Қызметім қателікті кешірмейді

Қазақстан тәуелсіздік тұғырына орныққалы ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы мезгіл ішінде сан салада оңтайлы өзгерістер орын алып, «көмескі» тұстар жаңғыртылып, мінсіз жүйенің қаңқасы құрылды. Жасампаз істер мен нәтижелі жобалар жүзеге асырылып, заң қағидалары қайта қаралып, тиісті әрі тиімді қаулылар қабылданды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы, отандық дәрі-дәрмек өндірісі нарығында да іргелі де ілкімді істер атқарылды. Әр өңірде әлеумет әлеуеті, қоғам құрылымы мен өмір сүру сипатына қарай медицина жүйесі жаңашылдыққа бет бұрып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру және кәсіби білім мен біліктілікті жетілдіру жолдары іздестірілді. Бұл үрдіс біздің өңірді де шет айналып өткен жоқ. Тоқсаныншы тоқырау жылдары мен XXI ғасырдың алғашқы кезеңдерінде медицина саласында кадрлар тапшылығы белең алса, кейінгі күндері олардың қатары білікті мамандармен толығып келеді.

Қателікті көтермейтін, кемшілікті кешірмейтін жауапты қызметтегі анестезиолог-реанематологтардың әр ісі тәуекелге толы. Өйткені хал үстінде жатқан адамның өмірі, олардың аяқтарына тік тұрып кетулері, тиісті органдарға жасалған отаның сәтті аяқталуы, ағзаға керекті мөлшерде жансыздандырғыш дәрінің берілуі тікелей осы кісілерге байланысты. «Артық», «кем» деген түсінікпен істес болмайтын бұл дәрігерлер адамның жасына, салмағына, сырқатына қарай «Наркоздың» белгілі көлемін, түрін анықтап, ота барысында науқастың хал-ахуалының нашарлап кетпеуіне баскөз болады. Төтенше жағдайлар туындаса тиісті шаралар қолданып, алдындағы адамның ажелмен арпалысына араша түспек.

Аудандық орталық ауруханада осы мамандықтың тізгінін ұстаған, тәжірибелері толымды үш анестезолог-реаниматолог дәрігер қызмет етеді. Осы азаматтардың құрметіне орай белгілеген, халықаралық дәрежеде аталып өтетін төл мерекелерінің қарсаңында аталмыш саланың үздігі Талғат Қуисовпен сұхбаттасып қайттым.

Бүлдіршін шағында ақ желеңді абзал жандарды көргенде, соларға қарап бой түзеп, «Осы кісілердей болсам екен» деген арман жетегінде жүрген кейіпкеріміз мектепті тәмамдағаннан кейін бала күнгі бағытынан жаңылмай Алматыдағы Республикалық медициналық колледжге фельчер-лоборант мамандығына оқуға түседі. Себебі, сол замандарда ауылда «мұғалім» мен «дәрігерден» қадірлі, олардан құрметті адам болмайтын. Бірі жаныңның, екіншісі тәніңнің бағбаны. Колледжді тәмамдай сала С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті, емдеу факутельтіне қабылданып, білімін толықтырады. 2007 жылы дипломын қолға алып, көз тіккен белесінің биігін бағындырады. Жоғарғы оқу орнында жүргенінде Алматы шаһарындағы №7 жедел-жәрдем стансасында қосымша жұмыста болады. 2007 жылдың қараша айында аудандық орталық аурухананың бұрынғы бас дәрігері М.Абдығалымовтың арнайы шақыртуына байланысты Алакөлге қайтып келеді. Алғашқыда реаниматолог болып қызмет еткен жас маман, араға жыл салып анестезиолог-реаниматолог ретінде бекітіледі. Титтей де бір олқылыққа орын берсе алдындағы сырқаттың тұрмай қалуы да ықтимал екендігін түсінген ол, бұл жердегі алғашқы күндерін қорқыныш, қобалжу, толқу сынды сезімдермен арпалысумен өткізеді. Себебі, оның басты міндеті ота кезінде науқастың ағзаларын уақытша жансыздандыру, яғни «Наркоздың» тиісті мөлшерде берілуін, олардың жүрек қағысын, қызуын, қан қысымын, тыныс жиілігін қадағалап отыру. Сырқаттың хал-ахуалының нашарлап кетуінің, ота үстеліндегі өлімнің, өмір сүруге маңызды органдардың жұмысының тоқталуының, төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады. Ал адам өмірінің сақтандырушысы болу оңай шару емес екендігі айдан анық. Осы процестерді қадағалап отыруға арналған құрал-жабдықтардың қызметімен де жіті таныс болу басты қағидалардың бірі. Ал соңғы үлгідегі, заманауи стандартағы жүрек соғысы мен қан қысымын, өкпенің оттегіге тәуелді, тәуелді еместігін бақылап отыратын мониторлардың, ұзақ ота кезінде адамның тынысы тарылып қалмуы үшін қосылатын өкпенің жасанды аппараттарының және дифиблиряторлардың тілін меңгеру оңай оспақ емес. Шынтуайтқа келсек, «анестезиолг-реаниматолог» болу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Бұл өте жауапкершілікті, ұқыптылықты, тиянақтылықты қатаң талап ететін мамандық. Ал аты айтып тұрғандай наркологиялық элементтерден тұратын «Наркоздың» пайдасымен қатар адам денсаулығына тигізерер зияны да аз емес. Арагідік ота үстінде науқастың оянып кетуі, есте сатау қабілетінің нашарлауы, төсек тартып жатып қалуы сынды кері әсерлерге де әкеліп соғу мүмкіндігі де баршылық. Ал біздің кейіпкердің еңбек жолына назар аударсақ бұндай олқылықтардың орын алмағанын аңғарамыз. Жанындағы әріптестерінің, өз тәжірибесінің арқасында талай адамның алғысына да бөленген. Тиянақты ісінің өтеуіне басшылық тарапынан мақтауға да, түрлі сыйлықтарға да ие болған.

«Жалғыз адамның жұмысы мінсіз болуы екіталай. Себебі, біреу білмегенді екінші біледі. Мен істей алмағанды өзгелер дөңгелетіп әкететіні де мәлім. Қазіргі таңда менен өзге Күлпара Саубулатова мен Айжан Жексемдаева деген екі анестезиолаг-реаниматолог қызмет етеді. Және де қосымша бес медбике мен екі мейіргер (медбрат) бар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демешкті әр іске біріге кірісеміз. Осы кісілердің арқасында бірталай қиындықтарды еңсердік, жеңдік. Алғашқы алғыс соларға»-, дейді әріптестерінің еңбегін жоғары бағалаған кейіпкеріміз.

Талғат Дәулетұлың жеке өміріне ойыссақ 2003 жылы Айнур Өмірзаққызымен отасып, шаңырақ көтереді. Махаббатырының жемісі ретінде Тәңіріміз оларға балпанақтай екі батырды сыйлаған. Ұлдарының алды озық ой, озан қабілетімен ерекшеленіп, бүгінгі таңда Талдықорған қаласынағы қазақ-түрік лицейінде білім алуда. Жанұясының әр мүшесі аталмыш азаматтың осы мамандықты таңдағанына қуанышты. Балалары да «Менің әкем дәрігер, адамдар өмірінің арашашысы» деп мақтан тұтады.

Шипалы қолымен шуақ сыйлаған, жауапты қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Т.Қуисовты және барлық әріптестерін төл мерекелірімен шын жүректен құттықтаймыз. Ақ халаттарыңыздай пәк көңілдеріңізді кір шалмасын. Қажыр-қайраттарыңыздың арқасында межесі биік мерейлі белестерге өрлеп, толайым табыстарға кенеле беріңіздер. Тек қана отбсыларыңыздың ғана емес ауданымыздың, одан қала берді облыстың, Республиканың да мақтан тұтар майталман анестезиолог мамандары болыңыздар.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: