Ширек ғасыр бұрын еншілеген егемендігіміздің арқасында Қазақстан алпауыт мемлекеттердің арасында өзіндік орнын қалыптастыра білді. 1995 жылы Конституциясын жазып, қазақстандықтардың тыныс-тіршілігін заң жүзінде бекітті. Алайда, Кеңес заманында кеудемізге орнығып қалған кейбір олқы жақтарымызды әлі де түзете алмай келеміз. Солардың ішінде өзектілігі жағынан өзге мәселелерден кем түспейтін тегіміздегі «ова», «ева», «ов», «ев» жұрнақтарының қазақ халқының өмірімен біте-қайнасып кетуі.
Мемлекетімізді үшінші мәрте жаңғыруға бастап келе жатқан Елбасымыз соңғы мақаласында әліпбиді латын қарпіне ауыстыруды ұсынды. Көптеген түйткілді мәселерді түртіп өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты туындысы көтеріліп отырған тақырыпты тамырынан бастап жоюға да бағытталған. Қалалықтардың, әсіресе жастардың арасында басымдыққа ие болып отырған орыс тілінің шырмауынан құтылуына осы мақаладағы міндеттердің септігі тимек.
Тегімізге темір шынжыр болып ілінген «ов», «ев»жұрнақтарынан арылу тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көтеріліп отырған жоқ. Алашорданың біртуар азаматы Әлихан Бөкейхан өз заманында: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов, ев», — деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз тегін «ұлы», «қызы» деп аяқтаса, санамыздың ұлттың мүддесіне қарай өрістері хақ!», — деп ұрандаған еді. Содан бері қанша жыл өтсе де, біз аты-жөнімізге тағылған қара таңбадан арыла алмадық. Ақиқатына келсек, бізге ешкімде бөгет жасап жатқан жоқ. Керісінше, осыған байланысты Ата Заңымыздың өзінде арнайы бап қарастырылып, рұқсат етілген. Яғни, әр азаматтың өз қалауына қарай ерік беріліп, таңдау құқығы да қолдарына ұстатылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» делінсе, «Неке және отбасы туралы» Заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың аттарын, әкелерінің аттарын және тектерін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтардың тектері мен әкелерінің аттарын жазу кезінде қазақ тіліне жат – ов, – ев, – ова, – ева, – ин, – и, – ины, – на, – овна, – евна, – ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» делінген. Міне сіздерге заң, міне таңдау.
Демек, мемлекетіміз тегіміздің қазақшалануы үшін мүмкіндік жасап отыр. Алайда, Кеңестік заманның қазанында қайнап өскен алдыңғы толқын аға- әпкелеріміздің арасында аты-жөніндегі жұрнақтарды жоюға енжарлық танытыпотырғандары да аз емес. «Неліктен?» дейсіздер ғой.Конституцияда аты-жөнін түрлендіріп жазу әр азаматтың өз ықтиярлығындағы шаруа болып бекітілгендіктен олар өзгеріске асығыстық танытпауда. Екінші себеп — қағазбастылық. Әр адамның басында шыны керек бірнеше құжат бар. Тегін ауыстырған тұлға осыларды түгелдей қайта рәсімдеу қажет. Ол үшін мол уақыт пен біраз қаражатжұмсауға міндеттелеміз. Сонымен қатарқазақтар үшін «ұлы, қызы» жалғауларын қолдануды міндеттейтін талаптардың қарастырылмауы да себептің санын арттырып тұр. Демократиялық, зайырлы мемлекет болғандықтан тұрғындарға ондай талап қоя алмасақ та, тиісті мекеменің мамандары құжат рәсімдеуге жүгінген азаматтарға жүйелі түрде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе. Олардан қажет етілетіні «Тегіңізді қазақшаландыруға қалай қарайсыз?» деген екі ауыз сөз ғана. Міндетемесек те, мейлінше көп ұсыныс тастасақ, ұтарымыз қисапсыз.Осылайша, бір орталықтың күн тәртібіне бекітілген жұмысы мемлекеттіміздің түйінді мәселесінің шешімін тауып бермек. Ішінара арнайы билбордтар іліп, акциялар ұйымдастырылса. Осы әрекеттердің өзі-ақ 25 жыл бойы тасадан шыға аламаған өзекті мәселені кемінде бес жыл ішінде ретке келтірмек. Бұл бастама ататектің дұрыс жазылуына төңкеріс әкелері хақ. Бір қуантарлығы,елжанды азаматтар, әсіресе тәуелсіздіктің ұрпақтары, тоқсаныншы жылдардан бері дүниеге келген жастар перзенттерінің туу туралы куәлігінжаңа үлгіде алуды әдетке айналдырып келеді.
Халқымыздың біртуар пензентіБауыржан Момышұлыұрыс даласында көрсеткен ғаламат ерлігі үшін марапатқа ұсынылады. Қаздай тізілген солдаттардың алдында Баукең «Қызыл ту» орденді кеудесіне қадап алған соң, марапатталу жайлы бұйрық қағазға көзі түскенде, түсі сұрланып сала беріпті. Жалма-жан омырауындағы орденді ағытып алып: «Кешіріңіздер, бұл менің адресіме жіберілмепті»,-дептіжайбарақат.
Тосын сөзден тосылып қалған марапаттаушы: «Қалайша? Сіздің фамилияңыз жазылып тұр ғой» — десе, батырымыз: «Қазақта Момыш деген есім жалғыз менің әкемде ғана емес шығар. Бауыржан деген ат та маған ғана қойылмаған. Мен Бауыржан Момышұлымын. Ал мына бұйрықта Бауыржан Момышовқа деп жазылған. Сол себепті орденді алудан бас тартамын», — деген екен.
Міне, Кеңестік саясат кезінде де ұлтына, тіліне жанашырлық таныта білген еріміз нағыз патриотизмның үлгісін көрсетіп кетті. Ал қазір билігіміз қолымызда, Конституциямыз құшағымызда, заңды да өзіміз бекітеміз. Неге осы мәселені бір жүйеге келтірмеске. Тілек бізден, талап үкіметтен.
Бұл тақырыпты дөп Конституция күніне қарсы көтеріп отыруымыздың да өзіндік себептері бар. Ата Заңымызда аталмыш проблеманың шешімін тауып беретін бап қарастырылса деген ниеттеміз. Ең болмағанда «ауыстыруға құқылы» дегеннің орнына «міндетті» дейтін бір сөзді алмастырып қойсақ, тас түйіннің бір ұшынан ұстаған болар едік.
Аты-жөніміздің ана тілімізде жазылмауы өзіміздің атақ-абыройымызға сын екендігі ақиқат. Тегіңізді қазақшаландыруға сіздер қалай қарайсыздар, зейіні ұтқыр, зердесі алғыр оқырман?
А.ЕСЕНБЕКОВ.