Туған жер тарихын таны

Қоңыр ауылы
Қоңыр – ауданымыздағы Ақжар ауылдық округіне қарасты Қарасай, Қаралы, тауларының етегіндегі сай аузындағы әсем табиғатты жерде орналасқан, қазақ-орыс халқы мекендеген қоныс. «Жер байлығы – ел байлығы» дегендей ауылдың өзі шағын болса да,оның айналасындағы жер қойнаулары тұнған байлық. «Осы мекеннің «Қоңыр» аталуының сыры неде, ол қандай адам болған, ата-бабалары кім, халыққа қандай пайдасы тиген?» -деген сауалдар кімді болса да, ойландыратыны анық.
Қоңырдың ата-тегі туралы жақынырақ білу үшін Екпінді ауылында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет еткен Әділхан аға тапсырған мына тарихи деректі келтіру дұрыс деп санаймын: Мұхамеджан деген ақсақалдың Қоңырға әкесі Сүлеймен қайтыс болғанда айтқан көңілі

Алдияр, алды батқа Бейісжанға,
Қоңыр, Ысқақ, Смайыл, Дәулетханға.
Қазаға құдай ісі сыпайылық,
Бәріміз де қонақпыз бұл жалғанға!

Шіркін, жалған өтеді-ау бәрімізден,
Алтынның жұпар түйген сынығы деп
Үміт қылып тұрамыз Қоңыр сізден.

Айтайын айт дегеннен Қоңыр елге,
Үш түлеген сұңқардай талқы көрген.
Хан иең дүниеден талақ салып,
Кетіпті «ләмекең» деген жерге.

Қалия болған ағаңыз,
Қаныша болған анаңыз.
Сол екеуі өтіпті,
Ей, Қоңыр, қайырын берсін саған!

Арғы атаң, Қыдыр қонған Әбілпейіз,
Салды деп ол Семейді есітеміз.
Ағадай ол Найманға ұран болған,
Бекеңе біткен дәулет ұшан -теңіз!

Сөз жаздым бес алты ауыз Мұхамеджан,
Орта жүзде кім асқан Бексұлтаннан.
Он сегіз жыл бас болған Шүкең дара,
Құданың құдіретіне бар ма шара!

Кезінде данагөй билер сонау АлтайданҚараталға дейінгі жерді алып жатқан қалың найман елінің бірлігін, тыныштығын сақтау мақсатында кең байтақ қазақ даласын әділ басқарып отырған Арқадағы хандар тұрағына барып, өлеңде көрсетілген Әбілмәмбеттің баласы Әбілпейізден төре ұрпағының біреуін сұраған екен.Әбілпейіз ел басқаруға 14 жастағы Ағадай атты ұлын жібереді.Ағадай төренің 12 баласы болған. Соның бірі – өлеңдегі «Бекең» Бексұлтан төре Қоңырдың атасы.
Бексұлтан төре туралы ауданымыздың тарихын зерттеп жазған Мәкетай Жақыпбекұлы «Алакөл өлкесі»атты кітабында жазған. Ол- өзінің ұрпақтарымен Үшарал қаласының аумағын мекендеген, өз заманында осындағы айтулы тұлғалардың бірегейі болған адам. 1856 жылы Ойжайлауда (қазіргі Лепсі) Ұлы жүздің Россияға боданболуы туралы антқа қол қойған адамдардың бірі. Бексұлтанның бір баласы Малай қазіргі Үшарал қаласының негізін қалаған. Алғаш үй салып, осы жерді мекендеген.МәкетайЖақыпбекұлының ұсынысымен Абай атындағыорта мектептің жанындағы көшеге «Бексұлтан төре» аты берілген.
Төренің ел басқарған балаларының бірі – Қоңырдың әкесі өлеңде «Шүкең» деп көрсеткен Сүлеймен төре. Ол 1873 жылы аға сұлтан болып сайланып, елді 18 жыл басқарған.Ауылдың дәл ортасынан ағып жатқан өзенге құйылатын бірнеше бұлақтың көзін ашқан. Халық «Сүлеймен өзені» деп атаған. Кейін көшіп келген қоныстанушылар атын бұзып «Селемейка» атап кеткен.
Сүлеймен төре қайтыс болғаннан кейін өлеңде көрсетілген балаларының ішінде ақылды, көреген, адамшылық қасиеті бар Қоңыр ата-баба жолымен осы өлкені басқарады.Қарт кісілердің айтуы бойынша, ол ат жақты, бойы биік, сұңғақ кісі болған.

«Жетісу» энциклопедиясында «Жетісу өлкесінен Қажылық сапарға барғандар» тізімінде 1908жылы Лепсі уезінен 20 адамның аттанғаны туралы жазылған. Соның ішінде бірінші болып Қоңыр Сүлейменовтың аты аталады. Қоңыр төре ол кезде 67 жаста болған деп көрсетілген. Олай болса, Қоңыр төре 1841 жылы туылған. Ауылдың үлкен кісілерінің айтуы бойынша, ол Меккеге кетіп, сол жақта «Жаңа тіл Бахи» деген жердеқаза тапқан. Бірге жолға шыққан адамдардан еліне сәлем жолдап, өзінің жинаған бар малын халыққа таратып беруін өтінген.Қажылық сапарға барған тізімінде жазылғанына қарағанда, сол жақта қайтыс болғаны шындыққа жанасады. Қоңыр төренің ұрпақтары қазіргі кезде Қытай Халық Республикасында тұрады. Оның Әбдіхамит деген ұлы және екі қызы болған. Кіші қызынан туған ұрпақтары бар. Адай аға отбасымен Алматыда тұрған. Ұзақ жылдар ҚазПИ-де сабақ берген. 4 баласының бәрі қызметте.
Қазіргі Қоныр- онда тіршілік етіп жатқан тұрғындардың туған жеріне айналған,әр үйде алма бағы бар, мал өсіріп, бал арасын ұстап, соның өнімінен күн көрген ауыл жұртына таптырмайтын мекен.Халықтың ешкімнен кем болмай, жақсы өмір сүруі, осы ата – бабаларымыздың кеңпейіл көңілінен туса керек.
1950 жылдарға дейін Қытай Халық Республикасында тұрған Ақжар ауылының тұрғыны болғанШотанбектегі Байболатұлы Мәукен деген үлкен кісі мынадай деректер қалдырған еді:осы өлкеде сол кезде Қоңырдан асқан бай болмаған. Оның үш мың жылқысы, екі мың құлынды биесі, жиырма бес мың қойы, бес жүз түйе, екіжарым мың сиыры өрісінің сәнін келтірген. Осындай байлығына қарамастан, ол өте қарапайым, халқына әділ, қайырымды болған.

Оның жақсылығын 1908-1909 жылдары, одан бұрын да, осы өңірге көшіп келген орыстар көп көрген. Оларға көп көмектескен. «Алдына барғандарға дорбаларына құрт – ірімшігін толтырып, қойын сойып, ет – майын салып беріп, қолын қайтармапты.Әке шешеміз «Ол өте қайырымды болған» деп айтып отыратын деп, еске алады, қазіргі осы ауылды мекендеп отырған орыс халқы.

Қоңыр төренің тұрғанын білдіретін ауылдың оңтүстік шығысында Қарқаралы тауының үстінде үлкен төбе бар. Оны «Коныровка» деп атайды. Сол жерде мешіт болған, тас кірпіштен салынған орны бар. Төбеде «Қоңыр тұмасы» деп аталатын тұма бар. «Суы тастай, ішсең шөліңді қандырады» – деп отырады ауыл адамдары.
Негізінде, бұл өңір Қоңыр төренің көктемгі және күзгі тұрағы болған. Жаз жайлауы Қазіргі Сапақ, Тоқжайлау ауылдарын басып өтіп, Қарой, Саргер жерлерін жаз жайласа, Қарақұм ішіндегі Майбүйрек, Қаратау атты жерлерді қыстапты.

Жері құнарлы, суы мол аймақта өмір сүрген Қоңырдың халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен қатар дәулетті тұратын қолында соқасы бар адамдар егін егіп, жер шаруашылығымен де айналысты. Ұсталық, зергерлік, темір өңдеу сияқты кәсіп түрлері, құрылыс ісі дамыған.Қоңыр төре заманында бұл өңірдің билеушісі де, иесі де қазақтардың өздері болды. Олар өз заңдарымен, салт – дәстүрімен өмірсүрді.
XIX ғ.екінші жартысынан бастап, қазақ даласындағы барлық өңірлерде болғандай, біздің өлкеде де үлкен өзгерістер орын алды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, байларды қудалау басталды.ХХ ғ.басында орыс халқының қазақ жеріне келіп, қоныстана бастауынан ауылдағы өмір күрт өзгерді. Мұздай қаруланған казактар патшаның қолдауына сүйеніп, қазақтың ең шұрайлы жерлерін тартып ала берді. Осыған орай, 1847 жылы Жетісу бекініс шебі құрылып, оған Лепсі уезі қарайды. Оған 15 казак станицасы және бірнеше қоныстар кірді.Жері шүйгін, оты мол жерлерді тартып алып, өлкені билеген генерал – губернатор қоныстарға өз балаларының аттарын қоя бастады. Сөйтіп ауыл «Надеждовка» аталып, 1847 жылы «Ново-Надеждинск» деген атпен Лепсі уезіне қарайды.

Біздің ауылға қоныстаушылардың көбісі Ресейдің ішкі губерниясынан келген. Сондықтан олар өздерін «Мы Смоленщины» дейді.1928 жылы уез жойылып, 1929 жылы «Встреча» атты колхоз құрылып, 4 қазақ отбасы ғана болады. Олар Байтүгіл, Шалдон, Шаяхмет, Саманқұл аталардың отбасылары. Олардың ұрпақтары қазіргі кезде осы Қоңыр ауылында тұрады.
1960 жылы колхоз «Встреча» «Путь Ленина» колхозының құрамына кіреді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 7 қаңтарда аулымыз қайтадан «Қоңыр ауылы» атанып, өзінің тарихи атын қайтарып алды.

БағдагүлНұрмұхамбетова,
Қоңыр ауылының тұрғыны.

Мәліметпен бөлісу: