Жаңа саябақ көңілден шығуда

Кәрі құрлықтың қақ ортасына хандығының қазығын қаққан Қазақстан тәуелсіздіктің көк туын көкке көтерген кейін айтса нанғысыз қадамға барып, айды аспаннан бірақ шығарды. Басқа тартсаң аяққа жетпейтін қысылтаяң уақытта бұндай тәукелге бару өзі де тау мен тасқа соғылып тозығы шыққан ел үшін оңай соқпасы онық еді. Төрткүл дүниенің назарын аударып, сенцацияға айналған бұл жаңалық мемлекет ордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру еді.

Алғашында езуіңе күлкі үйіріп, аңыз көрінгенімен жылдар жылжыған сайын елес болып сезілген ессіз дүниеге дем бітіп, төр қаламыздың төбесін күн шалды. Ертегідегі Алпамыстай ай санап өскен шаһар бүгінде шартарапқа танылған алып мегополиске айналды. Зеңгіт көкке ұмтылған зәулім ғимараттар бой түзеп, Астана заманының заңғар қаласы атанды.

Кеше ғана алғашқы нысандары қолданысқа беріліп, бүгінгі қалпынының нобайы енді қалыптасып келе жатқан Елордамыз жиырма жылдық тарихын тасқа қашап үлгерді. Әлем аренасындаға атағы аспандап, жаһандық бәсекелестікке бәс тіккен мемлекетіміздің төлқұжаты болды.

Егемендігіміздің еңселі жемісінің мерейлі мерейтойына толқыны тулаған, құстары шулаған айдынды һәм айбынды Алакөл де арнай сыйын табыстады. Ол аудан орталығы Үшарал қаласының шығыс беткейінен бой көтерген «ASTANA» саябағы. Күні кеше ғана қолданысқа берілген демалыс орны көп уақыт өтпей-ақ тұрғындардың сүйкті мекеніне айналып үлгерді. Құрылысына жұмсалған қаражат та қомақты, нәтижесі де көңілге қонымды. Бюджеттен бұйырған әр тиын толықтай игерілгені көрініп-ақ тұр.

«Халық айтса, қалып айтпайды» демекші, саябақты сая қылған тұрғындардың жаңа демалыс орны жайлы пікірін тыңдап, пайымын білу мақсатында сұхбат жүргізген болатынбыз. Елдің айтары бір, ойы ортақ.

Үш немересін ертіп, кешкі серуенге шыққан Күлімхан әжеміз: «Біздің жас кезімізде бұл жерді шөп қаумалап, бос жататын. Көбіне төрт түлік төлі азығын тауып, атты кісілер ғана таптайтын аумақ болатын. Ол мезеттерде бұндай саябақ яки маңайымыздағыдай сәнді ғимараттар сап түзеп,  сәулетті нысандар бой көтереді деген түсімізге де енбеген еді. Енді міне Елордамыздың құрметіне демалыс орны салынып, ертелі-кеш жұмыстан шаршаған жұрт серуендеп, серігіп қайтуға мүмкіндік алды. Қала ішіндегі аллеяда отырып, немерелерімді қыдыртып қайтушы едім, жаңа саябақ тіптен керемет болды. Кең, көз қызықтырар, көңілің тояттар дүниелер де мол. Бәрінен де немерелерім мәз. Түрлі аң-құстардың мүсінін тамашалап аң-таң, әткеншектерге отырып риза. «Жерде бір бала күлсе, көкте мың періште қуанады» демекші, кішкентай бүлдіршіндер мен барлық аудан тұрғындарына осындай қуаныш сыйлаған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Ең алдымен жарғақ құлағы жастығына тимей, халық қамы үшін деп шапқылап жүрген аудан әкімі Әлібек балама рахмет. Басшысы жақсы ел тозбайды. Алакөлдік азаматтардың көшін бастап, өңіріміздің өркендеуі үшін көптеген іс атқаруда. Солардың ішіндегі ауқымды дүниенің бірі – осы саябақ»,- дейді.  Жетпіске таяса да жүрісі жеңіл, қимылы ширақ  кейуана осылайша жүрек түкпірінен суырылып шыққан жылы сөздерін жаудырып, аудан атқамынерлеріне деген ақ ниетін білдірді.

Саябақты шат күлкіге толтырып, жүгіре шулаған балдырғандарға назарымыз ауып, төрт жасар Ерасыл есімді ерке бүлдіршінмен әңгімелесудің сәті түсті. «Бала тілі – бал» демекші, сөздік қорының қазынасы бай болмаса да, бар қуанышы көзінен көрініп тұрған Ерасыл: «Бұл жерде балалар ойнайтын көптеген әткеншектер, күшті-күшті сырғанақтар бар. Енді анам жұмыстан оралған соң күнде осында келеміз. Балармен қуаласпақ, тығылыспақ ойнап, балмұздақ жедік. Бүгін Абылай деген дос таптым. Екеуміз кезекпен сырғанақ теуіп, анау тұрған кемеде теңізші болдық. Ертең ол өзінің добын ала келетінін айтты. Сосын мұнда қасқыр, аю, елік, құлын, барыс бар екен. Айтпақшы теледидардан көрсететін үлкен Бәйтерек тұр. Анам екеуміз ол жерде суретке түстік»,- деп, демалыс орнының ұнағанын жеткізді. Пейілі кіршіксіз Ерасылдың езуіндегі күлкі мен жанарындағы қуанышты көріп, біздің де көңілімізге күн нұры ұялады.

Келесі бағытымыз саябақтың сол жақ қанатынан орн тепкен қазақ үйге бұрылды. Сыртынан қарасаң сәнді, құдды ерте заманға түсіп кеткендей сезімге бөленіп, ішіне бас сұқтық. Іші де ою-өрнектермен безендіріліп, қазақы иіс аңқып тұр. Үстел үстіне бауырсақ жайылып, дастарханға кілең ұлттық тағамдарымыз қойылған. Төрде күмістей сақалын сипап, қарт кісі отыр. Қолындағы кесенің ернеуін сүйген қымыздан ұрттап қойып, жанына жайғасқан қос жігітке дін, діл, мәдениет, салт-дәстүр жайында әңгіме айтуда. Бір сәтте мүдірмейді. Кітап оқып отырғандай тоқтаусыз, кідірусіз сөйлеуде. Кеудесі кенді қариямен амандасып, жөн сұрастық. Айтары мол ақсақалдың есімі Болат екен. Көп созбай, көкейімізге қонған сауалдарымызды қойып, саябақ туралы әңгіме өрбіту хақында қолқа салдық. Сөзін тарих қойнауындағы мәліметтерден бастаған ақсақал: «Сонау Кеңес үкіметінің қамытын арқалаған заматта ел болашағына күмәнмен қарап, дербес сөзінің дәрежесіне көтерілу алынбас шыңдай көрінетін. Алайда бостандықтың ақ таңы атып, көк байрағымызды көгімізден келтірдік. Сол мезеттегі маңызды шешімнің бірі басты ордамыздың орнын ауыстыру еді. Қолдан келді, қорытындысы ғаламат. Ерке Есілдің бойында кереметтей қала бой көтерді. Енді міне төр шаһарымыздың төл мерекесіне орай алакөлдіктер де арнай сыйлық табыс етті. Алып саябақ салып, атауын Астанаға теліді. Бәйтерегін орнықтырып, бұқараға бел жазып, дем басар мекен сыйланды. Бұл игі бастамаға жан бітірген өңір басшысы Әлібек Әскербекұлының еңбегі ерен»,- дей келе, қолымызды жайдырып, ақ батасын берді. Дуалы ауыз қарияның дұғалы сөздерін естіп, біз де бір серпіліп қалдық.

Саябақ алаңын аралай, аяң басып балаларға арналған ойын пойызына қарай беттедік. Арнайы киім киген жүргізуші вагондарға бүлдіршіндерді тиеп, демалыс орнын айналып, қызыққа бөлеуде. Шеткеріде тұрған ата-аналар да риза. Солардың арасында қолына үш-төрт ай шамасындағы перзентін құшқан азаматшаны байқап, сырласуға бел байладық. Алғашында абдырап қалған бұл кісі  құрсағына алты сәби дарыған ана екен. Алдыңғы бес баласын пойызға мінгізіп, қуаныштарын тамашалап тұр. Сұрағымызды қойып, сауалымызды тартқанда  нәзік үнімен наздана жауап қайтарып, әңгімеге кірісіп кетті. Ризалығын жасыра алмаған Айсұлу: «Алты баламды да ертіп, «ASTANANY» көресіңдер деп мәз қылдым. Олар өздерін шынымен де Елордамызда жүргендей сезінуде. Бұл жер шынымен де бас шаһарымыздай көрікті, ажарлы. Бәйтеректің өзі бір төбе. Балаларымның езуіндегі күлкі, менің жүрегімнен шығып жатқандай. Сәбиің қуанса ата-анаға одан асқан бақыт жоғы белгілі ғой. Мұндағы түрлі әткеншектер, балалар ойынына арналған құрылғылар олардың уақыттарының қызықты өтуіне өз септігін тигізуде. Шыны керек өзім де бұл жерден тынығып қайтамын. Таза ауа, айнала жасыл елек, сәнді нысандар. Артық, кемі жоқ. Ортадағы алып су бұрқақты айтсаңызшы. Не деген керемет дүние. Айтпақшы, саябақтың түнгі көрінісінің өзі айлық әңгіме. Айналдыра орнатылған жарық бағаналары бұл жерге ерекше көрік сыйлауда. Күндіз-түні қосулы тұрған әуен де көңіл қылымызды шертуде. Көбіне қазақы күйлер қойылып, тәніміз де санамызда дем алуда. Осындай мүмкіндік сыйлаған атқамінер азаматтарға айтар алғысым шексіз»,- деп, пойыздан түскен сәбилеріне қарай адымдады. Қуаныш құшақтарына толған бес бүлдіршін аналарын құшып, тағы да отырғызуын сұрап жатты. Сырттан қарап тұрған біздің де көңіл көкжиегімізден күн көрініп, жүрегімізге бақыт сезімі ұялады.

Екі сағат бойы жеті гектар аумақты аралап, көптеген тұрғындарме сыр бөлістік. Пайым біреу ғана. Жаңа саябақ барлығының да ойынан шыққан. Айтылар алғыс та мол екен.

Ендігі біздің мақсат кереметтей дүниенің көркіне көлеңке түсірмей, қалыбына құылған қалпы сақтау. Есерлікке салынбай, шағып, сындыру, ластау деген түсініктерден ада болу. Тазалық пен тәртіпті қадағалап, саябақтағы әр затты ұқыпты пайдалану.

НҰРПЕЙІС МАҚСАТҰЛЫ.

 

 

Мәліметпен бөлісу: