
Ауданымыздағы орта және шағын бизнес күн санап дамып келеді. Өз жобасын қорғап, бизнес гранттарды қанжығасына байлаған бизнесмендер кәсібін домалатып, бүгінде аудан экономикасына сүбелі үлес қосып жүр. Соның бірі – Асқар Абылғазы. «Жан» атты шағын автокөлік жөндеу орталығын ашқан Асқар, бүгінде еңбегінің жемісін көріп, кәсібін кеңейтіп, бірнеше адамға жұмыс орнын беріп отыр. Кәсіпкермен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Жалпы кәсіп бастау, оны жүргізу деген оңай шаруа емес қой. Алдын ала жоспарлау керек, белгілі бір білім жинау керек дегендей. Осы шаруаны қолға алу бұрыннан ойда бар ма еді?
– Басында мен автокөлік бөлшектерін сататын дүкен ашсам ба деп ойлағанмын. Содан соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Алакөл ауданындағы филиалынан ұсыныс түсті. Мұхтар аға маған «оқып, бизнесіңді аш» деді. Содан соң ұсынысты қабыл алып, оқуға ден қойдым. Кейін бітіріп, грант ұтып алдым. Оған қоса өзімнің қосқаным бар, туған-туыс, дос-жаран көмектесіп, ақырындап осы жерге бокс салдым.
– Кәсіпті қалай бастадыңыз?
– Алдымен бір бокс салдым. Қазір ол ең кіші ғимаратымыз. Ол жерде біз мотор жинадық, автомобиль аспасын реттедік, форсунка тазаладық. Талмай еңбек еттік. Қазір, міне, еңбектің жемісін көріп отырмыз. Соның арқасында кәсібімізді кеңейттік. Қазір біз автомат коробка, компьютерлік диагностика, электроника секілді қиын жұмыстарды да істейміз. Мықты электриктердің басын қосып, осы жерге жинадым. Юрий, Максим, Олег секілді білікті мамандар бар. Сол кісілердің арқасында артынан тағы үлкен бокс аштым. Ол жерде мықты мотор жасаушылар, дәнекерлеушілеріміз, механиктер қызмет атқарады. Атыраудан келіп істеп жатқан мықты маманымыз бар. Сол кісілердің арқасында кәсібім дөңгелеп, үлкейіп, жемісін көріп жатырмыз.

– Көбі кәсіп ашар бұрын қаржы жағынан қиналып жатады. Сіз өзіңіз қанша қаршымен бастадыңыз?
– Мен 750 мың грант ұтып алдым. Қалғанын өз күшіммен, өз қалтамнан ақша шығарып жасадым. Әуп деп бастағанда, ең алғаш дәнекерлеуші аппарат, форсунка аппараты және автокөлікті көтеріп, түсіретін құрылғыны сатып алдым. Сол үшеуімен кәсібімді бастап кеттім. Қазір, шүкір, жігіттердің арқасында ақырындап аяққа тұрып келеміз. Қазір сол автокөлікті көтеретін екі құрылғы, аргон, компьютерлік диагностика, екі форсунка аппараты т.б. құрылғыларымыз бар. Мамандардық арқасында кәсібіміз тұралап қалған жоқ. Ақырындап кеңейіп жатырмыз. Бұйырса 2023 жылы тағы кеңеймекпіз. Осы маңайдан металл жонатын цех ашуымыз керек, автомобиль бөлшектейтін алаңқай ашу керек, автомобиль бөлшектерін сататын дүкен ашуымыз керек. Сондай мақсатымыз бар.
– Қазір неше адамға жұмыс орны бар?
– Жоқ дегенде бес-алты адамға жұмыс орнын ашып отырмыз. Аудан экономикасына аз да болсын үлесімізді қосып отырмыз. Мамандар істегеніне байланысты пайыздық мөлшермен ақша алады. Былайша айтқанда, елу де елу. Біз бұл маңайдан алдымен жер алдық. Кейін сол жерді коммерциялық етіп құжаттарын дайындап, кәсіп аштық. «Атамекенде» бизнес жүргізуді оқып, грант алып, ары қарай қосымша ақша қосып, бастап кеттік.
– Кәсіп ашқан адамдардың көбі дерлік өз сүйікті ісімен айналысады. Өзіңіз осы салаға бұрыннан қызығасыз ба?
– Өзім осы автомобиль алып келіп, сатып алып, қайта сататынмын. Көп көлік ауыстырдым. Көлікке қызығатыным рас.
– Білуімізше, өзіңіз асабасыз. Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес дейді ғой. Бұл қырыңыздан да аз-кем ақпарат болсын. Асабалықпен қашаннан бері айналысасыз?
– Иә, той басқарамын. Жиырма жыл болды осы іспен айналысқаныма. Басында музыкант болып бастағанмын. Қазір енді құдалық, қыз ұзату, үйлену тойы секілді үлкен тойларды басқарамын. Бір кәсібіміз осы асабалық. Негізгі мамандығым мүлде басқа. Мен өзім Матайданмын. Туған жерім – Матай станциясы. Мамандығым – теміржолшы. Осында 2000 жылдары келгенмін. Бескөл станциясына машинистің көмекшесі болып жұмысқа тұрғанмын. Бірақ тағдырдың айдауымен той өнеркәсібінен бір-ақ шықтым. Музыканттармен, асабалармен көп араласқаннан соң бірге жүріп, дәм-тұзымыз жарасып жүрді. Ақыры музыкант болып тойға шыға бастадым. Кейін бірте-бірте осы салаға дендеп кіріп, бір жола ауысып кеттім. Бескөл станциясындағы жұмысымды тастап, тойға бет бұрдым. Тойға асаба болып, әйтеуір соның арқасында ақша жиып, осындай кәсіп ашсам ба деп ойлағанмын. Қазір, шүкір, дегенімізге жеттік. Бәрі осы тойдың арқасы. Өнердің арқасы. Қалған сомамды да осы той арқылы жидым. Сөйтіп, міне, ойлаған мақсатыма жеттім. Алға мақсат қоя білу, мақсат қойып қана жүрмей, соған ұмтылып, әрекет ету керек. Сонда ғана жетістікке жетуге болады. Қазір кішкене кәсібімізді дөңгелетіп, тәй-тәй басқан қадамдарымызбен кеңейіп келеміз. Бәрі осындағы мамандардың біліктілігінің арқасында. Бәрі дерлік ауданымыздың азаматтары. Өз ауданымыздың азаматтырына жұмыс орнын ашу, мүмкіндік беру де кәсіпкерге жүктелген міндет. Мехниктеріміздің мықты болуының арқасында ісіміз оңға басып, аяққа тұрып келеміз. Егер маман нашар болса, бұл істе алысқа шаппайсың. Осындағы мамандардың мықты болғанына қарай, адамдар көлігін жөндету үшін кезекке тұрып жатады. Бұл сапалы сервистің көрінісі деп ойлаймын. Келген адамға сапалы қызмет ету басты мақсат. Сонда ғана бизнес өседі, сонда ғана жемісін көреміз.
Сұхбаттасқан – А.СҮЛЕЙМЕН.