тасадан тас атушылар ұлысымыздың бүтіндігіне сына қаққысы келгенімен, қазақтың руға бөлінбейтінін, керісінше рудан құралатынын болжап білмеген-ау. Жеті атадан аспаса жесірін де ұзатпайтын тектілік пен таза қанға жетелеген ұлылық жолы бұл. Сонау Керей мен Жәнібек бастаған ұлы көш мінекей ХХІ ғасырда да өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, мыңжылдықтар төрінен «Мәңгілік ел» болу мұратына қарай адымдап барады.
Кеңестік заманның да сорақылықтарын көргендер артықшылықтарын да айтып бере алады. Бірақ та туымызды тік, тұғырымызды тік көтерген тәуелсіздігімізге жетер байлық жоқтығын рас. Бағымызға орай, талай бабалар аңсап, армандап кеткен дербестік таңын қарсы алу бақыты бұйырыпты. Бұл қуанышқа жете алмай кеткен қаншама оғландарымыз қаңғыған оққа ілініп, отқа түсіп, бақилық болды.
Кеңестік кер заман тұсында қазақ даласына қаншама ұлт өкілдері жер аударылып, зар-мұңынан басқа ештеңесі жоқ күйде келді. Сол кездері ата-апаларымыз нағыз бауырмалдық пен жанашырлықтың ерен үлгісін танытып, өз аузынан артылмас нанын да бөлісті, жанын да бірге сақтап қалды. Қай мемлекеттің өткеніне үңілсеңіз де дәл біздің бабаларымыздай кең құшақ жайып, бүтіндей ұлттарды аман алып қалған халық кемде-кем. Төскейде жатқан малынан асқан бағалы дүние жоқ деген еліміздің басты байлығы да осы бірлік құмарлығы мен достық сезімі еді. Тәуелсіздік жылдары сол ұлттардың ұл-қыздары Қазақстанның дамуына өзіндік үлестерін қосып, ортақ Отанымыздың өркендеуіне септіктерін тигізді һәм тигізіп келеді.
Бірлік пен келісім ел дамуының бастауы болды. Киелі қазақ жерінің көркеюі, бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз.
Еркежан ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Үшарал қазақ гимназиясының мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: