Соңғы уақытта елімізде атом электр станциясының салынуы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бүгінгі технология алға озған заманда электр энергиясының шамадан тыс қолданылуы қуат көзінің де қажеттілігін арттыра түсті. Күрделенген мәселенің күрмеуін шешудің жолы ретінде атом электр станциясын салу ұсынылып отыр. Осы тақырыпты жан-жақты зерделей келе, аталмыш бастаманың пайдасы зор екендігіне көзім жетті. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мен еліміздің экономикалық, әлуметтік жағынан дамуын қалаймын. Атом электр станциясының салынуы соған жол ашып қана қоймай, табиғи қуат көзін тұтына отырып, экологиялық мәселелерді де шешуге болатындығы мені қуантады. АЭС Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға көмектеседі. Қазіргі уақытта елде электр энергиясы негізінен көмірден өндіріледі, ал атом энергиясы бұл саладағы әр тараптандыруға ықпал ете алады.
Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда, бүгінгі күні АЭС құрлысының салынуын қолдаймын. 6 қазан күні өтетін республикалық референдумда барлық аудан тұрғындарын белсене қатысуға шақырамын. Еліміз үшін зор маңызға ие шешімді бірге қабылдайық!
Ж.Омарова
Алакөл аудандық кітапхананың директоры