Тіл – ұлт ұстыны, рухы мен айбары

Ұлттық болмыс пен рухани байлығымызды қаз-қалпында сақтап, «Мәңгілік ел» болу мұратымызға қарай қарымды қадамдар басу үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудан бөлек, дін, діл, әсіресе тіл мәселесінің құнын түсіріп алмауымыз қажет. Әр елдің тарихы тамырлас болып, өткені мен бүгіні, болашағы сабақтасып жатқан «Тілдің» тұғырлығы, мәртебесі өте өзекті екендігі де рас.

Тарих бедеріне бір зер салыңызшы. Кез келген халықты түбегейлі жойып, мәңгүрттендіру саясатын жүргізу үшін ең алдымен ана тіліне тұсау салу ғана жеткілікті. Себебі әр елдің тілінде ұлттық тарихы, болмысы, рухани һәм дүниауи тірлігі жатыр. Қай мемлекетті алсаңыз да тілдік ерекшеліктеріне байланысты тұрмыстық өзгешеліктері, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптық айырмашылықтары бар. Демек «тіл» – бұл тек ауызекі сөйлеу қатынасына ғана керекті құрал емес. Ол – ұлттың өзі.

Тәуелсіздік тұғырын тік көтергелі міне 30 жылдан асты. Егемендіктің арқасында жетпіс жылдық бодандықтан кейін қазақ тілінің мәртебесін өз орнына келтіру мәселесі жедел көтерілгені мәлім. Бір қуантарлығы солақай саясаттың дауылына қарамастан ана тілімізді ұмыт қалдырмаған халқымыз дербестік алғаннан кейін лезде етек-жеңін жиып, тілдік құндылықтарды насихаттауға кірісіп те кетті. Талай жылғы күштеп ұмыттыру салдарынан бұл бастама оңайға соқпаса да, «Ана тілім – арым бұл, ұятым боп тұр бетте» деп, ұран қылды. Сол мақсатына жету жолында аянып жатқан жоқ.

Мұқағалиша тәпсірлеп, ана тілімізді «Үш бақытымыздың» бірі деп білсек құба құп. Құндылықтар тізімінде алдыңғы қатарда тұрған тәл мәселесінде кемшілікке жол берсек ертеңіміздің де баянды болмасы хақ.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та: «Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек»,- деп, бас айтқан еді.

Жаңа заман мен тың технологиялар, жаңаша мүмкіндіктер көбіне өмірімізді оңтайландыруға өзіндік көмегін тигізіп жататыны анық. Алайда жаһандану дәуірінде ана тіліміздің тазалығы мен сауаттылығына немқұрайлы қарайтындардың да қарасы көп. Бұл мәселенің бір ұшы әсіресе көшедегі кәсіпкерлік нысандарында тайқташалар мен жарнамаларға тиіп тұр. Сөз бен ойдың дұрыс аударылмауы, орыс тіліндегі жарнамаға басымдық берілуі және қарапайым сөйлемдегі бірнеше қателіктер – тіл мәртебесіне нұқсан келтіруде. Бұл – ең алдымен кәспкерлік иелерінің ана тілімізге атүсті көзқарас танытуы мен рухани тұрғындан азғындауларының белгісі. Күнігі жүздеген адам оқитын сауатсыз жарнама, сұрықсыз жазбалар өзі де қазақ көгіне әрең адымдап келе жатқан тіліміздің бақайынан қағумен тең. Онымен қоймай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттеріндегі түрлі жазбалардағы қате мен кемшіліктерді көріп, көзіңнен емес жүрегіңнен қан ағардай кейіпке енесің. «Соншалықты сауатсыздық пен білімсіздің билеген бе?» деп те қаласың кейде. Бұған тосқауыл қоймаса жағдайдың да тез арада оңалмасы рас.

Қаншалықты кемшілік пен кедергілер жолықса да қазақ халқының ұлттық болмысы, рухани жадысы аманда – ана тіліміз де ғасырлардан ғасырларға аяқ басып, Мәңгілік тұғырына көтеріле берері ақиқат.

Ардан жаратылған алтын құрсақты аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға сіңіп, тәнімізге дарыған қазақ тіліміз небір алмағайып заматтардың зобалаңдарына шыдас беріп, тәуелсіздігімізді тұғырына көтерген мезеттен бастап «Мемлекеттік» деген атақты қанжығасына бекем байлаған болатын. Берен мылтықтан безере атылған  қорғасын оғына ілігіп, қынадай қырылып кеткен қазақ зиялыларының көздегендерінің бір сарқыншағы да осы еді.

Ұлт болып ұйысқалы бері қазақ тілі дәл осындай жетістікке  жетпегені мәлім. Бұл тәуелсіз еліміздің тәубешіл азаматтарының арқасында орындалған асқақ арман десек те болады.

Көреген саясаттың арқасында қазақ тілінің мәртебесі тәуелсіздік жылдары едәуір өрістеп, атағы еселене түсті. Әр салада ана тіліміздің салмағы артып, мемлекет саясатының бір тірегіне айналды.

Ел болып, еншімізді алғалы мемлекеттік деген атақ теліген ана тіліміздің айбыны айға да жетті, ғарыш кеңістігіне де көтерілді. Қаймана қазақтың қарапайым иісі сіңген иен даламыздың бетке ұстар, мақтануға лайықты аймағы саналатын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 1957 жылдың 4 қазанында ғарышқа жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылып, дүйім жұрт нәресте мәнзелдес қуанып, жетістігін асып та, тасып та тойлаған болатын. Сол мезетте ғарыштың ашық кеңістігіне көтерілген «Спутник – 1»  жасанды жер серігінің бортында қазақ тіліндегі хабарламамен жабдықталған деректер пакеттері болған. Демек қазақ тілі «Ғарышта болған алғашқы тіл» деп жар салып жариялауымызға болады. Фактілер бойынша тек осыдан кейін ғана өзге тілдер ғарыш кеңістігіне көтерілді.

Міне, өзге мемлекеттердің алдында именбей мәлімдеуге болатын мақтаныштарымыздың бірі осы. Бұл деректер ана тіліміздің айбындылығы мен өміршеңдігінің айқын белгісі. Демек, көзіміз жетпеген жерге тіліміз жетіп, бүгінгі таңда атағымызға атақ үстеп, мерей-мәртебемізді еселеп отыр.

Әлем тілдері арасында естілуі мен дыбысталуы жағынан алдыңғы қатарлы Қазақ тілінің жалауы биікте желбіреуі үшін алдымен осы құндылықты ана тілім деп ұғатын азаматтар жіті меңгерген анық. Себебі өзіміз сыйлай алмаған дүниені, өзгеге сыйлату қиынның қиыны.

Тілім барда… «Тілім барда айтылар сөз ойдағы» деп бұрынғылар толғанғандай өз ана тіліміздің құнын түсірмей, қырын сындырмай таза табиғи қалпында сақтау жүрегі елім деп соққан әр қазақтың, әр қазақстандықтың борышы. Міндеті десек те болады. Абайдың өлеңі өріліп, Мұқағалидың мұңы төгілген, Жамбылдың жыры жалын атқан, Мағжан мен Ілиястың шумақтарына қанат бітірген қазақ тілінің тамыры тереңде және де бүгін-ертең тұғыры теңселе қоймас. Алайда «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, қауіп әлі де бар. Қабанбайдың қасқа тұлпарын шаптырып, Наурызбайдың найза көтергендегі ұранын әйгілеген, Бұқар болып патшаға да датын жеткізген, үш би болып күллі қазақ ұлысына төрелік еткен ана тіліміздің абыройын асқақтатып, оның даңқы мен дақпыртын еселей түсу бүгінгі тәуелсіздіктің ұрпақтарының иығына артылған жүк.

Тіл – адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Арғыға арман қанатымызды қақпай, бүгінгінің қақпасынан сығаласақ «Мемлекеттік тілдің» мәртебесі көтеру мақсатында жасалып жатқан жасампаз істерге көңілін қуанады. Ең алдымен халықтар бірлестігі мен ұлттар достастығының «Алтын тұғыры» ретінде осы қазақ тілінің насихатталып жатқандығы мәлім. Шетіне жетпей тұлпардың тұяғы мұқалып, шегін таппай сұңқардың қанаты талатын ұлан-ғайыр атырапты Отаным дейтін өзге ұлт өкідері де бүгінде Қазақ тілін меңгеруге құлшыныстарын артып келеді. Себебі ортақ Отанымыздың әр өкілін біріктіруші – ол қазақ тілі.

Кешегімізден бүгініміз бақуатты, бүгінімізден болашағымыз баянды болып отырған осынау дәуірдің келбетіне бір үңіліп, елдік пен егемендікті сақтау және бірлік туы астындағы бірегей тірлігіміздің тұғырын теңселтпеуде ана тіліміздің атқарар рөлі мен орны ерекше екендігін ұмытпаған абзал. Ықылым замандардан бері тектілігін тілге балап, ең құнды қазынасы деп санаған ұлтымыз қазіргі таңда да осы ұстанымынан жаңылған емес.

Тіл тағдыры – ел тағдыры. Шынымен де тоң топыраққа тоғытылған көне заманның көрегендері, дала ділмарлары болған дана бабаларымыздың қай-қайсы да адамзаттық құндылықтарды, ұлттық болмыс пен рухани байлықты дәріптей отырып, тіл тағдырына да ерекше көңіл бөлуді ұмытпаған. Себебі тал бесіктен тұла бойға құдірет болып сіңген бұл қазынаның құнын белгілеу де мүмкін емес. Әлем тарихына зер залып, зерделейтін болсақ, алдымен тілін жоғалтып, артынша діні мен ділінен айырылып, соңында «ел» деген атақтан да мақрұм қалған мемлекеттер жетерлік. Ал бұған жетелеген алғашқы зардап – ана тілге деген немқұрайлылық пен боскеуделік болғаны мәлім. Бізді де осындай толқынды, тосқауылды тарих таразысы сүріндірмеу үшін тілімізге деген құрметтің құнын еселеп, барынша дәріптеу мен дамытуға тырысуымыз құптарлық дүние.

Қазақ тілі – ұлтымыздың рухани байлығының ұлғаюына, ойлау һәм елестету қабілетінің өрістеуіне, шығармашылық дағдысының шыңдалуына үлкен септігін тигізді. Әдебиет әлеміндегі сөз құдіретін барлығынан да биік қойған зерделі де зейінді, өрелі де ойлы алып тұлғаларымыз қазақтың хақ болмысын насихаттау мен тарих тағылымдарын ақтарып, ақпарат беруде айтулы жұмыстар атқарғаны мәлім. Қазірде олардың есімдері елімен бірге жасап, ғасырлар сабақтастығының куәсі болып отыр.

Тәңірден бұйырған тылсым қасиетті бойына сіңдіріп, осы бір биікті бағындырған азаматтардың пайымды пікірі, ордалы ойы, байламды бәтуасы – нағыз тіл өнерінің көрінісі. Шыны керек, ішінде таусылмас қазына-байлығы бар кітапты ақтарып, оқиғалар желісіне бар тәніңмен беріле оқу ғажап қой, шіркін! Әр тарауын, әр тарамын көза алдыңа елестетіп, әдебиеттің әлеміне сіңіп кетуің тіл өнерінің құдіретін көрсетіп тұрғандай. Бүгінде бұл бағытқа деген көзқарас та өзгере түскен. Оқырмандардың сұранысы мен сұрауы да өзгерді. Бұл қаламын қару етіп, әдебиет майданында жүргендерге деген жауапкершілікті арттыра түсті десек те болады.

Алайда тілге деген құрмет әдебиет саласында жүген азаматтармен шектеліп қалуы да жаңсақ пікір. Бұл жалпыұлттық көрініс тауып, барынша қолдау көрсететін дүние деп білемін. Тарихымыз тамырын жайған сонау көктүріктер мен сақ қауымынан бергі өткеніміздің өнегелі тұстарының барлығында ана тіліміздің мәртебесі ерекше болған. Керей мен Жәнібек бастаған ұлы көш соңында Қазақстан дейтін мемлекеттің тұғырын көтеріп, тілінің де байрағын тіктеген болатын. Ана тіліміз бұл қазақ халқының бүтіндей болмысы, қанымен бірге тамырын жайлаған тіршілік нәрі десек де болады.

Ананың сүтімен, әкенің бекзат тәрбиесімен, әженің әз әңгімесімен, атаның ақ батасымен, халықтың сөзімен тұла бойымызға сіңісті болған Ана тіліміздің тұғыры нықтала берсін!

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: