Татулық туы астында

1944 жыл. Кеңес үкіметінің қарамағындағы ұлан-ғайыр даланың қанға бөгіп жатқан кезеңі. Алып екі державаның арасында тұтанған соғыс өрті дүниежүзі халықтарының тең жарымын шарпып, миллиондаған адам жазықсыз ажал құшқан мезгіл.

Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады демекші, соғысты сылтау еткен КСРО осы жылдың 23 ақпанында Кавказ халықтарын жер аудару туралы құйтырқы әрекетін іске асырады. Кеңес әскерінің құрметіне тағайындалған мейрам күні мерекелік шараға қатысу үшін деген жалған ұранмен еркек кіндіктілерді түгелдей жинап, алдын ала дайындалған ғимараттарда қару кезеніп, қоршау қақпанына түсіреді. Сол мезетте қорғансыз қалған әйел, бала-шағаны ішерге ас, киерге киім алғызбай пойыз вагондарына тыққылап, ер кісілердің алдына екі таңдау тастайды. Отбасыларыңмен бірге отарбаға мініп жер аударыласыңдар, не болмаса соңғы демдерің осы жерде үзіледі деген үрейлі хабар жеткізеді. Қарсы келген жан жоқ, түгелдей пойызға тиеліп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне аттанады. Аштық, ауа райының қолайсыздығы, жолдың машақаты өзінікін алып, сапар соңында қатарлары сиреген кавказдықтар қазақ жеріне келіп табан тірейді.

Солардың тізімінде Еңбекші ауылының тұрғыны, шешен халқының өкілі Зулла Усманованың да ата-анасы бар болатын. 1944 жылы Қарабұлақ ауылына қоныстанған кейіпкеріміздің әкесі 22 жастағы бозбала болса, шешесі небәрі сегіз жастағы қыз еді. Осы елді мекендеп тынысын кеңейтіп, тірлігін түзеген олар 1957 жылы Еңбекшіге қоныс аударады. Тұрғылықты жерін ауыстыра сала бау-бақша салумен айналысып, бұндай еңбек түріне таңырқай қарайтын еңбекшіліктердің тұрмысына өзгеріс енгізеді. Талай жылдар бойы дән түспеген тың топырақ алғашқы егістік уақында-ақ өнімді төгіп бергендіктен бұл отбасының ісі тұрғындардың қолдауын табады.  Сол мезеттен бастап шешен ұлты мен қазақ жанұяларының арасындағы татулық тұғыры бекіп, ынтымақтары еселене түскен. Қақпалары жабылмайтын ауылдың аңқылдақ жұртымен етене жақын араласып, бір атаның баласындай, бір ананың перзетіндей бірлік туы астында бірегей тірлік кешеді. Отбасындағы он бір баланың үлкені Зулла апайымыз жастайынан адам денсаулығының сақшысы атануға ынтығы ашылады. Ақыры арманына қанат бітіп, оқуын тәмамдағаннан кейін Еңбекші аулында дәрігерлік қызметке орналасады. 1976 жылы Закри Абдулхалимовпен шаңырақ көтеріп, шаттықтарын ұлғайтады. Ұлты өзге болғанымен қазақ тілін ана тілім дейтін кейіпкеріміз қазақша көсілгенде көңіл көкжиегіңнен күн нұры себелеп, жүрегіңе жылылық ұялайды екен. Ауыл тұрғындары кілең қазақтар болғандықтан бір жағынан қызметі үшін, екіншіден елмен емен-жарқын араласу мақсатында тілді үйренгенін айтады. Еңбегімен елеулі жан  қазіргі таңда зейнеткерлік жасқа жетіп, өзіндік атақ-абыройынын қалыптастырған.

Еңбекшілік жұрттың еңбекке деген ынтызарлығы мен береке-бірлікке деген құмарлығын тамсана баяндаған З.Усманова бір сөзінде: «Мен қазақтардың арасында ғұмыр кешкендіктен өзім де қазақ болып кеттім. Тұла бойымда шешен халқының қаны буырқанғанымен, рухым қазақ, тілім қазақ, түснігім қазақ. Кезіндегі қиын-қыстау уақытында жер аударылып келген қандастарымды өзегінен теппей, өңменінен итермей қарсы алған елге деген алғысымды осылай танытудамын. Бүгінде шаңырағымыз биік, керегеміз бүтін, түтініміз түзу. Көрші-қолаңмен туысқандардай араласып, той-томалақтардың қадірлі қонағымыз. Бұның барлығы ырыс-ынтымақ сынды ізгі қасиеттердің киесі қонған қазақ даласының, бұл жерді билеп-төстеген ұлттың береке-бірлікке деген ұмтылысының арқасы деп білемін. Алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күні осынау тату-тәтті өміріміздің айшықты бейнесі десем қателеспеспін»,- деп, өзінің мейрам қарсаңындағы ақжарма тілегін ақтарды.

Шынымен де, жайма шуақ мамырдың мамыражай күндерімен таласа келген бірлік күні аласапыран өмірдің солқылдақ өткелдеріне бірлесе төтеп беріп, жоқтық пен аштықты иық тіресе еңсерген қазақстандықтардың іргесі сөгілмеген татулығының белгісі. Осы берекелі һәм мерекелі тірлігімізге сызат түспесе бізге алынбас қамал жоқтығы ақиқат.

Дәл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған сәтіне дөп түскен айтулы мейраммен барша алакөлдіктерді құттықтаймыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, татулығымыз ғұмырлы болып, әлем аренасындағы даңқымыз бен парқымыздың дәрежесі арта берсін.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

 

Мәліметпен бөлісу: